Санаулы күннен кейін Астанада төрткүл дүние көз тіккен Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталады. Апта бойы Арқа төсінде этноспорт Олимпиадасының туы желбіреп, көшпелі халықтардың көшелі өркениеті әлем назарына ұсынылмақ. Бұл ретте этноспорт түрлері екпін алып, биік белестен асуы үшін Ұлттық спорт қауымдастығы құрылып, бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2022 жылы Ұлттық спорт қауымдастығына «Алтын қыран» қорының президенті Исламбек Салжанов сайланды. Іргелі істің шаруасын екі жылдан бері тізгіндеген басшыдан ұлттық ойын түрлері өрісін ұлғайту бағытында атқарылған һәм келешектің еншісіндегі жоспарды сұрадық.
– Ұлттық спорт қауымдастығындағы екі жылғы еңбегіңіздің нәтижесі қандай? Қандай тың жаңалықтар бар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отыр. Соның жарқын мысалы – биыл күзде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Дүбірлі додада 90-ға жуық мемлекеттің спортшылары бақ сынайды. Мұндай ауқымды аламанды әлемдік деңгейдегі Олимпиада ойындарымен де шендестіруге болады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын елімізде өткізу туралы шешім қабылдаған сәтте Президент тек халықаралық іс-шара ұйымдастыру үшін емес, ұлттық спортымызды кеңінен насихаттай отырып, ұлтты ұйыстыру идеясын негізге алды деп ойлаймын. Ұлттық спорт – халқымыздың ынтымақтастық рухын күшейтуге, бір мүдде жолында бірлігін нығайтуға септігін тигізетін бірегей құндылық. Бүгінгі ізгі мақсат жолында төгілген тердің жемісін болашақ ұрпақ көреді.
– Көшпелілер ойындары бізге не береді деп ойлайсыз?
– Өздеріңіз білетіндей, Президент тапсырмасымен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының эстафетасын Түркиядан Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы, ұлттық спортымыздың жанашыры Ерлан Қошанов елімізге жеткізген еді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын ұйымдастырудан ұлттық спортымыз ұтпаса, ұтылмасы анық. Біріншіден, біз көшпелілер өркениетінің бір бөлшегі екенімізді, біздің мақтан тұта алатын өз ерекшелігімізге сай ұлттық спортымыз бар екенін еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін хабардар еттік. Бұлай дейтініміз, жақында облыстарға арнайы журналистер жіберіп, сауалдама жүргіздік. Халық арасында елдің көшпелілер ойындары туралы ақпараттан хабары бар ма деген сұраққа жауап іздедік. Нәтижесі көңіл марқайтады. Халық құлағдар, қызығушылығы жоғары, тамашалауға ниетті. Екіншіден, ұлттық спортпен айналысып жүрген спортшыларымыз үшін төл өнерді өрістету зор мәртебе, халық үшін маңызды саналатын ұлттың руханияты жаһандану дәуірінде де үнемі Мемлекет басшысының назарында екенін айқындайды. Үшіншіден, Астанада күрделі жөндеуден өткен «Қазанат» ипподромы мен спорт кешендері ұлттық спортымыздың тұрақты дамуына серпін берері сөзсіз. Енді елордада ұлттық спорттың қай түрінен болсын халықаралық стандартқа сай қандай сайысты да өткізуге қауқарымыз жетеді. Төртіншіден, Көшпелілер ойындарының нәтижесінде ата-аналар балаларын ұлттық спорт үйірмелеріне көптеп әкеле бастайды. Этноспорт додасының басты нәтижесі осы.
– Расында, ата-аналар балаларын ұлттық спорт үйірмелеріне жаздырса, басты көрсеткіш осы екені анық. Ұлттық спортымыздың қай түрі жастарымыздың ерекше қызығушылығын тудырып отыр?
– Төл ойын түрлері қашан да ұлттық кодымызды айшықтайтын тілімізбен һәм мәдениетімізбен қатар өрбиді. Сондықтан жастарымыздың қызығушылығы заңдылық деп есептеймін. Осы тұста жастарымыздың ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануына қолдау көрсетіп келе жатқан Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың еңбегін атап өткен жөн.
