Сұрақ: Ислам трайбализмге қалай қарайды?
Жауап: Ислам діні трайбализмге қарсы. Оған мұсылман үмбетін апатқа жығатын фактор ретінде қарайды. Себебі ислам үмбеті көптеген халық, ұлттар мен этностардан құралған дін. Мұнда өкінішке орай бүгінгі қоғамда қызметке тұру үшін жиі қолданылатын жерлестікке, ағайын-туыстыққа жол жоқ. Мысалы, Бани Мусталик жорығы кезіндегі оқиғаны алайық. Бір ансарлық пен мухажир арасында келіспеушлік туып, арты дауға ұласады. Сөйтіп жерлестерін көмекке шақырып: «Қайдасыңдар ей ансарлар!» және «Қайдасыңдар ей, муһажирлер!», – деп ұрандар тасталады.
Мұны естіген Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Бұл жаһилия кезіндегі не қылған әдет?!», – деп мұндай әрекетке тиым салады. Кейін оларға ру көсемдеріне бағыну, құрмет қылумен қатар трайбализмге бармауға керісінше Исламдағы достық пен бауырмашылдықты үйренуге шақырады:
«Адам қатыгез, жәбір көрген болса да дін бауырына жәрдем берсін. Егер бауыры қатыгез болса, оған бөгет жасасын. Өйткені қатыгездік амалынан қайтару, ол адамға жасалатын жақсылық. Егер бауыры жәбір көрсе, онда оған көмек берсін!» (Мүслим, Термези).
Расында, трайбализмнің қоғам дамуына, экономиканың өркендеуіне көп кедергі келтіреді. Өйткені қызметке тұруда, белгілі мансапқа жетуде немесе коғамдағы парақорлықтың өршуінде, мемлекеттік сатып-алу, тапсырыс беру сияқты т.б. көптеген істерде трайбализмнің орны мен ықпалы айқын көрінеді. Сол себепті де дін ислам трайбализмге қарсы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