Сұрақ: Исламда сөйлеу әдебі туралы не айтылған?
Жауап: Мұсылман адам қоғамда барлық жағынан үлгі болуы қажет. Сол үшін оның әрбір амалы, сөзі, әрекеті, қарым-қатынасы әдеп ережелерімен белгіленген.
Құран аяттары мен хадистерде дұрыс сөйлеуге жігерлендіретін, сөзде абай болу керек екенін ескертетін мәтіндер жетерлік. Мысалы, Құранда мынадай аят бар: «Бір сөз айтса болды, касында дайын бақылаушы тұрады» (Қаф: 18).
Аятта айтылған «бақылаушы» адамның айтқан жақсы және жаман сөздерін, оның амалдарын жазып отыратын екі періштенің бар екенін айтып отыр. Мұндай хабарды білген адам өзінің сөйлеген сөзін, жасаған амалын, қарым-қатынасын бақылауында ұстайды.
Әбу Һурайраның (р.а.) сөзінен алынған риуаятқа сәйкес Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Шындығында, пенде өзі мән бермей Алла разы болатын сөз айтқаны үшін Алла оны (көп) дәрежелерге көтереді. Сол сияқты пенде өзі мән бермей Алланың ашу-ызасын келтіретін сөз айтады, бұл үшін ол тозаққа тасталады» (Бұхари).
Сол үшін мұсылман бір нәрсе туралы сөйлеген уақытта төмендегі сияқты әдеп нормаларын сақтауы тиіс:
– Мұсылман тек жақсы сөздерді ғана сөйлеуі керек және қандай жағдайда да харам сөздерді айтудан тыйылуы тиіс. Алла Тағала мұсылмандарды сипаттап: «Олар бос сөздерден аулақ болады», – деген (Муминун: 3). Мұндағы «бос сөздер» – басқа адамдардың намысына тиетін өтірік-өсек, ғайбат сияқты соған ұқсас сөздердердің барлығын қамтиды.
– Исламда рұқсат қылынған сөздердің өзін де мөлшерлеп айту. Себебі айтылуы рұқсат сөздердің шектен тыс көп айтылуы кейде мәкруһқа апаруы мүмкін. Ибн Омар (р.а.) жеткізген риуаятта пайғамбар (Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы еске алатын сөздер болмаса, басқа сөздерді көп айтпа, шындығында, Алланы еске алмай көп сөз сөйлеу жүректің мейірімсіз екенін көрсетеді. Ал мейірімсіз жүрек Алладан алыс болған адамдардың бірі», – деп айтқан (Термези).
Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Кім көп сөйлесе, көп қателіктерге жол береді, ал кім көп қателессе, көп күнә жасайды, ал күнәсі көп адамға ең лайықты орын – тозақ», – деп айтқан екен.
– Қажет болған жағдайда, әсіресе, жақсылыққа шақыру үшін, басқаларды теріс нәрседен қайтаруда, әділдікті түсіндіруде сөз алу және т.б.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