Бүгінгі күні ақпарат желілерінде Исламда әйелді ұруға болады екен, шариғат үкімдерінде оған негіз бар деген секілді әңгіме тарап жатыр. Әйелді ұруға болады дегендер негізінен Халифа Алтайдың Құран аудармасындағы «сабаңдар»[1] деген сөзіне және Мұхаммед Шыңғыс қажы және Ермек Мұхаммедқалидің Құран Кәрім қазақша сөзбе-сөз аудармасындағы «жеңілірек ұрыңдар»[2] деген сөзіне сүйенеді.
Алланың сөзі болған Құран Кәрімде расында әйелдерді сабаңдар деген сөз бар ма? Енді осыған жауап іздеп көрейік. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан жеткен бір хадисте: «Мүміндердің иман жағынан ең кереметі, олардың мінез-құлқының (ахлақты) жақсы болғаны. Ал, олардың ең жақсысы – әйелдеріне қайырлы болғаны. Әйелін ұрған адамның қияметте дұшпаны мен боламын. Әйелін ұрған адам Аллаға және Оның Елшісіне дұшпан болады.»[3] – деп бұйырылады.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз қоштасу құтпасында «Әйелдердің құқықтарына құрметпен қарауға және бұл тұрғыда Алладан қорқуға кеңес беремін. Сендер әйелдерге Алланың аманаты деп қараңдар. Олардың ар-намысын, ұятын Алла атынан уәде беріп өздеріңе адал етіңдер. Сендердің әйелдеріңнің алдында, әйелдердің де сендердің алдарында құқықтары бар. Сендердің әйелдеріңнің алдындағы құқықтарың – олардың отбасы ынтымағын сақтау, әрі сіздердің жақсы көрмейтіндеріңізді өзгеге табалатпау»[4] деп өсиет қалдырды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмметіне осылайша бірнеше мәрте ескерту жасаған болса, демек оның сөздері Құранға қайшы келмеуі керек. Құран мен Пайғамбарымыздың сөздері бір-біріне қайшы келеді деу ақылға да қонбайды.
Құран Кәрім осы мәселеге не дейді, соған талдау жасап көрейік. Әйелдерге қол көтеруге болады дегенге Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 34-аятындағы «дараба» сөзі дәлел ретінде көрсетіледі. Енді, осы аятқа толығымен талдау жасап, түсініктеме бергенде «дараба» сөзінің сабауға болады деген мағынадан алшақ екенін көре аламыз. Жоғарыдағы аят: «(Ерлі-зайыпты) Еркектер әйелдерден үстем әрі билеуші. Өйткені Алла, ізгілік тұрғысынан артық қылды, (Ерлер әйелдеріне мәһір және нәпақа беруді міндеттеді. Оларды) мүлкінен пайдаландырды. Бой ұсынушы жақсы әйелдерді Алла ерлеріне (абыройын) қорғауды бұйырды. Бағынғысы келмейтінінен сезіктенсеңдер, насихат етіңдер. (Насихаттағы мақсат, ажырасқысы келетін әйелдерге ерлердің жанұяны сақтап қалуы үшін айтылған. Бұған да көнбейтін болса, ажырасу мақсатында) төсектерінде жалғыз қалдырыңдар (әйелдер төсектерінде жеке қалып, жалғыздықтың зардабын тартсын және иддет уақытының басталуы), өздерін азаптасын» – деп келеді.
