«Бұл – сендермен келісім жасаған көпқұдайшылдардан безу туралы Алланың және Оның пайғамбарының хабарламасы» (Құран кәрім, 9:1).
«(Ей, көпқұдайшылдар!) Жер жүзін төрт ай бойы кезіңдер. Естеріңде болсын, [Алладан] ешқайда қашып құтыла алмайсыңдар. Құдай кәпірлерді, сөзсіз, қор қылады» (Құран кәрім, 9:2).
«Алланың және оның пайғамбарының үлкен қажылық күнінде адамдарға жариялаған жарнамасы: Алла да, Оның пайғамбарлары да көпқұдайшылдардан (мүлде) безген. Егер (сендер) тәубе етер болсаңдар, ол жақсы, ал теріс бақсаңдар, естеріңде болсын, Құдайдан қашып құтыла алмайсыңдар. Кәпірлерге қатты азап барын айтып, жар сал» (Құран кәрім, 9:3).
«Енді барлық көпқұдайшылдар арасындағы сендермен келісім жасағандар келісімге ешқандай қиянат жасамаса, сендердің қарсыластарыңа жәрдем бермесе, олармен жасасқан келісімді оның мерзімі толғанша сақтаңдар. Сөз жоқ, Құдай діндарларды дос көреді» (Құран кәрім, 9:4).
«Тыйым салынған ай өткен соң, [бұған дейін сендермен жауласпау туралы келісімді бұзған] көпқұдайшылдарды кез келген жерде құртыңдар, тұтқынға алыңдар, қоршаңдар. Олардың жүретін жолын кесіңдер. Егер олар тәубеге келсе, намаз оқыса, зекет берсе, тиіспеңдер. Сөз жоқ, Алла (тәубесі барларға) кешірім жасайды, мейірім етеді» (Құран кәрім, 9:5).
«Егер көпқұдайшылдардың біреуі сенен баспана тілесе, қашан ол Құдай сөзін тыңдағанша баспана бер. Сонан соң (иман үйірмесе) оны тыныш бір жерге жеткізіп сал. Олар ештеңені білмейтіндер, мұны сол үшін істе» (Құран кәрім, 9:6).
Өздерін мұсылманбыз, Ислам атынан әрекет етеміз дейтін бүлікшіл саяси көзқарасты ұстанушылар мұсылман еместерге қарсы агрессиялық істерін Құран аяттарымен негіздеуге және ақтап алуға тырысады. Атап айтқанда, олар Қасиетті Құранның «ат-Тәуба» деп аталатын тоғызыншы сүресін, соның ішінде оның жоғарыда келтірілген алғашқы алты аятын өте тар, қасаң аяда түсініп, пайдаланады.
Осы аяттардың дұрыс шариғи мағынасын айқындау үшін оларды өзара қатар қойып салыстырып, түсу уақытын және басқа да аяттармен және хадистермен байланысын қаперге алу қажет.
Бірінші және екінші аяттарда пұттарды Жалғыз әрі Дара Жаратушының деңгейіне көтерген көпқұдайшылдарға қатысты мұсылмандар тарапынан қауіпсіздік кепілдігі болмайтындығы айтылуда.
Айналасындағы халыққа бейбітшіліктің үлгісін көрсетуі тиіс мүміндер неліктен осындай қадамға барып, дұшпандық танытады? Мәселен, бір сенімді хадисте: «Мұсылман тілімен де, қолымен де басқаға зияны тимейтін адам»[1], – демеп пе еді?! Ал басқа бір хадисте: «Мүмін дегеніміз – адамдар [мейлі ол мұсылман не кәпір болсын] оның қасында өзін еркін әрі қауіпсіз сезінетін кісі»[2], – делінген.
Ендеше, алдымен аталған аяттардың түсу тарихына назар салып көрелік.
Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық миссиясы кезеңдерін парақтай келе біздің көретініміз, әскери қимыл секілді ең соңғы шешімдер тек мүшріктер (көпқұдайшылдар) тарапынан мұсылмандарға қысым көрсетіліп, кейін арадағы бекітілген бейбітшілік келісім бұзылған кезде ғана қабылданған. Бітімгершілік туралы келісімге мұсылмандардың әлсіздігінен емес, керісінше олардың қолдарында билік, күш және ұйымдасқан әскер бар кезде қол қойылды.
Ол келісім Мұхаммедтің пайғамбарлығының алғашқы күндерінен-ақ мұсылмандарға жәбір-жапа көрсетіп, қорлап, ар-абыройына нұқсан келтіріп, үйлерінен қуып, дүние-мүліктерін тастап, қоныс аударуға мәжбүр еткендермен; Пайғамбарды өлтіруді қалап қана қоймай, соны іс жүзінде орындауға тырысқандармен (әрине, олардың бұл жоспарлары іске асқан жоқ) жасалды.
