Сұрақ: Көк байрағымызды басқа жер қалмай, енді сахнада мазақ қылатын жастарымыз шығып жатыр. Жалпы асыл дінімізде мемлекеттік рәміздерге деген құрмет қандай?
Жауап: Кейбір діни-наным мен ағымдарда, секталарда мемлекеттік рәміздерге құрмет қорсетілмейді, әскери борыш та міндет саналмайды. Сол үшін ондай наным түрлерінде ел бірлігі, халық тұтастығы деген сияқты түсініктер жоқ. Олар тек өздерімен пікірлес немесе өздерін жақтайтын ағым өкілдерін, сектанттарды ғана қолдайды.
Сол үшін олар қоғамды «біз» және «басқалар» деп бөледі. «Өздерінен» басқаларға құрмет көрсетпейді, дөрекі мәміле жасайды. Мүндай ағымдар қоғамның гүлденуіне, халықтар татулығы мен бірлігіне оңды әсерін тигізе қоймайтыны анық.
Ислам мұндай ұстанымдарды қолдамайды. Исламда Отан, әскери борыш, мемлекеттік рәміздер сияқты ұғымдардың орны айрықша. Ту – белгілі бір ұлттың намысы, мақтанышы, еркіндігі мен батырлығының символы. Ұл өзінің туымен мақтанады, оны абырой тұтады. Мұсылман әскерінің арасында ту көтеретін арнайы һәм таңдаулы жауынгер болған. Туды ұстау үшін сарбаздың абыройы мен беделі қажет еді. Туға ерекше мән берілген.
Мысалы, Хайбар соғысы кезінде үлкен ерлік көрсеткен хазірет Әлиге туды пайғамбар (с.ғ.с.) өз қолымен тапсырған. Сол сияқты Пайғамбар (с.ғ.с.) 629 жылы мұсылмандар мен византиялықтардың арасында болған Мутә шайқасына әскерін шығарып салып тұрып, әскербасы Хазірет Зәйдке туды тапсырып: «Егер шейіт болып кетсең, туды Жағфар алады» деп өсиет етеді.
Расында да шайқас барысында Зәйд шейіт болып, ту пайғамбар айтқандай Жағфардың қолына тиеді. Соғыста туды ұстап жүрген Жағфардың оң қолы кесіліп қалады. Ол оны сол қолына алып, шейіт болғанша туды жерге түсірмеген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