Сұрақ: Исламда діни сенім бостандығы қаралған ба?
Жауап: Дәстүрлі Исламда дінді зорлықпен қабылдату жоқ. Әр адам иман, Исламға өз қалауымен, ықыласпен келуі керек.
Құран Кәрімде: «Дінде (хақ дінді үгіттеуде және қабылдауда) зорлық жоқ, (өйткені) тура жол мен теріс жолдың, ақиқат пен жалғанның ара жігі толық ажырады», десе, басқа бір аяттарда: «Егер Жаратқан Иең қалаған болса, адамдардың барлығы бір үмбет (бірдей сенімде) болар еді. Бірақ олар үнемі әртүрлі жолды ұстануда», «Егер Жаратқан Иең қаласа, жер бетіндегі адамдардың барлығы тегіс иман келтірер еді» деп баяндаған. Сондықтан дінді таңдау мен қалау әр адамның өз еркінде, Ислам тарих беттерінде дінге зорлықпен кіргізу болмаған.
Ал радикалды Ислам атын жамылған діни топтардың іс-әрекеттері дін негіздеріне жатпайды. Ар-ождан, діни сенім бостандығы әр адамның фундаментальды құқығы ретінде Атазаңда да бекітілген. Бұл құқыққа қол сұғуға заңдық және құқықтық негізде де жол берілмейді.
Икрам АЙТАЕВ