– Аға, қазір әлемде болып жатқан соғыстың барлығы мұсылман елдерінде. Ең өкініштісі мұсылмандар мұсылмандардың қанын төгуде. Бұл нені аңғартады?
– Бұл алпауыт елдердің ойыны. Неге терроршылар ислам дінінен шықты? Неге сол терроршылар өзге діндердің арасынан шыққан жоқ? Себебі, батыс елдері үшін исламның құндылықтары аса қауіпті болып отыр. Олар исламның адами құндылықтарынан үрейленеді. Ал мемлекеттің тұрақтылығын, тыныштығын бұзуға екі фактор әсер еті. Ол – ішкі және сыртқы факторлар. Егер мемлекеттің ішінде ауызбіршілік, татулық, тұрақтылық болса оған ешбір сыртқы күштердің ықпалы әсер етпейді. Әлгі біз сөз етіп отырған мұсылман мемлекеттерінде осы ішкі тұрақтылық болмағандығын сыртқы күштер пайдаланып отыр.
Сондықтан да біз секілді дамушы мемлекетке ішкі тұрақтылықты сақтау ауадай қажет. Батыс өзгелерге өзінің демократиясымен үлгі болғысы келеді. Бірақ, олардың ұстанып отырған демократиясы біз үшін тиімді емес. Олар, түрлі секталарға да, бір жыныстылардың үйленуіне де рұқсат бере береді. Ешкім билікке қарсы шықпаса, әркім өз бетімен бөлек-бөлек өмір сүрсе дейді. Сондай халықты басқару алпауыт державалар үшін тиімді. Қазір түрлі секталарын біздің елге де жіберіп жатыр. Ехова болсын, басқасы болсын қазір бәрі тыныш жүр. Ертең қауіп осылардан болмасына кім кепіл. Алла бетін әрмен қылсын, арада біраз жыл өткеннен кейін әр секта өз құқығын қорғап көшеге шықса, әлгі бір жыныстылар өз құқықтарын қорғап, «ойбай, Қазақстанда демократия жоқ. Құқымыз тапталып жатыр» деп шу шығарса батыс үнсіз отырады дейсіз бе? Жоқ. Демократия орнату үшін деп келіп араласа кетеді. Кез-келген ушыққан үлкен мәселелерге себеп болатын ең бірінші осы ішкі факторлар. Сондықтан Алланың берген уақыты бар кезде екі нәрсеге назар аударуымыз керек. Біріншісі ішкі факторларды күшейтуіміз керек. Ол үшін ұлттық болсын, тіл болсын, әлеуметтік болсын, саяси болсын кез-келген мәселелерде ши шығармайтындай орта буынды қалыптастыруымыз керек. Олай болмаған жағдайда араға от салып, жоқ жерден дау тудыратын паразит топтар алға шығып кетеді. Екінші мәселе, ағартушылықты күшейту керек. Ағартушылықтың ең басында тұратын ол – дін. Адамның ішкі соты болады. Оның аты – ождан. Кімде кім ішкі сотына яғни, ожданына бағынбаса біліңіз, ол адам заңға да, сотқа да бағынбайды. Адам өзінің кім екенін және кім жаратқанын білу керек. Алла әу баста адамды Халифа, яғни орынбасары етіп жаратты. Сол дәрежеге лайықты етіп өзге жаратылыстардан артықшылық берді. Ол артықшылық – сана. Алла адамды балшықтан жаратып оған өзі үрлеп дем берді. Демек, адам тән мен жаннан тұрады. Тән өзі жаратылған топыраққа қарай төмен тартады да, жан – Алланың демі, ол жоғарыға, биіктікке, кемелдікке ұмтылады. Міне, адамның бойында осылайша үнемі тартыс болады. Егер дінге берік болса, жан қалауы жеңіп шығады.
– Ағартушылықты қолға алу керек дедіңіз. Қазір сол оқып келгендер ел арасында дау мен талас-тартыстар тудырып жүрген тәрізді. Жалпы жастарымыздың шетелде діни білім алуына қалай қарайсыз?