Ұлттық спортымыздың қай-қайсысы да қанат жайып, дамуына әлеуеті мол. Дегенмен бұқаралық сипатқа ие тоғызқұмалақ пен садақ ату деп ойлаймын. Садақ ату федерациясы құрылғанымен, клубтық деңгейде әркім өз күнін өзі көріп келген екен. 2022 жылы барлық клубтың басын біріктіріп, ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сол іс-шараға 183 садақшы мерген қатысса, бүгінде садақ атумен кәсіби түрде шұғылданушылар қатары 5 мыңға жетті. Қазіргі таңда садақ ату спортының дамуы, таралу көкжиегі қарқын алып келеді. Бұған бір ғана мысал айтайын. Түркия мемлекеті садақшылар арасында «Fetih Kupası» (Жеңіс кубогі) халықаралық турнирін ұйымдастырады. 10 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан сайысқа әлемнен мыңға тарта мерген қатысады. Түрік стилімен өтетін додада садақшылар адырнасын кере жебесін алыстағы нысанаға атудан тартысқа түседі. Міне, осы айтулы додада астаналық садақшы қыз Айкөркем Батихан чемпион атанды.
«Дәстүрлі садақ ату» республикалық федерация басшысы Айдос Мұқатаевтың жұмысы көңілімізді марқайтып, спортшыларымызды жаңа бастамаларға бастап жүр. Тағы бір атап өтетін жайт, жастарымыз алдыңғы буын ағаларына еліктеп, солар шұғылданатын спортқа үйір келетінін көріп жүрміз. Садақ атуға жастарымыздың қызығуына әлеуметтік желіні тиімді пайдаланатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің садақ атумен айналысатыны белгілі бір дәрежеде өз септігін тигізді.
Тоғызқұмалақ ойыны жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл бағытта тәжірибесі мол, өз ісінің маманы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің еңбегін атап өткен жөн. Әлихан Мұхамедияұлы жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нәтижесінде бүгінде елімізде тоғызқұмалақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған. Жалпы, әлемнің 50 мемлекетіне тоғызқұмалақ таралып отыр.
Тағы да ақжолтай жаңалығымыз, ұлттық спортты студенттер арасында әйгілеу мақсатында жастардың ұсынысымен «Ұлттық спорт студенттер лигасын» құру жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша Ғылым және жоғары білім министрімен кездесу өтіп, Туризм және спорт министрлігімен де келісім жүріп жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 100-ден аса университет бар. Ол жерде 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Осы жоба аясында жастарымызды ұлттық спортқа тарту көзделіп отыр.
Ал жалпы алғанда болашақта ұлттық спортымыздың Олимпиада ойындарына ұсынуға сұранып тұрған спорт түрлері бар. Бұл – «Аударыспақ» пен «Жамбы ату». Бұл шаруаны көшпелілер ойындарын аман-есен өткізіп алған соң арнайы талқылаулар өткізуге құжаттарымызды әзірлеп жатырмыз. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
– Исламбек Төлеубайұлы, аударыспақ пен жамбы ату туралы айтып қалдыңыз. Ат спортына қатысты пікіріңізді айтсаңыз…
– Ат спорты Ұлттық спорт түрлерінің арасында қоғам назарын ерекше аудартып, көптің қызығушылығын арттырды. Жыл сайын кәсіби айналысатын спортшылар саны еселеніп, жанкүйерлер қатары ұлғайып келеді. Осы бағытта Қанат Көпбаев басқаратын республикалық «Бәйге» федерациясының жүйелі жұмысын тілге тиек етеміз.
Ұлттық кодымызды айшықтайтын ат спортын әлі де жүйелі түрде дамыту үшін заман талабына сай кезек күттірмейтін бірқатар батыл қадам жасалуы қажет.Ең алдымен ат спорты әлемінде қолтума қазақ жылқысына жол ашу. Қолтума қазақы жылқысына жаңа серпін беретін кез келді. Тынысы ұзақ қашықтықта ашылатын қазақы қолтума қазанаттар бәйге атауынан тыс қалып, әрі кетсе мініске, қала берді соғымға, ас пен тойға сойылып жатыр. Тарихи әділетсіздіктің дәмін татқан қазақы қазанаттардың тұқымы ұмыт қалып, елдің жадынан алыстағаны ұлтымызға, елдігімізге сын. Сондықтан болашақта бәйге жарыстарының қашықтықтары қайта қаралуы керек. Аламан бәйгесі арқылы Адай, Қостанай, Меркі, Көшім, Найман, Әулиеата және Жетісу жылқы тұқымдарын ел жадында қайта жаңғыртудың мүмкіндігі бар екенін айрықша атап өткен жөн.
