Сұрақ: Ислам толерантты дін бе?
Жауап: Дәстүрлі Ислам – ұлттар мен ұлыстарды нәсіліне қарамай бейбіт бір шаңырақ астына біріктірген әлемдік дін. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді қасиеттерге үгіттейді. Дінаралық толеранттылықты сақтау қағидатына Ислам діні баса мән береді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде «Мұсылмандармен бір жерде тату-тәтті тұрып жатқан өзге дін өкілін жәбірлеген адамға жұмақтың иісі бұйырмайды. Ал жұмақтың жұпар иісі қырық жылдық қашықтыққа дейін аңқып тұрады» деген.
Ұлтжандылық пен өзге ұлттарды құрметтеу – Ислам дінінің талаптарының бірі. Дін, діл, тіл, ұлт атаулары бір-бірімен ажырамас байланыста. Құран Кәрімде: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық»; «Бір-біріңненсіңдер» (яғни бір ата, бір анадансыңдар) дейді.
Ұлттардың жаратылуында да Алланың хикметі бар. Ұлтын сүю, қадірлеу «Отан» ұғымының аясына кіреді. Өз ұлтын сүю, оның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын құрметтеу, өзге ұлт өкілдерінің де осындай құндылықтарына құрметпен қарау, Ислами құндылықтар аясында ұлтаралық татулықты сақтау – шынайы мұсылман сипатына тән.
Икрам АЙТАЕВ