Міне, кек алу және есе қайтару мүмкіндіктері қолдарында бола тұра, мұсылмандар осы адамдармен қауіпсіздікті сақтау және екі жаққа да нұқсан келтірмеу шарттарын алға тартып, бітімге келді.
Алайда, Мұхаммед пайғамбар өз сахабаларымен жауласқан тайпаларға қарсы кезекті шайқасқа (Табук жорығы) дайындалып жатқанда, мүшріктер мұсылмандардың дұшпандарымен ауыз жаласып, келісімді бұзды. Олар өздерінің пұтқа табыну сенімдеріне жойқын соққы беріп, күннен-күнге қуаты мен беделі арта бастаған мұсылмандарды осылайша әлгі тайпалармен күш біріктіре отырып тұқыртқысы келді. Көпқұдайшылдар егер Ақиқат салтанат құрса, жалғандыққа орын қалмайтынын жақсы түсінген болатын (қараңыз: Құран кәрім, 17:81).
Кез келген қоғамда сатқындық ауыр жазаланады және, әсіресе, ол соғыс жағдайында орын алатын болса, көбінесе оның жазасы – өлім. Дегенмен, Ислам – жазалауда әрі Әділетті, әрі Мейірімді Алла тағаланың шексіз ілімі.
Жоғарыдағы жағдайда Оның қандай мейірімділік еткеніне қараңыз: мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасап, кейін оны бұзған көпқұдайшылдарға өз аумақтарында да, мұсылмандар аумағында да емін-еркін жүруге төрт ай уақыт беріп отыр. Яғни осындай қанқұйлы қадамға барса да, мүшрік саудагерлер мен жолаушылар төрт ай бойына өз өмірлеріне алаңдамастан, дүниені кезе алады (бұл түсіндірмені ат-Табари[3] және басқа да белгілі тәпсіршілер айтқан).
Бесінші аятта былай дейді:
«Тыйым салынған ай өткен соң, [бұған дейін сендермен жауласпау туралы келісімді бұзған] көпқұдайшылдарды кез келген жерде құртыңдар, тұтқынға алыңдар, қоршаңдар [өздерінің арамза істеріне сәйкес тойтарыс беріңдер]. Олардың жүретін жолын кесіңдер. Егер олар тәубеге келсе, намаз оқыса, зекет берсе, тиіспеңдер. Сөз жоқ, Алла (тәубесі барларға) кешірім жасайды, мейірім етеді».
Бұдан түсінетініміз: мұсылмандарға төрт ай өткеннен кейін jus talionis (есе қайтару құқы), яғни көпқұдайшылдарды жоюға рұқсат беріледі. Тек олардың ішінен кімде-кім тәубе қылып, Бір Құдайға иман келтірсе және намаз оқып, мұқтаждарға зекет беріп, иманын іс жүзінде растаса ғана кешірім жасалынады.
Бұл қатыгездік емес пе? Қасиетті Құрандағы: «Дінде зорлық жоқ» (қараңыз: Құран кәрім, 2:256), – деген дін ұстану бостандығына қайшы болып шықпай ма? Алла жолына даналықпен және сыпайы шақыр деген төмендегі аятқа қырын келмей ме: «Тәңір жолына адамдарды даналықпен шақыр, олармен сыпайы сөйлес, ненің жақсы екені туралы [құдайсыздармен және көпқұдайшылдармен; басқа мәдениеттердің және діндердің өкілдерімен] дауға да түс» (Құран кәрім, 16:125). Ал өлтіру мен зорлық-зомбылық өзіңнің дұрыстығыңды дәлелдеудің ең ұтымды әдісі бола ала ма?
Осы жерде Сайид Құтбтың[4] тәпсіріне назар салғанды жөн көремін. Аталған аятқа түсіндірме бере келе, ол былай жазады:
«Бұл жердегі өлтіруге шақыру жалпы көпқұдайшылдар мен кәпірлерге емес, тек мұсылмандармен соғысып, кейін бітімгерлік келісімге келіп, біраз уақыттан соң ол келісімді бұзғандарға ғана қатысты екенін аят мағынасынан анық аңғарамыз. Бұл аят дінде зорлық жоқ (қараңыз, Құран кәрім, 2:256), дінді даналықпен уағыздау керектігі (қараңыз, Құран кәрім, 16:125), сыпайы (орынды, адамгершілікпен, әділетті) сөйлесуге шақыру (қараңыз, Құран кәрім, 29:46; 16:125), т.б. секілді негізгі қағидаларды шектемейді де, жоққа да шығармайды.
«Тәубе» сүресінде: «…Олар келісімінде тұрған кезде [әділетті болса] сендер де келісімді бұзбаңдар [оларға әділетті болыңдар]. Алланың сүйетіні, сөз жоқ, діндарлар [ісі мен амалында игі болғандар]», – делінеді (қараңыз, Құран кәрім, 9:7)»[5].
