Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс ‒ жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашырар жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа етіп таңдаған Алла тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмашылықты, адами жақсы қатынастарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін Құранда: «Бірбірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар…» («Хужурат» сүресі, 12-аят.) деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдайды. Иә, адамның өз бауырының етін жеуге қалайша дәті барады? Әрі бұл жерде «өліп қалған бауырың» деу арқылы адамды одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс, туыстық мейірімі сембеген бір адамның адами, қоғамдық, әрі мәдени тұрғыдан зиянды, сонымен қатар, жиіркенішті мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта «одан тіксіндіңіз» деу арқылы адам табиғатының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. «Олай болса, Алладан қорқыңдар» деу арқылы Алланың тыйым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубе етуге шақырады. Адамзатқа ұстаз ретінде жіберілген Ардақты елші (с.ғ.с.) де көптеген хадистерінде қоғамдық өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға балта шабатын әрі ақыреттік өмірімізде ауыр азапқа душар ететін ғайбаттан аулақ болу керектігін үнемі үмбетінің есіне салып отырған. Ислам дінінің бұған қаншалықты мән бергенін жете түсіну үшін, Пайғамбарымыздың осы мәселеге қатысты айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған жөн. Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп) қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып «Оның өлі етін же. Өйткені, сен тірі кезіңде оның етін жегенсің» делінеді. Пайғамбарымыз осыны айтқаннан кейін «Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұнатады ма?» деп «Хужурат» сүресінің 12-аятын оқыған екен (Ғазали, Мукашафатуль-қулуб, 149-б.). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды», – дейді (Муслим, Бирр, 32). Яғни, бұл жерде заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекеттің де харам етілгендігі айтылған. Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Пайыздың (риба) ең жаманы нақақ мұсылманның ар-намысына тиіп ренжіту»,– дейді (Әбу Дауд, Әдәб, 40). Бұл жерде біреудің ар-намысына тиіп ренжіту де ғайбатқа жатады. Ғайбаттың соншалықты ауыр күнә болуының астарында, адамға мал-мүліктен гөрі ар-намыстың қымбат болуы жатыр. Ислам діні адам баласына басты мән беріп, оны бүкіл жаратылыс атаулыдан ардақты қылған. Пайғамбарымыздың ғайбатты пайызбен теңеуінде терең мән бар. Өйткені, дінімізде пайыздық өсім ‒ ең көп датталған, одан бойды аулақ ұстау керектігіне басты назар аударылған ауыр күнәлардың бірі. Құранда «пайыз жеген адамдардың қиямет күнінде қабірлерінен шайтан соққан адамдардың есеңгіреп орындарынан тұрғанындай көтерілетіндері… Пайызды адал санағандарды Алла тағала жақсы көрмейтіндігі» айтылады (Бақара, 275-276). Олай болса, жоғарыдағы хадис ғайбаттың бұл жиіркенішті күнәдан да ауыр болатынын баяндап тұр. Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Пайғамбарымыз: «Ғайбат зинадан да ауыр күнә» деген кезінде қасындағылар «Қалайша, уа, Расулалла?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді»,–дейді (Бәйхақи, Шуабуль-иман, 6740-42). Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ са¬латын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді. Құран мен хадистің ескертулерін ескермей, қазіргі таңда мұсылмандардың діни, ұлттық және қоғамдық тұрғыдан соншама зияндығына қарамастан, ғайбатқа, оның таудай ауыр салдарына мән бермеуі өкінішті жағдай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам» дейді. Сондықтан тілді бүкіл жақсы амалдарды жоятын ғайбаттан сақтауға аса мұқият болу керек. Тағы бір сөзінде ғайбаттың ұаншалықты ауыр к.нә екенін білдіру үшін ол: «Сондай ауыр сөз айттың, егер ол теңізге араласты¬рылса, теңіз суын да ластап жіберетін еді» деген екен (Тирмизи, Сифатуль-қияма, 52; Әбу Даууд, Әдәб, 40, Риядус-салихин, 3/152 б.) Сөйлеу – адамға берілген өте үлкен сый. Бұл сыйды өз орнымен қолдану жаннатқа кіруге бірден-бір себепкер болады. Ақиық елші (с.ғ.с.): «Маған мына екі нәрседе: екі ерін арасы мен екі шат арасына кепілдік берсеңдер, мен де сендерге жаннатқа баратындарыңа кепілдік етемін», – дейді. Бұл екеуі де адам нәпсісінде оңай бас көтеретін аса қиын ағзалардың бірі. Өйткені, ауызбен айта салу адамға ешқандай қиындық тудырмайды. Адам айтқандарына абайламаса, бір ауыз сөзбен күпірлікке кіруі де мүмкін. Ғайбат та ауыздан шыққан бір ауыз сөз. Жасалуы оңай, өтемі тым ауыр күнә. Сонымен қатар, иманға келудің өзі де «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расул-Аллаһ» деген бір ауыз сөзбен жүзеге асады емес пе? Иә, қарап тұрсаңыз осы бір ауыз сөздің ақыретте салмағы тым ауыр болмақ. Ғайбаттың ауыр күнә саналуы – Ислам шариғатының адам баласына қаншалықты ерекше мән бергендігінің айқын көрінісі. Сондықтан да бұған ерекше назар аударып, ондай жаман әдеттен алшақ болу қажет.