Террористік ұйымдар өз мақсаттарына жетудің айласы ретінде жалған ақпаратты пайдаланудан ешқандай арланбайды. Сол арқылы өз жетістіктерін асыра көрсетуге, әскери шығындарын азайтуға, зиянды ақпаратты жасыруға немесе қанды оқиғаларға әкеп соғатын іс-әрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік алады.
Террористік ұйымдар қоғам алдында өз мақсат-мүдделерінің «жоғарылығын» және өздерін «шынайы адамдар» ретінде танытудың тиімділігін жақсы түсінеді. Олардың шынайылығына немесе мақсатының дұрыстығына сену – террористердің идеологиялық шабуылдарына пайда әкеліп, қоғамға төнетін қауіп-қатерлердің ықтималдылығын арттырады және олардың басты қарсыласы болып саналатын зайырлы мемлекеттердің беделіне нұқсан келтіреді.
«Ислам мемлекеті» террористік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) бастапқыда сәтті ақпараттық операциялардың арқасында үлкен сенімге ие болды. Бұл мақсатқа жету үшін, олар жекелеген тұлғалар мен өзге топтар істеген зорлық-зомбылыққа қатыстары жоқ екендігін мәлімдеді. Алайда, бұл ұйымның бұл мәлімдемелерінің жалған екендігіне бүгінде жаһанның барша халқы куә. Оның ашық мысалы ретінде біз әлем елдерінің, оның ішінде Қазақстан аумағынан осы жалған ақпаратқа сеніп, Сирия асқан адамдардың тағдырын айта аламыз.
Бүгінгі таңда дүние жүзінде орын алып жатқан террористік әрекеттер маңызды талдау объектісіне айналып отыр. Пышақ жарақатын салу, адамдарды көлікпен қағу, түрмеден қашу сияқты террористік оқиғаларды – шығыны көп бірақ аса көп дайындықты қажет етпейтін психологиялық ауытқу, қылмыстық немесе жай кездейсоқ жағдайлар себеп болған оқиғалардан ажырату кей жағдайларда қиындық тудырады. Осыған қарамастан, «Ислам мемлекеті» кейбір шабуылдар үшін жауапкершілікті тез өз мойнына алады.
Қандай да бір ұйымның ықпалын арттуы үнемі қолдауды қажет етеді. Бұл топтың террористік қимылдары өзі тікелей бақылайтын шабуылдармен шектелмеді және өздерімен әлсіз байланыстары бар топтардың көптеген зорлық-зомбылық әрекеттеріне де қатыстары болды. Бұл жағдайда ақпаратты бақылау әлдеқайда күрделі. Сол себепті, «Ислам мемлекеті» әлемнің кез-келген аумағында орын алған қылмыстық оқиғаның өздеріне қатыстылығы туралы мәлімдеу керек пе, жоқ па, – деген шешімді өз мүдделеріне сай қабылдайтын болған.
Оған мысал ретінде, 2017 жылдың 1 қазанында Лас-Вегаста ашық «Open air» музыкалық концертінде орын алған оқиғаны айтуға болады. Оқиға барысында атыс болып, АҚШ азаматы Стивен Пэддок өзінің қонақ үй нөмірінің терезесінен 59 адамды өлтіріп, 600-ге жуық адамды жарақаттады. Бұл АҚШ тарихындағы бір адамның қолымен жасалған ең қанды оқиғалардың бірі болып табылады.
ИШИМ («Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті» – ред.) еш айғақ келтірместен, шабуылға қатысты: «Лас-Вегастағы шабуылшы исламды бірнеше ай бұрын қабылдады», – деп мәлімдеме жасады. Кейіннен ұйым, бұл кісінің лақап аты «Абу Абдул-барр әл-Амрики», – деп көрсетті. Алайда, құқық қорғау және барлау қызметкерлері, бұл қылмыскердің террористік ұйыммен ешқандай байланысын таппаған.
Осы жағдайға байланысты келесі болжамдар ұсынылды:
Біріншіден, Лас-Вегастағы шабуыл шын мәнінде шынында террористік ұйымның нұсқауымен орындалған, бірақ билік бұл байланысты таба алмады.
Екінші болжам – «Ислам мемлекеті» жауапкершілікті қателесіп мойнына алды. Бұл қателік, олардың ақпаратты тексере алатын немесе шабуылшымен байланысты орнататын адамының болмауынан орын алды.
Үшіншіден, «Ислам мемлекеті», бұл шабуылдың өздеріне қатысы жоқ екенін біле тұра, мәлімдеме жасады. Оған себеп, бұл топ үшін аса қажетті ақпарат – олар өздерінің жақтастарын жалған, жұбаныш пен үміт сыйлайтын «қолдауымен» желіктіруге тырысқан.
