Сұрақ: Исламда ғайбаттың күнәсі жайында не айтылған?
Жауап: Дәстүрлі Ислам – мейірімділік пен татулық діні. Дәстүрлі дініміз бен салт- дәстүрімізге мүлде ұштаспайтын дүниелер бар. Олар: жала жабу, өсек, өтірік айту, ғайбаттау, біреудің ақысын жеу. Мұндай жаман қасиеттердің салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді.
Ғайбат айту – дінімізде үлкен күнәлі істерден саналады. Қазақ мақалдарында: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?» деген мақал-мәтелдер жай айтылмаған.
Ғайбаттау, жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі» деп жауап қатады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың» дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?» деп сұрақ қояды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның» деп жауап берген.
Баршамызды береке-бірлігіміз бен адамдық қасиеттерімізге сызат түсіретін өсек, өтірік, ғайбат, жала сынды дүниелерден аулақ болайық.
Икрам АЙТАЕВ