Ислам мен басқа діндер арасындағы диалог Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманынан басталғанын айта аламын.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам тарихындағы алғашқы сұхбатты Нәжран христиандарымен Мәдина қаласындағы мешітінде өткізген. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина қоғамын діни және мәдени әралуандылық сипатында құрды. Ол қоғамда діни және нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтар бірдей құқықтарға ие болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жариялаған Мәдина келісімінде осы дерек көрсетілген. Бұл келісім пікір және наным-сенім еркіндігін көрсететін, азаматтардың өміріне қауіп төндіруге, бөтеннің малына қол сұғуға және қылмыс жасауға тыйым салған алғашқы заң болып саналады.
Ислам, барлық мұсылмандардан өзіне дейінгі көктен түсірілген діндердің бәрін мойындауды талап етеді. Осыған байланысты, мұсылмандарға Мұса, Иса, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарларды бір-бірінен алалап қарауға болмайды. Бұл жайлы Құран Кәрім былай дейді:
«Пайғамбар (Мұхаммед ғ.с.) Тәңірінен оған түсірген кітапқа иман келтірді, мүминдер де солай етті, олардың барлығы Аллаһқа, оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына иланды (иман келтірді). «Құдай жіберген пайғамбарларын біз алаламаймыз», (яғни біріне сеніп, біріне сенбей қоймаймыз). «Әміріңді естідік те, бойсұндық, Жаратушым. Түбі баратынымыз өзіңнің алдың екен, тағдырымызды өзіңе тапсырамыз да, жарылқауыңды (жалбарынып) тілейміз, Тәңірім», – дейді олар». («Бақара» сүресі, 285-аят)
Құран осы дін өкілдерін алауыздық пен талас-тартыс тудыратын нәрселердің бәрінен алшақ болуға және жақсылық жолында бір-бірімен жарысқа түсуге шақырады:
«Жақсы істерге ұмтылыңдар. Сендердің бәрің де Тәңірінің алдына қайта ораласыңдар.» («Маида» сүресі, 48-аят.