«Ислам мемлекетінің» жалған ақпарат тарату үдерісінің төмендетуін мақсат ететін іс-шаралар әлем деңгейінде іске асырылды. Соның бірі ретінде 2017 жылдың маусымында Германияда орын алған террорға қарсы операцияны мысалыға келтірсек болады. Полиция елге екі жыл бұрын босқындар толқынымен келген Мухаммед Г. есімді 23 жасар сириялықты тұтқындады. Мухаммед Еуропаға белгілі бір миссиямен келген «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының мүшесі болып шығады. Ол «халифат» аумағынан тыс жерлерде күрес жүргізетін ұйым мүшелері мен ИШИМ арасында байланыстырушы буын ретінде қызмет еткен. Мухаммед жергілікті жерлердегі ақпаратты тексерумен айналысқан. Сонымен қатар ол кейбір әлеуетті террористемен байланысқа шығып, террорлық әрекеттің жүзеге асқандығын бақылаған. Берілген тапсырманың орындалғандығын нақтылайтын графикалық материалдарды жинақтап, көз жеткізіп отырған. Мұндай байланыстырушының құрықталуы, көптеген террористік әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік бергені анық.
Ұйымның аты ислам дініне тікелей қатысты, ал, ұстанымдары мен іс-әрекеттері мұсылмандықтан мүлде үйлеспейді. Сондықтан ұйымның жалған мәлімет тарату арқылы жүздеген мың адамдардың тағдырын тәлкекке салуы дінде құпталмайтындығын айта кеткен жөн. Өтірік, жалған сөйлеу жайында Қасиетті Құранда:
«Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана өтірік айтады. Әне солар өтірікшілер» делінген («Наһл» сүресі, 105-аят).
Ал, пайғамбар хадистерінде өтіріктен мүлде аулақ жүруді айтады. Сафуан бин Салим риуаятында Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан: «Мұсылман қорқақ бола ма (мүмкін бе)? –деп сұрағанда, Пайғамбар: «Иә», – деп жауап береді. Кейін: «Мұсылман сараң бола ма (мүмкін бе)? – деп сұрап еді, Алла елшісі: «Иә», – дейді. Мұсылман өтірікші бола ма (мүмкін бе)? – дегенде: «Жоқ», – деп жауап берген екен (Малик, Байһақи).
Тағы бір хадисте Сахаба Абдулла бин Амир былай деп еске алады. Бір күні (бала күнімде) анам: «Мұнда кел, бір нәрсе беремін», – деп шақырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздің үйде отырған. Ол кісі: «Оған не нәрсе бермек болдың?» – деп сұрады. Анам: «Құрма бермекші едім», – деді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер де сен балаңа ешнәрсе бермесең, саған өтірік сөз (айтты) деп жазылған болар еді», – деген еді» (Әбу Дәуід).
Жалған ақпарат, мәлімет тарату – «Ислам мемлекетінің», дініміздің құндылықтарына жасаған зиянкестігінің бірі ғана. Оған қарама-қарсы қару ретінде діни сауаттылықты қолдана аламыз. Діни сауатты азаматтар бар жерде, діни құндылық пен жалған насихаттың ара-жігі ажыратылып, соның арқасында дін атын жамылған экстремистік ұйымдардың ойлағаны жүзеге аспайды.
Жоғарыда көрсетілген мәліметтер, террористік және экстремистік ұйымдардың ақпараттық соғыста түрлі тәсілдер қолданатынын дәлелдейді. Сонымен қатар кері бағыттағы топтардың мәлімдемелерінің басым бөлігі жалған ақпаратқа негізделетіндігі анық болды. Әсіресе, бұл мақсатта интернет желісі мен бейресми дереккөздердің ақпарат тарату қызметінің кері ықпалы айқын байқалды. Ислам атын жамылған теріс пиғылды ұйымдардың мұсылмандықпен мүлдем сыйыспайтындығы әшкереленді. Қазіргі кезде ИШИМ-нің күйреуіне байланысты, олар өздерінің іс-әрекеттері жайлы жалған ақпарат тарату қабілетінен айырылды. Дегенмен әлем халқы, соның ішінде ҚР азаматтары үшін де осындай топтардың жалған насихаттарынан сақтану мәселесі күн тәртібінде қала береді. Өйткені, адамзат тарихындағы кейбір оқиғалардың араға біршама уақыт салып қайталанатынына тарих куә. Осыған байланысты ақпараттық қауіпсіздік пен діни сауаттылық – жарқын болашағымыз үшін маңызды мәселе болып қала бермек.
Рахымжан Рашимбетов