– Тек діни білімді ғана емес, кез-келген саладағы білімді сырттан алғанды құптамаймын. Ол үшін жастардың білімдегі алғашқы іргетасын елімізде мықтап қалап алуымыз керек. Ұлттық болмысын, ұстанымын қалыптастырып алуымыз керек. Содан кейін ғана елден алған білімдерін сырттан жетілдіруге мүмкіндік берілу керек. Әсіресе дін саласында. Қазір бізде жастарға діни білімді толыққанды бере алатындай мүмкіндігіміз де, мамандарымыз да бар. Бұрын шет елде білімін жетілдіріп келген жастар бүгінде қалыптасқан ұстазға айналып үлгерді. Енді солар бізге діндегі ұлттық кадрларды даярлау керек. Дінді бір бағытта ғана, тек құлшылық ретінде қарастыра берсек, біздің ұлттық, тарихи, мәдени болмысымыз, байлығымыз жоғалып кетеді. Сондықтан дінді ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан да үйрету керек.
– Бізге ұлттық идеология керек деген сөз жиі айтылады. Қазір елімізде дінге бет бұрған жастар өте көп. Енді осы дін ұлттық идеологияның бір діңгегі бола алады ма?
– Әлбетте, дін ұлттық идеологияның бір тірегі. Дін – адамзаттың өмір сүру ережесі. Дінге құрмет деген Құранды сөренің биігіне қою емес, сонымен өмір сүру. Алла ештеңеге мұқтаж болмағандығынан жалғыз
. Ал адам қауымдаспаса өмір сүре алмайды. Қауымдастықтың да өз деңгейі болады, Мәселен, біздің қауымдастығымыз рулық, жүздік деңгейде болса әлемнің алпауыт елдеріне жұтылып кетеміз. Сондықтан бізге ұлттық деңгейде қауымдастық керек. Ал оның мықты тірегі – дін. Діннің тәрбиелік және қоғамдық функциясы бар. Тәрбиелік функциясы әркім өзінің нәпсісін тізгіндеп отырса, қоғамдық функциясы қоғамның ынтымағын, бірлігін қамтамасыз етеді. Қасиетті Құранда «Барлығың Алланың арқанына жармасыңдар» делінеді. Яғни, Алланың тура жолына, ынтымаққа, бірлікке жұмылыңдар дегені. Ол тура жол – иман. Демек, дін біздің бірлігіміздің ядросы.
– Еліміздегі дін саласындағы, ҚМДБ жасап жатқан жұмыстарына көңіліңіз толады ма?
– Мен қазір «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде қызмет жасаймын. Одан бөлек «Имамдар институтында» әр өңірлерден келген имамдарға дәріс оқимын. Дәріс барысында дін деген тек құлшылықпен ғана өлшенбейтіндігі, оның өмір сүру құралы екендігін түсіндірем. Мәселен, мен намаз оқимын, сен неге намаз оқымайсың? Сен кәпірсің деп шорт кесіп пікір айтуға болмайды. Әр адамның жүрегінде не бар екендігін тек бір Алла ғана біледі. Адамгершілік, сыйластық, құрмет деген дүниелер қазақ үшін еш жерде жазылмаған заңдылықтар бар. Мұндай қасиеттер біздің ұлтымыздың салт-дәстүрімен, болмысымен біте байланысып жатыр. Сондықтан осы бағытта дін мен қоғам, дін мен ғылым, дін мен адамзат секілді тақырыптарды талдап лекциялар оқимын. Бұның барлығы имамдардың дүниетанымын кеңейтеді. Жан-жақты болуға талпындырады. Ал ондай имамдардың қоғамға тигізер пайдасы ұшан теңіз. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда ҚМДБ жасап жатқан жұмыстарына көңіл толады.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Олжас СӘНДІБЕК
KazIslam.kz