Сұрақ: Исламда қандай «ұялшақтық» айыпталады?
Жауап: Егер адамның бойындағы ұялшақтығы оны бұзық істерге жібермесе, онда мұндай ұялшақтық мақтауға тұрады. Бұл жоғары адамгершілік қасиетке жатады, өйткені ұяттың бұл түрі адамның иманын кемелдендіре түседі және жақсылықтан басқа нәрсе әкелмейді.
Ал егер ұялшақтық ақыл-парасат шегінен шығып, адамды асып-сасуға, абыржуға апарса, ұялмайтын нәрседен ұялып әлек болса, онда мұндай «ұяттың түрі» исламда айыпталады. Себебі ондай «ұяттың түрі» білім алуға, адамның өз құқығын талап етуіне кедергі келтіретін орынсыз ұялшақтық пен артық жасқаншақтыққа айналады. Әуелгілер орынсыз ұялшақтық – жасқаншақтың белгісі деп айтып кетіпті.
Бір күні Имран ибн Хусейн (Алла оған разы болсын) Бишр ибн Кағб әл-Ғадауи есімді ғалымға пайғамбардың (с.ғ.с.) ұятқа қатысты айтқан хадистері туралы айтып, ұяттың пайдасы жайында түсіндіреді. Әңгіме соңында Бишр ибн Кағб:
– Расында біз кейбір кітаптардан «ұялшақтық тыныштық әкеледі» және «ұялшақтық пендені Алла алдында лайықты түрде ұстауға жәрдемдеседі» дегенді оқимыз. Сондай-ақ, кейбір кітаптарда ұятқа қатысты «ұялшақтық – әлсіздікке әкеледі» деп те жазылған – деп өз ойын айтады. Мұны естіген Имран (Алла оны рахым етсін) ашуланып:
– Мен саған Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөздерін жеткіздім, ал сен бұған қарсы сөйлейсің! – дейді.
Имранның (Алла оған разы болсын) ашуланып түсіндірмек болғаны – пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұялшақтық туралы айтқанда, ізгі, игі, жақсы нәрселерді орындауға ынталандыратын және жаман амалдардан сақ болуға шақыратын қасиетті айтып отыр. Біз кейде ұялшақтықпен шатастырып алатын артық жасқаншақтық, ынжықтық, орынсыз тартыншақтық – шынайы ұялшақтық емес.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы
Ұяты бар адамның бойында иманы да бар деп есептеймін.