Ерте заманнан адамдар өздерінің мұқтаждықтары болған нәрселерді бір-бірімен бөлісудің арқасында сауданың көптеген түрлері қалыптасты. Саудада бұрын айырбас тәсілін қолданса, уақыт өте келе қымбат металдар, ал соңғы кездері олардың орнына құнды қағаз саудасы келуде. Осылай саудаға қызуғышылық танытқан адам баласы оны тарих бойына дамытып келеді.
Мекке – араб түбегінің орталығында орналасқандықтан бұл жерде өз уақытында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, сауда-саттық қызу жүретін. Сол себепті бұл жерді мекендеушілердің бірден-бір кәсібі сауда еді.
Пайғамбар да (с.ғ.с.) елшілік міндетін алғанға дейін саудамен айналысып, Хазреті Қадиша анамыздың тауарларын Шамда сатып, ол жақтан алып келген дүниелерін Меккеде сатқаны Ислам тарихынан белгілі. Алланың елшісі пайғамбарлық келгеннен кейін де белгілі уақыт жеке кәсібі ретінде саудамен айналысқан (Бұһари).
Мекке мүшриктері пайғамбардың (с.ғ.с.) өздері сияқты саудамен айналысқанына таң қалады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) Алла Тағаланың жауапты міндетін атқарып жүрген адамның да өзгелер секілді саудамен айналысып, базарда жүруі қалыпты жағдай екенін түсіндіреді:
«(Мұхаммед Ғ.С.) Сенен бұрын да тамақ жейтін, базарларда жүретін ғана пайғамбарларды жіберген едік. Негізінде біріңді-біріңе сынау қылдық. Сабыр етесіңдер ме? Раббың әр нәрсені көруші». (Фурқан: 20)
Алла Тағала адамдардың мұқтаждығынан пайда болған айырбас арқылы болатын саудаys біреуді қинау немесе жемқорлық жолы арқылы емес, дұрыс әрі адал жолмен іске асыру керек екенін хабар береді:
«Әй мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа» (Ниса, 4/29)
Сол себепті де Пайғамбарымыз сахабаларына өнім өндіруді, еңбек етуді мадақтап, қолдап отырған. Осылайша олар табыс тауып, қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін базарға барып, ешкімге ауыртпалық түсірмес еді.
Сахабалар да бұл нәрселерді жақсылып жадыларына құйып алады. Меккеден Мәдинаға һижрет еткен саудагер сахабалардың бірі Әбдірахман ибн Ауф, анасрлықтардың бірі оған көмек қолын созғанда: «Маған базарға барар жолды көрсетіңдер», – деп һижреттің алғашқы күндерінен-ақ саудасын бастап кеткен. Сол сияқты Талха ибн Ұбайдулла да Мәдинада сауда-саттығын жалғастырып, тіпті сол үшін Шамға сапар шегеді.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятқа сәйкес пайғамбардың заманында сауда-саттықтың орны ерекше болғанын байқаймыз: «Жахилия заманында құрылған атақты жәрмеңкелердің бірі Указ, Мәжанна және Зүл-Мәжаз еді. Ислам тарағаннан кейін кейбір адамдар бұл жерде (қажылық кезінде) сауда жасауды күнә деп есептеді. Бұған Алла Тағаланың: «Сендерге Раббыларыңның кеңшілігін іздеулеріңнің (кәсіп істеулеріңнің) оқасы жоқ» деген аяты түседі (Бaқaрa: 198). Осылайша Алла Тағала оларға қажылық мезгілінде де саудамен айналыса алатындығын білдірді.
Умму Сәләма анамыздың риуаяты бойынша: «Пайғамбардың қайтыс боларынан бір жыл бұрын Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) және Бәдір соғысына қатысқан сахабалар Нуайман мен Суайбт ибн Хармаламен бірге Басра қаласына жолға шықты. (Басра сол заманда Сирияның Үрдүнмен шекарасына 10 шақырым жақындықта орналасқан сауда орталықтарының бірі еді). Жолға шығуларының себебі ол жақтан мол пайда көрумен қоса сауда-саттыққа деген махаббаттары болатын. Сондай-ақ Алланың елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкірді ерекше жақсы көріп, оны уайымдаса да, алыс жолға сапарға шығуына рұқсат береді. Әбу Бәкір де пайғамбарды қатты жақсы көріп, жанында болуды қаласа да, оның сауда жасауды мақұл көріп, қоштауына байланысты осы сапарға шығады». (Табарани)
Демек пайғамбардың (с.ғ.с.) қымбатты достары дүниенің төрт бұрышына, құрлық және теңіз арқылы да сауда мақсатында саяхат еткен. Осылай бір жағынан ризық тапса, екінші жағынан қоныстанған жерлерде дін Исламды насихаттады. Олар ұстанған адал жолмен жасалған сауданың арқасында аз уақыт арасында Исламның өзге мемлекеттерге танылуына әрі таралуына себепші болды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