Ислам дінінде ой еркіндігі – адамға берілген ең негізгі құқықтардың бірі. Ал, ой еркіндігі сенім еркіндігін де қатар береді. Дін жəне ар- ождан бостандығы адамның ықтиярындағы іс. Сондықтан, ол еркіндікті ешкімнің мəжбүрлеп алып қоюға хақысы жоқ. Мұндай құқық пайғамбарлардың өзіне берілмеген.
«Дінде зорлық, зомбылыққа орын жоқ. (Өйткені) ақиқат пен жалғанның ара жігі толық ажыратылды» («Бақара» сүресі, 256) деген аятта біз көтерген тақырып түйіні нақты көрсетілген. Ислам діні адамзатқа келген ең соңғы дін болса да, ешкімді бұл дінге еріксіз кіруге мəжбүрлемеген. Бұл ақиқатты Құран Кəрім аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың өмірінен нақты көре аламыз. Осы мақсатта Жаратушы Жаббар иеннің өзі адамзатқа рақым ретінде жіберген елшісіне (с.ғ.с.) былайша жол көрсеткен:
«(Уа, Елшім!) Міне, енді сен оларға (ақиқатты) түсіндір, насихат ет, тура жолға баста. Өйткені сенің міндетің – насихат ету (ақиқатты) түсіндіру ғана. Əйтпесе, сен олардың төбелерінен төніп, зорлықпен иманға келтіруші емессің», («Ғашия» сүресі, 21-22).
«Біз саған бұл Кітапты адамдардың игілігі үшін ақиқаттың нақ өзі ретінде, хақ мақсатта түсірдік. Ендеше, кім хақ дінді таңдап, тура жолға түсе, сөзсіз, өз пайдасы үшін тура жолға түскені. Ал, кім күпірлікті таңдап, адасса, өзі үшін зиян. Сен олар үшін жауап беретін кепілгер емессің» («Зүмəр» сүресі, 41).
«Егер (ақиқатты қабылдаудан) бас тартып, теріс айналса, білі қойсын. Біз сені (теріс жолдан күштеп, мəжбүрлеп қайтаратын) қорушы ретінде жіберген жоқпыз. Сенің міндетің айтып жеткізу ғана..» («Шура» сүресі, 48).
«Оларға: «Ақиқат – Раббыларыңнан келген (осынау Құран). Ал енді қалаған жан иман келтірсін, қалағаны күпірлік қылсын», – деп айт..» («Кəһф» сүресі, 29).
«Пайғамбардың міндеті – Ал- ланың дінін ашық жеткізу ғана» («Нұр» сүресі, 54).
Осы аяттардың барлығы бізге діннің көңіл, ерік ісі екенін айқын түрде баяндап тұр. Егер адамды күштеп иманға келтірер болса, бұл өмірдің сынақ екендігінің, ақыретте істегін істерінің жазасын тарту деген мəселелердің мəні қалмас еді.
Құранда адамдар арасындағы түрлі сенімдердің болуы арнайы Алла тағаланың қалауы ретінде қарастырылған. «Егер Жаратқан Иең қалаған болса, адамдардың барлығы бір үмбет (бірдей сенімде) болар еді. Бірақ олар үнемі əртүрлі жолды ұстануда» («Худ», 118) десе тағы бір аятта «Егер Жаратқан Иең қаласа, жер бетіндегі адамдардың барлығы тегіс иман келтірер еді» («Юнус», 99) деп баяндалған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мəдинада құрған ең алғашқы ислам мемлекетінде жариялаған құқықтардың бірі осы діни сенім бостандығы болатын. Əсілінде, Мəдина келісімшарты адамзат тарихындағы ең алғашқы жазбаша бекітілген конституция саналады. Оның түзілуіне мəдиналық яһудилер, мүшірік арабтар мен христиандар да қатысқаны. Осы тарихи құжатта яһудилермен қатар өзге де дін өкілдеріне сенім мен құлшылық жасау еркіндігі берілді.
Осы ретте, пайғамбарымыз бен нəжрандық христиандар арасында орын алған оқиғаны да келтіре кетуге болады. Алпыс кісілік нəжрандық христиан делегациясы, екінті уақыты кезінде Мəдина мешітінде пайғамбарымызбен кездеседі. Құлшылық жасайтын уақыттары келген кезде христиандар жағдайды Алланың елшісіне білдіреді. Пайғамбарымыз оларға мешітте құлшылықтарын атқаруларына рұқсат береді. Сахабаларға бұл ұнамай, оларға кедергі жасағысы келген кезде, ардақты елші сахабаларына қатаң тыйым салады. (М.Хамидулла, Ислам пейгамбери (ауд. С. Туг), Стамбул, 2000, 1-т., 620- б.). Осы нəжрандықтармен жасасқан келісімшартта олардың құлшылық орындарына тиіспейтіндіктеріне, дүние-мүліктеріне қол сұғылмайтындығына, дін қызметкерлерінің ауыстырылмайтындығына кепілдік берілген болатын. Сонымен қатар, пайғамбарымыз Меккені азат еткен кезде жылдар бойы мұсылмандарға қоқан-лоқы мен зұлымдықтың неше түрін көрсетіп, жер бетінен жойып жіберуге бар күшін салған мүшіріктерге де исламды қабылдауға мəжбүрлемеген. Қаласа мұны жасауға ол кезде толықтай мүмкіндік бар еді.
