Сұрақ: Исламда суицид туралы не айтылған?
Жауап: Суицид – латын тілінен аударғанда «өзін-өзі өлтіру», «өзіне қол жұмсау» дегенді білдіреді. Суицидке өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер, агрессияға бейімдер, депрессияға тез салынғыш, өзіне қол жұмсауға итермелейтін смартфон ойындарына тәуелденгендер, қиын жағдайға түсіп өлуден басқа жол жоқ деп санайтын адамдар бейім болады. Бұл кезең адам өміріндегі ең қиын кезең болып саналады.
Ислам шариғатында өз-өзіне қол жұмсау – ауыр күнәлардың бірі. «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Сондай-ақ, өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге өте мейірімді» деген.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар»; «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа…» деген.
Адамның жаны, тәні, өмірі – Алла тарапынан берілген аманат. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Адамның басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Алладан күдер үзбей, жақсылықтан үміт еткеніміз қайырлы іс!
Икрам АЙТАЕВ