Сондай-ақ, адамдардың тілдері мен түстерінің түрлілігі Жаратушы тағаланың шексіз құдіретінің айғағы. Бұл турасында Құран: «Аспандар мен жердің жаратылысы және сендердің тілдерің мен түстеріңнің түрлі болуы Оның (Алланың) құдірет белгілерінен. Бұл мәселеде білетіндер үшін үлгілер бар» дейді. Арабтың тілі – араб, орыстың тілі – орыс, қазақтың тілі – қазақ болуы, адамдардың түстері мен келбеттерінің сан-қилылығы –Хақ тағаланың шексіз құдіреті.
Фиқһ ғылымында қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге негізделген бірнеше «фиқһ қағидалары» пайда болды. Солардың бірі «Әдет-ғұрыпқа төрелікке жүгініледі» деген қағида.
Алла тағала қасиетті кітабында: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол» – деп әмір етеді.
Ислам арабтардың қоғамында қалыптасқан кейбір жағдайларды бекітіп, қолдады. Мысалыға өлтірілген адамның құнын төлеу заңын жоққа шығармай «кек алумен» бірге қосымша жаза етіп бекітті. Сол секілді сауда-саттық саласында араб қоғамында іске асып жатқан «мудараба, серіктестік, сәләм саудасы» сияқты сауданың үлгілерін де пайдаланды.
Ғұрып сөзі арабтың «ғұрыф» сөзінен шыққан, жақсы, көркем және жағымды іс дегенді білдіреді. Терминдік анықтамасы – «ол белгілі бір қоғамның күнделікті өмірінде сөзге немесе іске қатысты үйреніскен және қалыптасқан жағдайлары».
Ал әдет арабтың «ғадат» сөзінен шығады. Қайта келу, қайталау, жалғасу секілді мағынаны білдіреді. Әдет-ғұрып – белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжылмас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғы.
Ислам ғұламалары әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді екі түрге бөледі. Біріншісі «ғұрып ғамм», екіншісі «ғұрып хасс» делінеді. Ғұрып ғамм дегеніміз көп елдерге немесе барша адамдарға қатысты болған әдет-ғұрыптар. Яғни көптеген елдерге немесе барша адамзатқа ортақ болғаны. Ал ғұрып хасс, белгілі бір елге немесе адамдардың бір тобына ғана қатысты болады.
Сондықтан, фиқһ негіздері ғалымдары ғұрыпты «сахих» және «фәсид» деп екіге бөледі. Мұның мағынасы дұрыс және бұрыс ғұрып дегенді білдіреді. Дұрыс ғұрып исламда халал болған істі харам етпейтін, харам болғанды халал етпейтін ғұрып. Жалпылама айтқанда шариғаттың үкіміне қайшы келмейтін іс. Ислам ғұламалары мұндай ғұрыпты қабылдап, фиқһ саласында атап айтсақ, ант ету, талақ (ажырасу), сатып алынған затты тапсыру, сауда-саттық саласының терминдері т.б. мәселелерде сүйенетін негіздердің бірі етеді. Біздің қазақтың «дәстүрдің озығы» дегені осы сахих ғұрып.
Ал фәсид ғұрып дегеніміз, шариғаттың ережелеріне қайшы келген, халалды харам, харамды халал еткен ғұрып. Мысалы белігілі бір қоғамда тек өсімге ақша беріп және алып жұмыс жасау, қуанышқа арналған шараларда жын-ойнақ музыка қойып, ерлер мен әйелдердің қосылып билеуі, ер кісілердің алтыннан неке жүзік тағуы секілді істерді ғұрыптың осы түріне жатқызуға болады. «Дәстүрдің тозығы» болып есептелетін мұндай ғұрыптарға ислам шариғаты тыйым салған.
Ислам діні ұлт, ұлттық құндылықтар, әдет, ғұрып, салт және дәстүр секілді ұғымдардың барлығын дерлік жоққа шығаратын әрі қабылдамайтын дін деген теріс ұғымды кейбір білгірсымақтар дініміздің мақсаттары мен негіздерін жете түсінбегендерінен шығарып отыр.
Сондай-ақ, дәстүрге бұлай теріс көзқараспен қарау және жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болады. Себебі, шариғаттың мәтіндері адам өмірінің негізгі ережелерін қамтығанмен, адам өмірінде кездесетін әрбір оқиғаны арнайы тәптіштеп айтпағаны ақыл иесіне белгілі. Міне осы тұста фиқһтың қияс, истихсан, истисхаб, қоғамның мүддесі және ғұрып секілді тәсілдеріне жүгінуге тура келеді. Бұл тәсілдер мен негіздерге сүйене отырып шариғаттың үкімін беру ғасырлары бойы ислам ғұламаларының салып кеткен ұлы жолы.
Еркінбек ШОҚАЙ,
Атырау облысы
Дін істері басқармасының
басшысы, исламтанушы