Пайғамбарымыз басқа дін өкілдеріне тізесін батырмай, əділетті болу керектігін үмбетіне қатаң ескертіп, бір хадисінде «Кімде кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкіліне) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал, мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін» дейді. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім біздің қарамағымыздағы зиммиді өлтірсе, жəннаттың исін де татпайды» деп мұсылман еместерге зұлымдық жасауға қатаң тыйым салған.
Əділ халифалар жиһадқа жіберген əскер қолбасшыларына да осы тұрғыда өсиет ететін. Əбу Бəкір əс-Сыддиқтың Усама ибн Зейдке айтқан өсиетінде: «Мен саған он нəрсені өсиет етемін: Əйел адамды, сəбиді, жасы келген қарт адамды өлтіруден сақ бол, жеміс беретін ағашты кеспе, тұрғызылған құрылысты қиратпа, азық мақсатында болмаса, қой, түйені сойма, пальма ағашын суға ағызып, өртеме, шамадан тыс қатыгездік танытпаңдар. Сосын өздерін ғибадатқа арнаған қауымдарды кезіктіресіңдер, оларды өз жөндеріне қоя беріңдер» деп келеді. Екінші халифа Омар ибн əл-Хаттаб Илия (Құдыс) тұрғындарына, олардың мал-мүліктеріне, шіркеулері мен діни рəміздеріне қауіпсіздік берді.
Тарихта хижраның 680 жылы патша Мансұр Қалауын қоластындағы мұсылман емес адамдарды исламға кіру үшін мəжбүрлеген болатын. Сол кезде патшаның бұл əрекеті мұсылман ғалымдары мен қазыларының наразылығын тудырған. Бұл жайт алты айдан кейін ғұламалардың отырысында талқыланды. Нəтижесінде дінде зорлық жоқ екендігі жарияланып, əһлу зимметтің мəжбүрленгендігі, олардың өз діндеріне қайта алатындығы бекітіледі. Сөйтіп, көпшілігі өз діндеріне қайтқан болатын.
Бұл тарихи шындықты батыстық ғалымдар да ашық мойындаған. Мəселен, Италияндық доктор Лора Фетша Валери: «Мұсылмандар өзге ұлт өкілдерімен олардың сенімдеріне назар аудармай келісімдер жасасатын. Əрі ешбірін исламды қабылдауға мəжбүрлемейтін. Сол секілді мұсылман əскерлері де діндерін мəжбүрлі түрде жеткізген басқа дін өкілдері секілді емес. Осылайша олар ешқандай зорлық-зомбылықсыз, артынан дүниелік пайданы көздемей, жаңа дінді жайып, өзгелерге жеткізе білді» деген.
Ал, Густав Лебон: «Алғашқы мұсылман халифалары соғыс өнерін білгені секілді саясатта да алдына жан салмады. Олар біреуді дінінен бас тартқызу үшін күш қолдануды білмеді, сол секілді мойынсынбағандарға қылыш көтеруден аулақ болды, яғни, ешкімді мəжбүрлемеді. Барлық жерде өздерінің өзге халықтардың сенімдерін, салттары мен əдет- ғұрыптарын құрметтейтіндерін жариялады. Оларды қорғап, қамқорлыққа алғаны үшін бұрынғы басшыларына беретін салықтарынан əлдеқайда аз мөлшерде жизия (салық) алумен шектелді» деп таңғалысын жасырмаған.
Мұсылман еместердің Шамда, Мысырда, Андалусияда (Испания) ғасырлар бойы өз діндерінде қалулары ислам дінінің төзімділігіне анық дəлел болады. Тіпті, осы төзімділік салдарынан Андалусия секілді елдерде ислам діні ұзақ қала алмағаны да рас. Кант Генри Декастри: «Мұсылмандардың айналасындағыларға танытқан жұмсақ тығы мен ымырашылдығы араб мемлекетінің құлауының бірден бір себебі болды» деген (Қ.Құрманбаев. Исламдағы адам құқықтары).
