Араб тілінде «инс» сөзінен шыққан «Инсан» қазақ тілінде пенде, адам қауімі деген мағыналарды береді. Қазақ тілінде де «пенде» дегенімізде оның жынысы не болмаса түрін ажыратып жатпастан барлығын қамтиды. Араб тілінде де «инс» сөзі еркек, әйел, бала немесе қарт деп бөлместен барлығын қамтиды.
Сондай-ақ бұл сөздің түпкі мағынасы «ұмыту» дегенді білдіреді. Бұл жайында Ибн Аббастан жеткен: «Адам өзінің келісімін ұмытқаны үшін бұл есімді алды» деген риуаятқа негізделген. Құран Кәрімде «инсан» алпыс бес жерде, «инс» он сегіз жерде, «инси» бір жерде айтылған. Сонымен қатар, бұл аяттарда адам баласы жан-жақты талқыланып, жаратылысы, болмысы мен мақсатын бір тұтастықта негіздейді. Алғашқы жаратылған Адам атамыз туралы айтылған аяттарға зер салып қарайтын болсақ, Алла тағала ерекше етіп жаратқанын байқаймыз. Яғни алғашқы адам ерекше жаратылыспен жаратылған.
Барлық дінде пенденің жаратылысы мен ерекшелігі, басқа жаратылыстардан айырмашылығы мен үстемділігі жайында айтылғаны сөзсіз. Біз бұл жерде Ислам дінінің пенде жайында айтқан ерекшелігі мен артықшылығына және маңыздылығына қысқаша тоқталатын боламыз. Олар:
- Алла тағалла пендесін үстем етіп жараттып құрмет көрсетуін бұйырды.
- Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратты. Соның ішінде жер бетіндегі барлық жаратылғандарға пендені өкіл (билеуші) етіп қойды.
- Барлық жаратылғанды пендесіне бағынышты етіп, пенденің басқа жаратылыстан үстемділігін көрсетті.
- Адамның денесін өлгеннен кейін де қайта тірілтетін етіп ерекше жаратты.
- Басқа жаратылыста берілмеген «ақылды» пендеге ғана берді.
- Иман етіп Алланың әмірлері мен тыйымдарын орындаған пенделеріне мәңгілік өмірді уәде етті Алла.
Алла тағаланың соңғы пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.) уаһи етілген, қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің жетпісінші аятымен қорытындалайтын болсақ. «Шын мәнінде адам баласын ардақтадық» деу арқылы пенде Алла тарапынан ардақталған жаратылыс. Жараталысымызға сай өмір сүруді, жаратылысымыздың ақысын беруді, жаратылысымыздың мақсатын ұмытпауды, жаратқанымызды естен шығармауымызды, жаратылысымызға тән қасиетті сақтауымызды және жаратқанның заңдылығына бағынуды баршамызға жаратқан Алла нәсіп етссін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