Сұрақ: Исламда дипломатия бар ма?
Жауап: Коммунизмнің жетпіс жыл бойы дінді қаралау саясатынан кейін кейбір адамдар көптеген дүниелер Исламда мүлдем болмаған немесе дін үшін жат шығар деп ойлайды. «Дипломатиялық қатынас Еуропадан келген» деген ой соның бірі.
Мәдина Конституциясының мәтінін құрастырған пайғамбар (с.ғ.с.) оның құқықтық әрі дипломатиялық құжаттарды жақсы түсініп, жетік білгенін көрсетеді. Мысалы, Мәдиналық келісім көршілік бейбіт қатынастарды да қамтамасыз етті. Кез келген мемлекет үшін ішкі тұрақсыздықтан басқа ең қауіпті фактор – көршілес елдерден келетін түрлі қауіп-қатерлер. Осыны негізге алған пайғамбар (с.ғ.с.) мемлекетпен шекаралас әрбір көршімен бейбіт өмір сүруді көздеп, олармен достық қарым-қатынас орнатуды көздеді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) құқықтық Мәдина мемлекетін құрған шақта оның айналасындағы көршілері мұсылман емес, сенімі басқа пұтқа табынушы тайпалар екенін жақсы білген. Олар тарапынан келеңсіз шабуылдардың алдын алу әрі олармен достық қарым-қатынасын құру мақсатында пайғамбар алғашқы жылдары Бәну Дамра, Мудлиж, Ғифар және Жухайна сияқты тайпаларымен жеке келісімдер жасады. Бұл келісімдер көршілермен орнаған бейбіт өмірді нығайтып, сыртқы қауіп-қатер кезінде де одақтастық қатынастарды қамтамасыз етті. Осы тайпалардың көмегімен Мәдинаға қарсы бағытталған ықтималы бар қауіп-қатерлердің алды алынды.
Бұған қоса мұндай келісімдер шөлде өмір сүрген халықтар үшін тіршіліктің аса маңызды көзінің бірі сауданы дамыту үшін де шешімді рол атқарды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