Араб тілінде «сәмаһа» – шыдамдылық және кешірімділік дегенді білдіреді. Қолданыстағы қазақ тілі әдебиеттерінде толеранттылық ұғымын беретін бұл сөз, батыс елдерінде «tolerans» сөзін қолдануда. Толеранттылық термин ретінде, ересек және ниеті жақсы адамдар айналасындағылардың барлығына тең және кемсітусіз қарым-қатынас құруына айтылады. Адамгершілігі бар адамдарға ғана тән қасиет деуге болады. Пайғамбарлардың Алладан жеткізген (уаһи) илаһи хабарларда моральдық принциптер маңызды орын алады. Осы моральдық қағидалардың ішінде толеранттылықтың алатын орны ерекше.
Хз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) әкелген дінге «ислам» атауының берілуі, басқа да мағыналары болуымен қатар, бейбітшілік, татулық және келісім сияқты мағыналардан, толеранттық және төзімділік діні екенін көрсетеді. Құран Кәрімде осы тақырыпқа қатысты аяттарда: «…Алла жақсы мінез-құлықты болғандарды жақсы көреді.»[1], «… Жақсылыққа және тақуалыққа жәрдемдесіңдер, күнәлі және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер»[2], «Мүміндер! Сендерге жұбайларыңыз бен балаларыңыздан дұшпан болатындары бар. Олардан сақ болыңдар. Егер оларды түсініп кешірсеңіздер, сендерді де Алла кешіреді. Шынында да Алла, аса кешірімді, өте мейірімді екенін біліңіз.»[3] деп бұйырған.
Толерантты, төзімді әрі кешірімді болу үшін алдымен адам өзінің нәпсісіне ие болуы шарт. Менмендік пен тәкаппарлықты, сондай-ақ жаман кірлерді бойына жинаған адамдардан бұндай қасиетті іздеу әурешілік. Сонымен қатар, адамдардың айыбын жасырып, жақсысын да асыра білу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кім бұл өмірде бір пенденің кемшілігін жасыратын болса, Алла Тағала да ақыретте сол адамның кемшілігін жасырады»[4] деп бұйырған. Бұл хадис барша мұсылмандардың толерантты болуына негіз бола алады. Өйткені, мұсылмандықты толық түсінген адам ашуын жеңе білген адам. «Күшті адам күресте емес, ашуланғанда ашуын жеңе білген адам»[5]. Сонымен қатар толерантты мұсылманның айырмашылығы, сол мезетте қарғыс немесе лағнет айтпайды. «Мен лағнет айту үшін жіберілмедім, Рахмет болу ішін жіберілдім»[6]. Мұсылмандар бұндай жағдайда керісінше Алладан кешірім сұрап дұға тілек жасайды. «(Әй Пайғамбар!) Кешірімді бол, жақсылыққа шақыр, надандармен тартыспа»[7] деп бұйырылған ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с) үмметіміз. Толерантты адамдар басқалар туралы жаман сөз айтып өсектемейді,[8] менмендік пен мақтаншақтықтан аулақ,[9] басқаларды келемеждемейді[10] және бұндай адамдар сабырлы[11] болады. Толерантты болу тек қызмет орындары мен қоғамда ғана емес, жанұяда да толеранттылық ата-ананы құрметтеу, жұбайыңмен жақсы мәміледе болу және балаларға сүйіспеншілік пен жанашырлықпен қарау, сондай-ақ олардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету болып саналады.
Исламда дін мен сенім тұрғысынан мәжбүрлеуге рұқсат етілмеген. Біреудің сенімін өзгерту күшпен емес, тек өзінің келісімі арқылы болады. Сенім бостандығы - адамның негізгі құқықтарының бірі. Егер дін адамдарға қорқыныш пен қатыгездік арқылы жеткізілсе, сенімнің (иманның) ешқандай да бір мағынасы болмас еді. Сенім әр пенденің жеке мәселесі. Адамдарға таңдау бостандығы берілген, өйткені олар Құдайға өздерінің өмірдегі амалдарынан есеп береді. Дінде мәжбүрлеудің болмауы туралы Алла Тағала былай дейді: «Дінде зорлық жоқ…»,[12] «Егер Раббың қаласа, әрине жер жүзіндегі адамның бәрі иман келтірер еді, сен адамдарды иман келтіруге мәжбүрлейсің бе?»[13]
Алла тарапынан жіберілген діндердің ғибадат ететін орындары қасиетті болып cаналады. Мұсылман мешіттері қаншалықты қорғалған болса, басқалардың да ғибадат ететін орындары сондай дәрежеде қорғалған.[14] Егер мұсылманның мешітке баруға және ғибадатын орындауға құқығы болса, христиандардың шіркеуге және яһудилердің синагогаға барып ғибадат етуге құқылы.
Исламның негізгі мақсаттарының бірі – Алла тарапынан жіберілген әмірлерді құрметтеу және жаратылысқа деген жанашырлық пен жаратушыға деген төзімділік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) барлық адамдарға құрметпен, ықыласпен және түсінікпен қарау керектігін айтып, өз іс-әрекеттерімен үлгі көрсете білді. Бұған қатысты Құран Кәрімде: «Егер сен дөрекі қатал болсаң, олар сенен алыстап бет-бетімен кетер еді»[15], «Мұсылман құлдарыма айт, аса сыпайы сөйлесін»[16] деп бұйырған. Қазақ халқының дәстүрі мен салты, әдеті мен ғұрпы мұсылмандықпен біте қайнасып, негізін ислам дінінен алғандықтан, толерантты болуы әр қазақтың ұлттық міндеттерінен деп санаймыз.
Толеранттық шыдамдылық және кешірімділік барлық мәселеде қарастыру мүмкін емес. Бір ұлтқа қарсы және қоғам арасында ірткі салып, ашықтан дұшпандық жасағандарға, қылмысы мен күнәсі дәлелденгендерге, құқықтың тапталуы, жамандық істе көмек беру мен көпшілік алдында тиым салған амалдарды істегендерге, қарсы түсіністік таныту пенденің табиғатына жат екенінде ұмытпағанымыз жөн.
Исатай Бердалиев
[1] «Әли-Имран» сүресі, 134-аят.
[2] «Мәида» сүресі, 2-аят.
[3] «Тағабун» сүресі,, 14-аят.
[4] Муслим, Бирр, 12; Ахмад Бин Хамбал, Муснад, VI, 145. хади.
[5] Бұхари, Әдеб, 76; Муслим, Бирр, 107, 108 хадистер.
[6] Муслим, Бирр, 87-хадис.
[7] «Ағраф» 199-аят.
[8] «Хужурат» сүресі, 12-аят.
[9] «Лұқман» сүресі, 18-аят.
[10] «Хужурат» сүресі, 11-аят.
[11] «Әнфәл» сүресі, 46-аят.
[12] «Бақара» сүресі, 256-аят.
[13] «Юнус» сүресі, 99-аят.
[14] «Хаж» сүресі, 40-аят.
[15] «Әли-Имран» сүресі, 159-аят.
[16] «Исра» сүресі, 53-аят.