Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін үлкен мереке. Оны барша мұсылман елдері ерекше ықыласпен қарсы алады. Қасиетті мерекенің тарихы Ибраһим пайғамбардың қиссасынан бастау алады. Бұл қисса әлемдік дін саналатын христиан мен Ислам және ұлттық иудаизм діндерінің қасиетті мәтіндерінде кездеседі.
Ислам діні бойынша қиссаға сай Алланың әмірімен Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) өз ұлы Исмаилды (ғ.с.) құрбандыққа шалу тиіс болды. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) бұл сынақта Аллаға бой ұсынып баласын құрбандыққа шалмақ болады. Сол сәтте Жаратушы Исмаилдың (ғ.с.) орнына көк қошқарды құрбандыққа шалуды бұйырады. Осылайша, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) бұл сынақтан сүрінбей өтеді. Мұсылмандар Құрандағы осы қиссаға амал етіп, әр жылы құрбандыққа мал шалады.
Құран кәрімдегі «Саффат» сүресінде «Ұлы (Ысмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?» – деді. Ол: «Әй әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың» деді. Біз, оған: «Әй Ыбырайым!» деп, дыбыстадық. «Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз» (дедік). Шын мәнінде бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық» деген аяттар баяндалған.
Христиан дінінде Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) есімі Abraham (Эйвраһам) деп аталады. Орыс тіліндегі әдебиеттерде Авраам деп қолданылады. Аврамның екі әйелі болған. Біріншісі Сара, екіншісі Агар (мұсылманша Хажар). Сара бала көтере алмағаннан кейін Авраам Агарды алған және одан Исмаил есімді ұл көреді.
Алайда, бәйбішесі қартайған шағында Исаак (мұсылманша Исхақ) есімді ұл босанады. Христиан қасиетті жазбазында: «Әйелің Сара саған ұл туып береді, оның атын Исаак деп қоясың» делінген (Библия, Жаратылыстың бастауы, 17:19).
Нақты құрбандыққа шалу жайлы жазбада:
Сонда Құдай оған:
– Сен өзіңнің жақсы көретін жалғыз ұлың Исаакты ертіп алып, Мория жеріне бар. Оны сол жерде Мен саған көрсететін тауға апарып, құрбандыққа шалып, өртеп жібер! – деп бұйырды… Содан кейін Авраам пышағын қолына алып, ұлын бауыздамақ болды. Ал сол сәтте Жаратқан Иенің періштесі оған көктен дауыстап:
– Авраам! Авраам! – деп тіл қатты. Ол:
– Тыңдап тұрмын, – деп жауап берді. Періште:
– Балаңа қол көтерме, оған тиіспе! (Құдай былай дейді:) енді сенің Өзімді терең қастерлейтініңе көзім жетті. Себебі Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың, – деді.
Авраам төңірегіне көз тастағанда, қалың бұтаның ішінде мүйізінен шырмалып қалған қошқарды көрді. Ол барып, қошқарды әкелді де, оны ұлының орнына құрбандыққа шалып, өртеп жіберді» (Библия, Жаратылыстың бастауы, 22).
Жалпы, христиандық мәтіндегі осы деректерге қарап, Хажардың ұлы Исмайылды емес, Сараның ұлы Исаакты құрбандыққа шалу бұйырылғандығы байқалады. Демек, екі діндегі Ибраһимнің сынағы жайлы қиссаның негізгі айырмашылығы осында.
Ал, қалған элементтерінде біршама ұқсастықтар бар. Осы тұста «не себепті мұсылмандар Ибраһим пайғамбардың сүннетін жаңғыртып, айтта құрбандық шалады, ал христиандықта мұндай мереке мен дәстүр жоқ?» деген сауал туындауы мүмкін.
Оның себебін қасиетті жазбалар мен оның түсіндірмелерінен іздеу орынды болмақ. Ибраһим пайғамбардың қиссасы екі дінге ортақ болғанымен оның түсіндірушілері мен жаңғыртушылары әр басқа.
Ислам дінінің қасиетті жазбаларында құрбандықтың шалынуы мен сауаптылығы жайлы нақты нұсқаулар кездеседі. Сонымен қатар, бұл амал Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі тірісінде мұсылмандар арасында танылып үлгерді.
Құранда «Намаз оқы және құрбан шал» делінсе, хадисте «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйыруы мұсылмандар үшін құрбандықтың маңызын арттыра түсті.
Ал христиандықта мұндай нақты бұйырылып, іс жүзінде қолданылатын түсіндірмелер мен мәтіндер жоқ. Сол себепті, христиандар арасында аталмыш қисса көбіне тарих және өмірден сабақ алатын мағыналы оқиға ретінде танылған.
Христиандық діндегі құрбандық жайлы түсініктің бір ерекшелігі Исаның құрбан болуымен байланысты. Мұсылмандар үшін ұлы пайғамбар, ал христиандар үшін құдайдың ұлы саналатын Иса христиандық сенім бойынша өз соңынан ерушілерді құтқару үшін құрбандыққа шалынған адам. Оның қаны бүкіл христиандардың күнәсі кешірілуі үшін төгілді дегенге саяды.
Жалпы тақырыпты, қозғау барысында екі діннің мәтіндері мен рухани байланысы анық көрінеді. Сондықтан болар Ислам дінінде христиандарды «кітап иелері» деп ерекше мәртебе береді. Олармен жақсы мәміледе болуды бұйырады. Олар дайындаған тағамды жеуге рұқсат береді. Араларынан әйелдікке адал жар таңдауға да тыйым салмайды.
Алайда, бір дәстүрдің екі дінде екі түрлі танылуы дінді қабылдауда тек қана қасиетті мәтіндер емес, оны түсіндірушілер мен жаңғыртушылардың рөлі маңызды екендігін көрсетеді.
Рахымжан РАШИМБЕТОВ