Бүгінде Ислам құқығының жекелеген нормалары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізіліп отыр. Атап айтқанда, исламдық банкинг, бағалы қағаздар (сукук) нарығы, исламдық сақтандыру (такафул), діни бірлестіктердің қызметі, халал индустриясы және т.б. Аталмыш тенденция ислам құқығы (фиқһ) феномені мен қаржыландыру жүйелеріне теориялық тұрғыдан түсінуді және ғылыми зерттеу мәселелерін өзекті етеді.
Осыған орай Maqsut Narikbayev University-де «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп «Ислам құқығы мен қаржының өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл іс-шара Қазақстандағы исламдық қаржыландыру индустриясының даму жағдайын талдауға, халықаралық мамандардың тәжірибе алмасуына, ислам қаржысы секторындағы соңғы тенденцияларды талқылауға және ислам құқығы саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге, әлемдік ислам қаржысы саласындағы соңғы жетістіктермен бөлісуге мүмкіндік беретін алаң болды.
Maqsat Narikbayev University ислам және қазақ құқығы орталығының бас маманы Жалғас Сандыбаевтың айтуынша: «Ислам құқығы заңды қылмыстық және азаматтық құқық мағыналарында ғана қамтумен шектелмейді. Сонымен қатар ол қоғамдағы өмірдің діни, әлеуметтік, экономикалық және отбасылық аспектілерін реттейді».
Аталған іс-шарада ислам құқығының заманауи сын-қатерлері, қаржыландыру саласындағы инновациялық тәсілдер, қаржы секторындағы этика мен тұрақтылық, ынтымақтастық перспективалары және ислам құқығының қаржылық мәселелерді шешудегі рөлі сияқты тақырыптар талқыланды.
«Шариғат бойынша бақылау қызметі ислам банкингі саласындағы ең маңызды құрылым. Өйткені ислам қаржы институттарының негізгі мақсатының орындалуы мен басты сипатының сақталуы бұл қызметпен тікелей байланысты», – дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Арабтану» орталығының директоры Еркінбек Шоқай.
Бұл конференцияда Ислам құқығы және қаржы жөніндегі халықаралық сарапшылар тәжірибе алмасып, Қазақстандағы исламдық қаржыландыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ғалымдар конференция жинағына зерттеулер мен баяндамалар жариялауға мүмкіндік алды. Айта кету керек, аталған конференция аясында суретші Орынбасар Асылбектің каллиграфия көрмесі өтті.