Міне, осы жерде мұқият қарауды қажет ететін тұстар бар. Үңіле қараған адам көптеген аудармаларда «ұру» сөзі ретінде қолданылған, жеке түрде қолданғанда ұру мағынасын беретін «дараба» сөзінен кейін мойынсұну мағынасын беретін «атаға» сөзі келетінін көре алады. Ал, араб тілінде ұру және мойынсұну сөздері бір тіркесте келсе, «дараба» сөзінің ұру деген мағынасы өзгереді. Өйткені ислам құқығында ұрып немесе қорқытып мойынсұнған адамға (Икрах) мәжбүрлеу десе, ал өз еркімен сеніп мойынсұнған адамға (Икрар) мойындау деп айтады. Сондықтан, аятта «өз еркімен мойынсұнсаң» деген сөз келетіндіктен мәжбүрлеу бар деп айта алмаймыз. Аталған аят: «Егер олар (өздерінің разылығымен сендерден ажырасудан бас тартса) мойынсұнса, (мені ренжіттің енді сенімен қайта жанұя құрғым келмейді деп) оларға жәбір көрсетпеңдер. Шын мәнінде мәнінде Алла бәрінен үстем әрі Ұлы».[5] деп бітеді. Ал 35-аятта, ерлі-зайыптылардың жанұясының бұзылып кетуінен қауіптенсеңдер, еркектің тумасынан бір әділ төреші, әйелдің тумасынан бір әділ төреші жіберіп жарастырыңдар деген мағынада насихат айтылған.
Жоғарыда айтылғандай, Құранда келтірілген кейбір сөздер, сөйлемдегі тіркесіне қарай мағынасын да өзгертіп отырады. Мысалы, жоғарыда айтылған «дараба» сөзі, «Нұр» сүресінің 35-аятында орамалға қатысты жабу немесе жасыру деген мағынада қолданылған[6].
«Ниса» сүресінің 101-аятында «дараба» сөзін сапар намазын қысқартып оқуға қатысты «сапарға шыққан кездеріңде»[7] деп берген. Бұған ұқсас мағынада «дараба» сөзі Құран Кәрімде тағы да бірнеше жерде айтылатынын көре аламыз. Бұл жерде айтпағымыз «дараба-ұру» сөзінің мағынасы қолданылған етістікке және жалғауларға қарай өзгеріп отырады.
Қазақ тілінде жолдан шаршап келген бір адам «жол ұрып тастады» деген сөз тіркесін қолданады. Жолдың адамды ұра аламайтыны, өйткені ол жанды тіршілік емес екені анық. Мұндағы мақсат жолдан шаршағанын білдіру мақсатында қолданылып отырғанын барлығымыз түсінеміз. Яғни, қазақ тілінде ұру сөзі шаршау деген мағынада қолданылған. Сол секілді араб тілінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни, бір сөзді көре сала «Құранда әйелдерді ұрыңдар деп жазылған» екен деп даурығуға еш негіз жоқ.
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-бабаларымыз отбасын сақтау үшін әйелді ұру былай тұрсын «балаларыңның алдында әйеліңді жекіме, жұрттың алдында балаларыңды жекіме» деп жекудің өзін ұят санаған. Сондықтан, Алладан және ақырет күнінен қорықсаңыздар әйелдеріңізге жұдырықты ала жүгірудің орнына көркем сөзбен түсіндіруге тырысыңыздар. Болашағы бұлыңғыр елдің жанұясынан берекеті кетеді демекші, Алла жанұямызға бекем болуды жазсын!
Исатай Бердалиев
Ислам Құқық ғылымдарының докторы
[1] Халифа Алтай Құран Кәрім қазақша аудармасы, https://kuran.kz/sureler/4
[2] Мұхаммед Шыңғыс қажы және Ермек Мұхаммедқалидің Құран Кәрім қазақша сөзбе-сөз мағынасы, бет 85.
[3] Ахмет бин Хамбел 7406, Тирмизи 1162, Ибн Хиббан 4176, Албани Сахиха 284 хадистерінде айтылған.
[4] Пайғамбарымыздың Қоштасу құтпасынан үзінді.
[5] Ниса сүресі 34-аят.
[6] Бұл жайында кеңінен сөздік мағынасына Мұхаммед Шыңғыс қажы және Ермек Мұхаммедқалидің Құран Кәрім қазақша сөзбе-сөз мағынасы, бет 354.
[7] Мұхаммед Шыңғыс қажы және Ермек Мұхаммедқалидің Құран Кәрім қазақша сөзбе-сөз мағынасы, бет 95.