Осыған қатысты бір қызық мәлімет келтіре кетейін. Жақында АҚШ Конгресінің кітапханасында 1898 жылы жарыққа шыққан А.Шахназаровтың «Очеркъ сельского хозяйство Туркестанского края» деп аталатын кітабын таптық. Аталған жәдігерде қазақтың Әулиеата, Сайрам, Қарабайыр, т.б. жылқы тұқымдары туралы кеңінен айтылған. Бір қызығы, бұл тарихи деректер біздің кітапханалардан мүлдем кезіктіре алмайсыз. Тіпті Жамбыл облысында Әулиеата жылқысы туралы ауыл ақсақалдарынан сұрастырғанымызда хабарсыз болып шықты.
– Керемет жаңалық екен. Бұл кітапты бізге де танысуға берсеңіз. Жоғарыда айтылған ұсыныстарыңыз негізінен бәйгеге қатысты болды. Ал көкпарды дамыту қалай қарқын алып келеді?
– Әрине, береміз, өз тарапыңыздан осы тақырыпта арнайы журналистік зерттеу жүргізсеңіздер болады. Ал көкпар туралы айтатын болсақ, бұл бағытта да Бауыржан Исабаев басқаратын республикалық «Көкпар» федерациясымен жүйелі жұмысты қолға алып отырмыз. Көкпардағы мақтан тұтып айтатын үлкен жетістіктердің бірі Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ұлттық құрамамыз чемпион атанды.
Десек те, бұл салада бірқатар мәселені көтеріп отырмыз. Ең алдымен, көкпар ойындарын жүйелеу және қауіпсіздікті күшейту маңызды. Көкпарда қауіпсіздік мәселесін қолға алу қажет. Адам өмірі ең басты құндылық екенін ескерсек, спортшының жарақат алуы қайғылы оқиғаға ұласпауы керек. Жазатайым ірілі-ұсақты жарақат болып жатса, ем-домына жұмсалған шығынын өтеуге шабандоз өмірін сақтандандыру жолдарын қарастырып жатырмыз.
Сонымен қатар көкпарға мінілетін жылқыларға да осы талаптарды енгізген дұрыс. Жалпы, көкпар ойындарындағы қауіпсіздік мәселесін шешу үшін біркелкі жүйе болғаны жөн.
– Қауымдастықтың құрамына кіретін федерациялардың бірқатар басшысы туралы жылы пікір білдірдіңіз. Олармен жұмысты қалай үйлестіріп келесіздер?
– Әр спорт бойынша федерация басшылығын ұлттық идеяға ұйысатын, төл спортымызды жүрегімен сезінетін, обал-сауабын түйсінетін азаматтарға аманаттап тапсырдық. Мысалы, Жамбы ату федерациясының президенті лауазымына кәсіпкер азамат Еркебұлан Ілиясов тағайындалғалы осы спорт түрінен саңлақтар бірнеше халықаралық турнирге қатысып, бағын сынады. Мажарстанда, Түркияда, Моңғолияда, Араб елдерінде, Румынияда өткен халықаралық турнирлерге қатысты. Шымкент қаласында әлем кубогін өткізгенде жамбы атудан біздің басты қарсылас Араб елдерінің мергендері екеніне көзіміз жетті. Бұл түбекте жамбы ату спорты қарқынды дамып келеді.
– Білуімізше, жамбы атудан халықаралық турнир бірнеше елдің стилі бойынша өтеді ғой?
– Жамбы атудың әлемдік додасы төрт стиль негізінде ұйымдастырылады, яғни қазақ, кәріс, мажар, түрік стилі. Бірақ бұған дейін төрт стильде бірдей өтетін халықаралық сайыста ешбір спортшы нысананың барлығына да тигізе алған емес. Отандасымыз Ералхан Айкөз тұңғыш болып төрт стильден де оғы мүлт кетпей рекорд орнатты.
Теңге ілу федерациясының да жұмысы жанданып келеді. Азия кубогін, Азия чемпионатын өткіздік. Тұңғыш рет ұйымдастырылған құрлық додасына 10 мемлекеттен спортшы қатысты. Теңге ілу халықаралық деңгейде де дәріптеліп, дамып жатыр. Моңғол, қытай, қазақ стилі бойынша синтезді сайыс түрі қолданысқа енуі мүмкін. Сосын теңге ілуге мінілетін жүйрігінің бойы 160 сантиметрден жоғары болмауы керек. Аттың шабысын, шабандоздың теңгені жерден ілудегі ептілігін лазерлік технологиямен бағалау іске қосылады. Осындай игі істің басында республикалық «Теңге ілу» федерациясының басшысы Аманкелді Әбдіқадыров тұр.
Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып отырмын? Біз әр федерацияға тізгін, шылбырын еркіне беріп, дамыту стратегиясын құруды да өздеріне жүктедік. Демеуші тарту, жұмысты жүйелі өрістету ісін әр федерация өз бетінше жүргізіп келеді.
– Атадан мирас болып қалған құсбегілік туралы не айтасыз?
– Құсбегілік бағыты жүйелі дамып, 2022 жылы елімізде тұңғыш рет құсбегіліктен әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Айтулы додаға 7 мемлекеттен спортшылар қатысқан еді. Отандық спортшыларымыз «Бүркіт», «Қаршыға», «Ителгі» сайыс түрлерінен чемпион атанды. Алдағы Көшпелілер ойындарында спортшыларымыз жүлделі болады деген үміттеміз.
«Құсбегілік» федерациясының қысқа мерзімде осындай ауқымды көрсеткіштерге қол жеткізуі ең алдымен сол федерацияның басшысы Берік Уәлидің еңбегі деп білемін.
– Аударыспақта қандай нәтижелер бар?
– Жоғарыда атап өткендей, аударыспақтың болашақта олимпиада бағдарламасына енуіне әлеуеті молынан жетеді. Біздің спортшыларымыз әлемдік додаларда алдыңғы сапта келеді. Мәселен, Азия кубогінің командалық есебі бойынша 1-орын иеленсе, II Әлем чемпионатында командалық есепте 1-орынға қол жеткізді. Әлем кубогінде 3 алтын, 3 қола медаль олжалады. Осындай көңіл көншітетін көрсеткіштерді «Аударыспақ» федерациясына Марат Жұманның сайлануымен байланыстырамыз.
– Асық атудың бұқаралық спорт түріне айналуға мүмкіндігі бар ма?
– Бар болғанда қандай! Бір мысал келтірейін. Естеріңізде болса, Франция Президенті Эмманюэль Макрон елімізге келген сапары аясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен асық ойнап, сақа атып, мергендігін сынаған еді. Президенттер деңгейінде ойналатын асық ойыны бұқаралық сипатқа да ие болады десек артық етпес.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жыл сайын өткізіп келе жатқан спартакиадасында асық ату бөлек спорт түрі ретінде бекітілген. Бұл спаратакиадаға «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «KEGOC» және т.б. ұлттық компаниялардың мыңдаған қызметкері қатысады. Мұны жақсы үрдіс деп бағалаймыз.
Тағы бір мысал, асық ату жалпы білім беру бағдарламасына енгізілген. Елімізде асық атумен кәсіби тұрғыда 80 мыңға адам шұғылданады. Бұл – әрине, федерация басшысы Аслан Сұлтановтың еңбегінің жемісі.
– Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді.
– Бұл дүбірлі дода, «Amanat» партиясы мен Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен 3-7 қыркүйек аралығында халықаралық деңгейде өтеді. Ауқымды бәйгеге Иран, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей Федерациясы сынды алыс-жақын 10 мемлекеттен шабандоздар қатысады.
Тарихымызды жаңғырту мақсатында халықаралық марафон-бәйгені 5 мың жылдан аса уақыт бұрын адамзат баласының жылқы малын қолға алғаш үйреткен, өркениеттің бесігі атанған Солтүстік Қазақстан облысының Ботай елді мекенінен басталады. Ботай топырағынан басталған марафон-бәйгенің ұзақтығы – 500 шақырым. 7 қыркүйекте Астана қаласында мәресіне жетеді. Ұлттық спорт қауымдастығына кіретін «Joryq» республикалық федерациясы ұйымдастыратын марафон-бәйгеде жылқы жануарының төзімділігі мен шабандоздардың рухы сыналмақ.
– «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің шабандоздарына сәттілік тілейміз. Қазақ жылқылары сыналатын сәт осы болар. Исламбек Төлеубайұлы, сұхбатымыздың соңында қорытынды ойларыңызды ортаға салсаңыз деген ұсынысым бар.
– Жалпы, біздің Ұлттық спорт қауымдастығына келгенімізге екі жыл болды. Осы уақыт аралығында қатарымызға 4 федерация қосылып, саны 10-ға жетті. 10 федерацияның сегізінің басшылығына жас, ұлтжанды кәсіпкерлерді тарттық. Олар құр қол келмеді, екі жылда ұлттық спортымызға жеке қалталарынан 2,2 млрд қаржы құйып отыр. Бұйыртса, бірлікпен атқарылған жұмыстың нәтижесін Дүниежүзілік көшпелілер ойындары көрсетеді.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