Сұрақ: Ислам діні ұлтқа қалай қарайды?
Жауап: ХХ ғасырдағы екі дүркін орын алған Дүниежүзілік соғыстың астарында асқын ұстанымдағы ұлтшылдық дертінің жатқандығы әмбеге аян. Ғаламдық тыныштыққа сызат түсірген бұл індеттің азалы рухының беті әлі қайта қойған жоқ десек асыра айтқандық емес. Себебі, бүгінгі таңдағы алпауыттардың текетірісіне тағы да ұлттық үстемшілдік пен империалистік пиғылдар кері әсер етіп отыр.
Этносаралық саясаты кемел емес елдерде қаншама аз санды ұсақ ұлттар алпауыттар тарапынан экономикалық, әлеуметтік, мәдени һәм діни тұрғыда теперіш көріп, ұлт ретінде жойылып кету қаупін бастан кешіруде. Ал, ұлттар туралы және олардың бір-бірімен қарым-қатынасы жөнінде ислам діні не айтады?
Шынтуайтында, Алла Тағала Құран кәрімде ұлттардың жаратылуы туралы: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжұрат, 13) деп бұйырған.
Алла тағаланың ұлттардың жаратылуына қатысты кәламын ашықтауда әһлі-сүннет ғұламалары ортақ (консенсу) көзқарасты ұстанады. Дін бойынша барша адам баласы бір әке мен бір шешеден тараған туыс саналады. Тектік һәм қандық тұрғыдан алғанда бір әке мен бір шешеден тараған ұрпақтың бірінен-бірін үстем санауы астамшылыққа жатады. Себебі, олар бір ұрықтан бүр жарып отыр. Оны аяттағы: «…Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық…» деген Құдай сөзі растауда.
Хақ Тағаланың адамзатты ұлттарға бөліп жаратқанда, олар бір-біріне бәсекелес болып, соңынан бұл бәсекелестігі дұшпандыққа ұлассын деп жаратқан емес. Керісінше бір-бірінің Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы екенін танып біліп, бір-біріне қол ұшын созсын деп жаратқан. Оны аяттағы: «…бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық..» деген жолдар әйгілеуде.
Алланың құзырында дін үшін күрескен, күнәдан бойын аулақ ұстап, дәйім құлшылық қылған, махаббатын Хаққа арнаған адамдар жоғары тұрады. Дәл сол секілді қайсы ұлт көбірек тақуа болса, Алланың дәргейінде сол ұлттың мәртебесі жоғары тұрады. Яғни, артықшылық руханиятпен өлшенеді. Жоғарыдағы аяттағы: «…Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың…» деген жолдар осыны меңзеген.
Құран кәрімге түсіндірме жазған Имам Құртуби, Имам Табари, ибн Кәсир, Әбу Ләйс ас-Самарханди, Фахруддин әр-Рази, Әбу Хайиан әл-Андалуси, әл-Байдауи, Әбу Баракат ан-Насафи және т.б. ғұламалар жоғарыдағы аятқа бірауыздан келіскен.
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлтқа қатысты ұстанымында асқын көзқарастар жоқ. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде: «Нәсілшілдікті қоздырған жаһил болып өлген болып есептеледі…» (Ибн Мажа, Фитан: 7) дейді. Яғни, ұлтшылдықты ұран қылғандардың иман дәрежесінің тым төмен екенін ескертеді.
Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қоштасу құтпасында:
«Алла жалғыз, бәріміз Адам атаның ұрпағымыз, ал Адам топырақтан жаратылған. Алла назарында құрметке лайық жан – Одан ең көп қорқатын адам. Арабтың араб емеске үстемдігі жоқ. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады» дейді. Яғни, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қоштасу құтпасында» арабтардың өзіне «Құран біздің тілде түсті, соңғы пайғамбар бізден шықты» деп дандайсуға болмайтыны қатаң ескерткен.
Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлттық тақырыпта әуелі Алланың кітабы негізге алынатынын: «Басыңызға құлағы тесік хабашстандық қап-қара құл имам болып тағайындалып, ол Алланың Құранымен басшылық жасаса, оған мойынсұныңыз» (Ибн Мажа, Жиһад) деп ескертіп, ұлтшылдықтың шегін айырған.
Ислам дінінің тұма-бастауында (Құран мен сүннет) ұлттық алалаушылыққа жол берілмейтіндігі айқын айтылған. Десе де, мұсылман баласының кейде дүниелік жалаң сезімге беріліп, қызбалыққа салынып, ұлттық теңдікке жеңіл-желпі қараған кездері аз болмаған. Жалпы, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде ұлт пен нәсілге бөлінушілікке жол берілмеген. Бұл жағдай әзіреті Әлидің (р.а) кезеңіне дейін жалғасты. Алайда, кемеңгер халифтердің дәуірінен кейін мұсылмандар арасында ұлт пен нәсілге бөлінушілік пайда болды.
Ислам тарихындағы алғашқы бұлғақ кезінде Құрайыш ішіндегі хашимиер мен әмауилердің өзара бәсекелестігі және харижилер мен басқа топтар арасындағы ымырасыздық ұлт пен нәсілшілдікке бөлінушілікке елеулі ықпал етті. Ирандағы шиғалық ағымдардың пайда болуынан да парсы ұлтшылдығының элементтерін көруге болады. Халифатқа қарсы бас көтерген Бабек мен Әбу Муслим және Муканна қозғалыстарына ескі зороастаризм сенімі мен парсы ұлтшылдығының ықпалы болды. Әлбетте, мұндай жосықсыз жәйттер мұсылмандардың Құран мен хадиске сай амал етпегендіктен туындады.
Кейінгі ғасырларда да ұлт пен діннің қайсысын жоғары қою керек деген мұсылмандарды арандататын сауалдар жиі көтеріліп, бұл шетін мәселе үмбеттің ауызбіршілігіне жарықшақ түсірді. Осының әсерінен «бөліп ал да, билей бер» саясатының жемісі ретінде «араб мұсылмандығы», «түрік мұсылмандығы», «парсы мұсылмандығы» және т.б бір-біріне бәсекелес регрессивті ұғымдар пайда болды. Мұсылман баласы Құран мен сүннетке сай амал етпесе, адамзат баласы өзін-өзі дұрыс танымаса, бұл қандауыр індеттен айығу қиын. Яғни, адамзат баласы ғаламдық деңгейдегі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аса зәру.
Мұхан Исахан