Міне, осы түсіндірме аталған мәселені шынайы ислами тұрғыда ұғынуға толықтай сәйкес келеді.
Бұған қосымша ретінде «Мумтаһина» сүресіндегі мына жайтты айта кеткен дұрыс:
«Бәлкім, өздеріңмен өштесіп жүргендер [кәпірлер, пұтқа табынушылар] мен сендердің [мұсылмандар] араларыңда Алла жақындық пайда қылар, өйткені Ол барлығына құдіретті[6], Ол тым жарылқағыш әрі өте мейірімді. (Ал кәпірлер ішіндегі) сендермен соғыспағандарға, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға [ұлтына, ұстанымына, дініне қарамай] жақсылық жасаудан, олар туралы әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы көретіні даусыз» (Құран кәрім, 60:7, 8).
Көпшілікке белгілі қағида бар: тыйым салынбаған нәрсе болса, оған рұқсат. Ал адамгершілік пен әділеттілік таныту рұқсат етілген амал ғана емес, ол Исламның мұраты, өйткені ол басқалардың да айналада болып жатқан жағдайларға кеңірек түрде өзіндік талдау жасауға талпынысын оятады. Сахих хадистен білетініміздей, егер мұсылман адам бір кісінің Жаратушы Аллаға иман келтіруіне себепші болса, ол мұсылманға Алла тарапынан берілетін сауап жер бетіндегі барлық байлықтан да бағалы болмақ[7].
Сонымен қатар: «Алланың тосатыны – дін үшін сендермен соғысқан, өздеріңді мекендеріңнен қуып шығарған және қуып шығаруға көмектескен жандарды дос тұту[8]. Оларды [жәбірлеушілерді, жауыздарды, қылмыскерлерді] кім дос санаса, сол залым» (Құран кәрім, 60:9).
Келесі. Бесінші аяттағы: «Егер олар тәубеге келсе, намаз оқыса, зекет берсе, тиіспеңдер. Сөз жоқ, Алла (тәубесі барларға) кешірім жасайды, мейірім етеді», – деген сөйлемдер адамды мәжбүрлеп дінді қабылдатуға шақырмай ма?
Аят мағынасына үңіліп қарайтын болсақ, бұл жерде мәжбүрлеу туралы емес, керісінше, Жаратушының мейірімділігі мен кешірімділігі туралы айтылып тұрғанын түсінуге болады.
Оны қалай байқаймыз? Ойланып көрелік: егер қоғам және мемлекет алдындағы аса ауыр қылмысы үшін өлім жазасына кесілген қылмыскер тәубеге келдім десе, оған рақымшылық жасалуы мүмкін бе? Бұл, адам қолымен жазылған заңдар бойынша мүмкін емес, ал Құдай заңы бойынша мүмкін! Бейбітшілік келісімді бұзғандар және кезекті рет зұлымдыққа барғандарға шынайы тәубе қылу әрі ниетінің түзулігін игілікті істерімен растау арқылы кешірім алуға мүмкіндік берілген.
Егер көпқұдайшылдар өздері қол қойған келісімді бұзбағанда тек ауызбен тәубе айту жеткілікті еді. Алайда, жасаған қылмыстарына байланысты бұл жолы олар өз ниеттерін намаз оқу, зекет беру арқылы алдағы уақытта өз тараптарынан қауіпсіздік кепілдігін берумен ғана рақымшылыққа қол жеткізген.
Кейінгі тарихтан бір мысал. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Германия мен Кеңес Одағы арасында бейбітшілік және шабуыл жасамау туралы келісімге қол қойылды. Германия бұл келісімді бұзды да, Кеңес Одағы соғысуға мәжбүр болды. Исламда да осылай: жағдайды соғыс арқылы шешуге тек басқа амал-айла қалмағанда ғана жол беріледі.
Алтыншы аятта былай дейді:
«Егер көпқұдайшылдардың біреуі [басқа мәдениет пен сенімнің адамдары] сенен баспана тілесе, қашан ол Құдай сөзін тыңдағанша баспана бер. Сонан соң (иман үйірмесе) оны тыныш бір жерге жеткізіп сал. Олар ештеңені [ақиқатты] білмейтіндер, мұны сол үшін істе».
Тек мұсылмандарға қарсы соғыс жарияланған жағдайда ғана проблемаларды қарудың күшімен шешуге рұқсат етіледі. Ал өшпенділік немесе дұшпандық танытпағандар мен қауіп төндірмегендерге мұсылмандар өз аумағында емін-еркін жүруіне кепілдік береді.
Алла тағалаға Өзінің Пайғамбарына олар Құдай Сөзі – Қасиетті Құранды тыңдағанша, дінге шақыруды ұғынғанша оларға баспана беруін бұйыруда. Содан кейін мұсылмандарға осы көпқұдайшылдарды немесе кәпірлерді қауіпсіз жерге жеткізіп салуға әмір берілуде.
Ойлап қараңызшы: Жалғыз Құдайға иман келтірген мұсылмандар көпқұдайшылдардың өміріне жауапкершілік алып тұр (!) және олардың өз аумақтарында қауіпсіз жүріп-тұруларын қамтамасыз етпек!
Біз талай империялар мен мемлекеттердің өз іштеріндегі басқаша ойлайтындарды түрлі сылтаулармен қуғын-сүргінге ұшыратып, қырып-жойғанын тарихтан жақсы білеміз. Ал Исламда мұндай әдіске жол жоқ.
Мәселен, Мұхаммед пайғамбардың уақытында алдымен Мәдинаны, кейін Мекке қаласын астана еткен Ислам халифатының қалыптасу кезеңінде мұсылмандармен христиандар да, иаһудилер де, пұтқа табынушылар да қатар ғұмыр кешті. Олардың ешбірі қысымға ұшырамады. Егер мемлекеттің қандай да бір өңірінде мұсылмандарға артықшылықтар беріліп, мұсылман еместердің құқы мен бостандығын шектеу дерегі орын алса, осы ақпарат халифаға (президентке) жетісімен сол өңірдің басшысы (әкімі) бірден қызметінен алынатын.
Халифатқа өзге діннің өкілдері мекендейтін жаңа аумақтарды қосу кезінде мұсылмандар ол жердің ғибадатханаларын қиратқан жоқ, адамдарға таңдау мүмкіндігін беру мақсатында сол ғибадатханалардың қасынан мешіттер тұрғызып отырды. Кейін Кордова халифаты заманында Еуропада қуғынға ұшыраған еврейлер мұсылмандық Испанияға бас сауғалап, пана тапты…
Шәміл АЛЯУТДИНОВ,
Қазақ тіліне аударған Ескендір ТАСБОЛАТ
[1] Жәбирден жеткен хадис; Мүслім. Қараңыз, мыс: әс-Суюти Ж. Әл-жәмиғ ас-сағир. 551-б., № 9206 хадис, «сахих».
[2] Фәдәлә ибн Ғубайдтан жеткен хадис; Ибн Мажә. Қараңыз, мыс: Ибн Мажә М. Сунан. 1999. 423-б., № 3934 хадис, «сахих». әс-Суюти Ж. Әл-жәмиғ әс-сағир. 548-б., № 9144 хадис, «хасан».
[3] Әбу Жапар Мұхаммед ибн Жәрир ат-Табари (григ. 839-923 жж.) – тарихшы, муфассир, мухаддис, шафиғи мәзһабының фақиһы. Табаристанның (Иран) Амун қаласында туған, Бағдад қаласында өмір сүріп, сонда қайтыс болған. Тарих, тәпсір және фиқһ бойынша «Жәмиғ әл-байан фи тафсир әл-қуран», «Тарих әл-умам уә әл-мулүк», «Ихтиләф әл-фукаха», «Адаб әл-куда», «Тахзиб әл-асар» сынды бірқатар кітаптардың авторы.
[4] Саийд Құтб (1903-1966) – Мысырдың мұсылман діни қайраткері және ойшылы. Саяси қызметі үшін өлім жазасына кесілген. Оның «Фи зиләл әл-қуран» атты тәпсірі – ХХ ғасырдағы Қасиетті Құранға жасалған ең әйгілі тәпсірлердің бірі.
[5] Құтб С. Фи зиләл әл-қуран. 6-томдық. Каир-Бәйрут: аш-Шурк, 1994. 1590-б.
[6] «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жаман қылықтыға жақсы ниетпен қара. Сонда саған өшпенділігі бар адамдардың өзі бейне сырлас досыңдай болып кетеді» (Құран кәрім, 41:34).
[7] «Алла тағала сен арқылы біреуді тура жолға салса, ол барлық дүниеден қайырлы». Әбу Рафиға және Сәһл ибн Сағдтан жеткен хадис; ат-Табарани. Қараңыз: ат-Табарани С. Әл-муғджам әл-кәбир. 25-томдық. Каир: Ихия ат-турас әл-араби, 1985. 1-т. 315-б., № 930 хадис; 332-б., № 994 хадис; сол еңбекте. 6-т. 152-б., № 5818 хадис; әс-Суюти Ж. Әл-жәмиғ ас-сағир. 444-б., № 7219 хадис, «хасан».
[8] Бұл жерде «жақын дос болу» деген мағынада айтылып тұр. Ал осындай жағдайдың өзінде араласу, дипломатиялық, диалог түріндегі қарым-қатынастарды сақтауға болады және бейбіт өмір кешу үшін ол қатынастар дамытылуы мүмкін.