Ислам құқығында мұсылмандарға кейбір артықшылықтар берілсе де, жалпы құқық пен бос тандық тұрғысынан алғанда алалаушылық болмаған. Осы тұрғы да пайғамбарымыз бен əділ халифалар кезеңінде жəне кейінгі мұсылман басшыларының өмірінен де олардың қара қылды қақ жаратын əділ болғандарына куə бола аламыз. Мысалы, халифа Омардың (2-халифа) тұсында əділдігімен танылған Əбу Үбəйда ибн Жəррах Сирияға əкім болып тұрған кезінде оның мейірімділігін тек мұсылмандар ғана емес, христиандар да көрді. Сондықтан да, христиандар оған адал қызмет етіп, дұшпандық пиғылдарды оған алдын ала білдіріп отырған. Тіпті, Рим императоры Ираклий Сирияны өзіне қаратпақ болғанда христиандар: «О, Жаратқан! Мұсылмандармен бірге бізді қанқұйлы Ираклийдің жауыздығынан құтқара гөр!» деп, мұсылмандар үшін дұға жасаған болатын.
Әбу Бәкір Сарахсидің 30 томдық «əл-Мабсут» атты шығармасында, Əбу Ханифадан кейін Ханафи мәзһабының үлкен ғалымдарының бірі саналған Имам Əбу Юсуфтың аббаситтердің билігі кезінде бас қазы міндетін атқарғандығы жайлы дерек бар. Өмір бойы əділдіктен таймаған Əбу Юсуф өлім аузында жатып, қазылығы кезіндегі бір оқиға үшін Алладан кешірім тілеумен болады. Бұл оқиғаны ол: «Бір христиан халифаның үстінен шағымданды. Екеуін де сотқа шақырдым. Бірақ, халифаны өзіме жақындау отырғыздым. Шағымданушы христиан халифаның артында ұзақтау бір жерде тізе бүкті. Екеуінің ортасында толық əділдік көрсете алмағандықтан қатты пұшайманмын. Алланың мені жарылқауын тілеймін» деп баяндайды.
Көптеген елдер өз патшаларының, тіпті, өз діндестерінің зұлымдығынан құтылу үшін мұсылмандардан пана тілеп, мемлекетті басқару билігін өз еріктерімен мұсылмандардың қолына берген болатын. Испанияның мұсылман болуы мен Балқан түбегіндегі мемлекеттердің исламды қабылдауы секілді тарихи жағдайлар бұған куə.
Ислам діні адамдарға осындай сенім бостандығын танығандықтан тарихта басқа дін өкілдерін қырып жою, кемсіту, геноцид секілді қанқұйлы оқиғалар болмаған. Қанша ғасыр бойы мұсылман мемлекетінің құрамында болса да, көптеген араб елдерінде христиандар əлі күнге дейін сау-саламат ғұмыр кешуде. Мұсылмандар олардың діндеріне, тарихи жəдігерлеріне мүлдем тиіспей, сол қалпында сақтап қалған. Мысыр, Түркия, Сирия секілді елдерде шіркеулер əлі күнге дейін бар.
Дінді таңдау мəселесінде «күштеу жоқ» қағидасымен қатар, ислам дінінде өзге сенімдегілерді мазақ етуге, қорлауға да тыйым салынады. Құранда: «Олардың Алладан басқа тəңір тұтып, жалынып-жалбарынатын құдайларына тіл тигізбеңдер. Əйтпесе, олар да надандықпен һəм өшпенділікпен Аллаға тіл тигізіп, шектен шығады..», – делінген («Əнғам» сүресі, 108). Дүние жүзі кішкентай бір ауылға айналған, бір елде түрлі ұлт пен дін өкілдері қатар өмір сүретін қазіргі жағдайдағы мұсылмандар үшін де бұл – маңызды қағидаттардың бірі. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында өте маңызды ұстаным.
Иман келтіру тұрғысында адам баласы толықтай ерікті. Оны өзі қабылдағысы келмейтін нəрсеге мəжбүрлеу, Алла тағаланың жаратылысына қайшы əрекет болар еді. Əрине, егер Құдай тағалам қаласа, жоғарыда аятта айтылғандай, адамдардың бəрі иман келтірер еді. Сондықтан да, Хақ тағала адамның дамуы мен толықсуы, кемелденуі жолында кедергі келтіретін кез-келген мəжбүрлеуге тыйым салған. Оның орнына адамды ойлану арқылы ақиқатты табуға шақырған.
Ислам діні ешкімді дінге еріксіз кіруге мəжбүрлемеген. Пайғамбарлардың міндеті – тек қана айтып жеткізу. Адам баласы қабылдап-қабылдамауда ерікті.
Алау ƏДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы