Әрине, көзіқарақты жұртшылықта мұндай пікірлерге қатысты заңды сұрақ туады: он бес ғасыр бойы көз жазған ілім-білім мен ғылымды осыншама ұзақ уақыттан кейін қалайша қайта дамытуға болады?… Сана қабылдауға қиын соғатын бұл сауалға байланысты батыс тарихшылары мұсылман өркениетіне мынадай рөлді ұсынады: сол кездегі қалыптасқан жағдай мұсылмандарға көне дәуірлердің мұрасын сақтап қалуға және еуропа өркениеті оған өз құқығын қайта иемденгенге дейін оны күтіп ұстауға мүмкіндік берді. Осы мәселеге қатысты «Сыртқы әлемнің табиғаты туралы көне грек ойының ашқан жаңалықтары шамамен б.з. 145 жылы «Альмагестің» (Птолемей) туындауымен аяқталды, және осыдан кейін көне дәуірлерден жеткен ғылымның құлдырау үдерісі басталды. Мұхаммед дінінің әскерлерінің отынан аман қалған шығармалар мұсылман әлемінің сүреңсіз түсіндірмелеріне түсіп, латындық христиандықтан ежелгі шығармалардың гүлдеп өркендеуіне және өз жемісін беруге қолайлы топырақ жасап беретін уақытты күтті» деген сарында пікір білдірген француз Дюэм осы қатардағы танымал тарихшылардың бірі. Өкінішке қарай, Батыс елдеріндегі тарих кафедраларында осындай көзқарасты ұстанатын ғалымдардың саны әлі де болса көп.
Әрине, Батыстың тарих ғылымындағы осы тәріздес пікірлерден том-том кітаптар құрауға болар еді.. Десек те, мұндай дәйектердің қаншалықты негізсіз екендігін көрсету үшін бұл пікірлер мен көзқарастарға қатысты бірқатар ескертулер бере кеткен жөн.
Бірінші және ең бастысы – олардың пікірі бойынша қайта жанданған (немесе қайта табылған, не аяқ астынан қол жетімді мұраға айналған) XVI-XVII ғасырлардағы Қайта өрлеу дәуіріндегі ғылымның көне гректердің ғылыми мұрасымен еш ортақтығы жоқ. Математика, медицина, оптика, химия, астрономия, география, механика және тағы басқа да ғылымдардың XVI ғасырдағы даму аралығы грек ғылымымен салыстырғанда жүзжылдықтармен есептеледі. Қандай да бір ғылым саласынан хабары бар кез-келген адам оған көне гректерден мұра болып қалған ілімді XVI ғасырдағы (тіпті, XIV ғасырдағы) ғылым дамуының деңгейімен салыстыра отырып көз жеткізе алады. Қайта өрлеу дәуірінде көне гректердің мұрасы қайта ашылды деген пікірді тек осылай ғана тексеруге болады.
Осы орайда, көне гректердің жоғарыда аталып отырған ғылымдарды дамытудағы жан-жақты еңбегін терістемей-ақ, олардың біздің бүгінгі өркениетіміздің даму өлшемін көрсететін қағазды, кітап басуды, жер өңдеу мен ирригация технологияларын, жел диірмендерін, компасты, өнеркәсіптік өндірісті, бау-бақшалар салуды, гүл өсіруді, сандарды ойлап шығаруды, қағаз ақшалар мен чектерді, сауда тетіктерін, заманауи қаржы саласын, қала құрылысын, тұтастай алғанда қоғамдық құрылысты дамытудағы еңбегі қандай екенін білу өте қызық болар еді…
Батыс аудармашылары ХІІ ғасырда грек немесе латынша алғашқы дерек көздеріне жүгінбей-ақ, ғылыми жұмыстарды бірден неге араб тілінен латынға аударуды жөн көрді? Грек ғылымының «ғайыптан» жоғалып кеткендігін дәлелдегісі келетіндер Орта ғасырларда грек ғалымдарының жетістіктері Византияда, тіпті, батыста қолжетімді болғанын айтады. Батыс тарихшылары мұсылмандардың грек ғылымдарын византиялық көздерден алғандығын айта отырып, бір мезгілде олардың жоғалып кеткендігін тілге тиек етеді. Ал осы екі пікірді өзара келістіру мүмкін еместігі тағы анық. Егер барлық ғылыми жетістіктер әу бастан және барлық кезеңдерде қолжетімді болған болса, онда Батыс ғалымдарына көне эллиндердің мұраларын игеруді бастау үшін неліктен Сицилиядағы (ХІ ғасыр), Толедодағы (ХІ-ХІІ ғасырлар) ислам өркениетінің орталықтарын және Крест жорықтары кезінде (ХІ-ХІІ ғасырлар) шығыстағы мұсылман жерлерін жаулап алуды күтуіне тура келді? Десек те, біз осындай көзқарасты ұстанатын және осы тақырыпта кең теориялар құратын тарихшылардан (Анри Пиреннің Александрия кітапханасының өртеліп кеткені туралы теориясы және т.б.) осы барлық деректерге түсінік бергені туралы мәліметті кездестіре алмаймыз.
Ал, шынайы тарихи дәлелдер грек ғылымдарынан соң мұсылмандардың көне заманнан келе жатқан ілімді дамытуды жалғастыра отырып, қазіргі күндегі заманауи ғылым мен өркениеттің негізін қалағанын көрсетеді. Осы ретте мұсылман өркениетінің Еуропа ғылымына тигізген ықпалының бірқатар айқындаушы аспектілері туралы айтқанда мына ақиқатты ескеру керек: Мұсылман ғалымдары ғылым мен өркениетті барлық адамдарға Жаратушыдан берілген сый деп түсіндіретін исламдық түсінік пен сенімді басшылыққа алады. Ал мұсылман өркениетінің ілім-білім мен ғылымды дамытудағы сол замандағы жетістіктері мен атқарған рөлі тән қандай да бір ерекше мәртебемен емес, сол дәуірде өте күшті өркендеген исламдық құндылықтармен байланысты еді. Осы орайда, адамзат тарихындағы ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан мұсылмандар өз ілімдерінің басқа өркениеттерден, мәселен қытай өркениетінен мұра ретінде алынғанын ешқашан терістеген емес. Мұсылман өркениетінің түсінігіне сәйкес, мүмкіндіктер барлық адамдар үшін теңдей беріледі.
Жалпы, осындай объективті пікірлерді есімдері көпшілікке аса танымал емес батыс тарихшылары мен қайраткерлерінің еңбектерінен көптеп табуға болады. Мәселен, Глабб бұл мәселе жөнінде мынадай пікір білдіреді: «Христиан әлемінің араб өркениеті алдындағы ғылыми қарызы жүйелі түрде төмендетіліп, тіпті, бүгінге дейін мойындалмай келді. Цензура мен біржақты насихатқа құрылған дәстүрге сәйкес мұсылмандар жабайылар ретінде бейнеленді, сондықтан Батыстағы ғылымның өркендеуі қандай да бір арабтардың араласуынсыз өз бастауын тікелей Ежелгі Рим мен Эллададан алады деген ойға тұғырланады».
Батыстың тағы бір көрнекті ғалымы Дрейпер: «Еуропа әдебиетінің мұсылмандар алдындағы өздерінің ғылыми міндетін орындаудан жалтарудағы жүйелілігі, діни төзімсіздік пен ұлттық астамшылықтан туындайтын әділетсіздігі мәңгі салтанат құра алмасы анық… Ерте ме, кеш пе, христиан әлеміне арабтардың интеллектуалдық мұрасының Еуропа үшін маңызын мойындауына тура келеді» деп пікір білдірді.
Батыстың ғылыми ойының жүздеген жылдарға созылған жабайылық кезеңнен шығуы ХІІ ғасырда басталды. Бұл туралы Хаскинс былай дейді: «Университеттер, соборлар мен парламенттер Орта ғасырларда пайда болды. Бір қызығы, не гректерде, не римдіктерде соңғы жеті немесе сегіз ғасыр бойы қолданылып келе жатқан бүгінгі түсініктегі университет сөзі болмады».
Сонымен қатар, ХІІ ғасырда жаңа сәулет стильдері, жел диірмендері, ауруханалар, көптеген ғылымдар мен ғылыми еңбектер пайда бола бастады және төменде беріліп отырған екі маңызды оқиға белгілі бір түрде мұсылман әлемімен байланысты орын алды.
Бірінші: Батыс христандары осыған дейін мұсылмандар иеленіп келген Сицилия, Испания, Толедо және тағы басқа да жерлерде басқаруды қолдарына алды. Бұл ретте крест жорықшыларының Таяу Шығыстағы Палестина мен Сирия аумақтарындағы мұсылман жерлерін жаулап алуы да ХІІ ғасырға тұспа-тұс келгенін айта кету керек. Осы айтылып отырған үш аймақ қазіргі күндегі Батыс өркениеті тұғырланатын барлық құндылықтардың көзіне айналды.
Екінші: ХІІ ғасырда негізінен Испанияда орналасқан Толедодағы ислам ғылымының шығармаларын батыс тілдеріне аудару аяқталды. Жалпы, ислам өркениетінің ғылыми еңбектерін аудару Барселона, Тараскон, Сеговия, Леон, Памплон, Тулуз, Безье, Нарбонн, Марсель тәрізді қалаларда да жүргенімен, ғылыми аударманың ең үлкен орталығы Толедо болып қала берді. Біздің заманымыздың 702-1085 жылдары аралығында төрт ғасырға жуық мұсылмандардың басқаруында болған осы қала ислам өркениеті жинақтаған ілім-білім мен ғылымның Еуропа құрылығының солтүстігіне берілуі үшін өте қолайлы жер еді. ХІІ ғасырдың алғашқы жартысында христиан Батысының барлық ғалымдары мен аудармашылары Толедоға келуге ұмтылатын. Д’Алверни бұл туралы: «Христиан әскерлерінің ізімен барлық елдердің (Еуропаның) студенттері мұсылмандардың «armaria» кітапханаларында жинақталған баға жетпес ғылыми байлығын өз көздерімен көріп, өз қолдарымен ұстап көру үшін Испанияға ағылды» деп жазады.
Осы ретте, 87 ғылыми еңбекті аударған итальяндық Жерар аудармашылар ішіндегі ең табысты аудармашы болды. Ол аударған еңбектердің ішінде Аз-Заркалидің (Арзакелис) толедолық кестесі және Джабир ибн Афлахтың «Птолемейдің «Альмагестіне» түзетуі» – «Исляхаль-Мажитси», Бану Муссаның «Liber trium fratrum», Әл-Хорезмидің «Dejebra et emucabala», Әбу Камилдің «Liber qui secundum Arabes vocatur algebra et amucabala», Абуль Касим Әл-Захравидің «Liber Azaragui de cirurgia (treatiseon surgeery)», Әл-Киндидің физика мен механика саласына арналған «Descientiis», Әл-Фарабидің медицина саласына қатысты «De umbris et de diversitatea specturm», «De gradibus medicinarum», Ибн Әл-Хайфамның физика саласындағы «De crepusculis et nubium ascensionibus» және басқа да көптеген еңбектерді атап кетуге болады.
Әрине, бір мақалада барлық аудармаларды тізбелеп шығу мүмкін емес және оның қажеті де бола қоймас… Өйткені, аудармалар туралы ауқымды мәліметтерді тиісті энциклопедиялардан табуға болады.
Ғылымның қалыптасуы мен дамуы бастау алған христиан әлемінің кез келген саласын алар болсақ, олардың қандай да бір түрде ислам өркениетінің орталықтарымен байланысты болғанын көреміз. Батыстың көптеген тарихшылары ілім-білім мен ғылымның ислам өркениеті орналасқан орталықтар мен жерлерден таралғанын бірауыздан мойындаса да, олардың көпшілігі осы үдерістегі ислам өркениетінің байланыстырушы рөлін мойындай қоймайды. Мұндай көзқарастар мен пікірлерді ұстанатын Батыс ғалымдарының ұқсас салдарлар ұқсас себептерден туындайтыны туралы ғылымның негізгі және қарапайым қағидатын түсінгілері келмейтінін білдіреді. Яғни, белгілі бір нақты құбылыстар зерттеліп отырған жағдайда оларды байланыстырып тұратын ортақ белгіні іздестіру қажет. Ал басқаша болған жағдайда олар өз әдістемелерінің ғылыми емес екендігін көрсетеді.
Жалпы, осы шағын мақаладағы деректер ислам өркениетінің Батыс әлеміндегі білім беру мен ғылым жүйесінің қайта өрлеуіне түрткі болғанын және батыстық дәстүрге негізделген заманауи өркениетке тигізген оңды ықпалын көрсете алды деп санаймыз.
Әрине, Еуропа ғылымының қалыптасуында үлкен рөл атқарған ислам өркениетіне қатынас әлі де болса басымдық көрсетіп отырған қасаң түрдегі классицизм мен еуропаорталықтық көзқарастар дәстүрінің қыспағында қалып отырғаны өкінішті-ақ. Десек те, уақыт өте келе ислам өркениетінің Батыс өркениетінің дамуына қосқан үлесі өзінің шынайы бағасын алады деп үміттенеміз.
Дереккөз: MuslimHeritage
Kazislam.kz