Білім беру үрдісінің өрістеп, дамуына ресми дүниетаным сипатын қабылдаған исламның зайырлы білімді теріске шығармауы зор ықпал етті. Ислам мәдениетінің өркендеу ғасырына түрлі ғылымдар еркін зерттеліп, тыйым салынбады. Энциклопедизм – сол дәуірдің тек білім беру үрдісіне ғана емес, ғылыми танымға да тән болды. Ғалымдар мен ойшылдар білімнің әр түрлі салаларына: саясат пен құқыққа, этика мен экономикаға, теология мен философияға, әдебиет пен поэзияға, музыка мен жаратылыстану ғылымдарына, тарих пен техникаға, география мен космогонияға, алхимияға, геометрияға, алгебраға, лингвистикаға, медицинаға және т.б. назар аударды. Өнердің дамуы да (архитектура, қол өнері, шешендік өнері, каллиграфия, сызу т.б.) ғалымдардың ізденістерінен тыс қалмады. Керек болса, Еуропа мен Қиыр шығыс қараңғылықтағы кезде ислам әлемінде жоғарыда аталған ғылым салаларының қаншалықты дамығаны бізге әлем тарихынан белгілі.
Араб тілі – ғылым тілі
Ортақ араб-мұсылман мәдениетінің (оның қалыптасуына көптеген мұсылман елдерінің өкілдері ортақ атсалысты) біріктіруші факторы араб тілі болды, ол тарих сынынан сүрінбей өтіп, ғылым мен білімнің, халықаралық қатынас тіліне айналды. Деректер орта ғасырдағы толыққанды мәдени жасампаздық үрдістер туралы баяндайды, осы уақытта ғылыми және философиялық терминологияларды жасауға бағытталған араб тілінің сөздіктері дүниеге келді, мұның өзі араб тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, тереңдетті. Араб тілінің мәдениеттің барлық салаларында – ғылымда, философияда, құқықта, саясатта және т.б. негізгі және жетекші тіл ретінде орнығуы ислам әлемінің мәдени дамуының маңызды факторы болды.
Араб тілі әр түрлі мәдениет өкілдерінің сұхбаттасуына дәнекер және негіз, көптеген білімнің таралуына ықпал етті. Араб поэтикалық дәстүрінде айқын байқалатын сөзге деген құрмет, филологиямен терең әуестену ортағасырлық ислам мәдениетінің өзіндік сипатына айналды Айтпақшы, бұл дәуірге қатысты тарихшы мен ойшыл ғалымдары сол кездерде араб-мұсылман әлемінің артынан ерген Еуропаны «бойсұнушы шәкірт» деп атаған. Неге дейсіз бе? Өйткені, ортағасырдағы Еуропа грек ойшылдарын және олардың шығармаларын араб тілінен латын тіліне аударып қана танысу мүмкіндігіне ие еді. Бұған қоса, XII-XIII араб-мұсылман математиктерінің, дәрігерлерінің шығармалары ортағасыр Еуропа ғылымының негізі болды. Тіпіті Ибн Синаның «Әш-Шифа» (Исцеление) кітабы күні бүгінге дейін Еуропаның бірқатар медицина факультеттерінде қосымша пән ретінде оқытылатыны мәлім.
Ислам ғылымды ардақтайды
Дін ислам ғылымды ардақтайды, ғалымның мәртебесі жоғары: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зумар: 9). Аятта көргеніміздей білімді адам мен білімсіз адам тең емес. Тарихтан мысалы келтіре отырайық: IX ғасырда әл-Мамун халифтің әмірімен көтерілген, аты әлемге әйгілі «Бәйту әл-Хикма» (Даналық үйі – Дом мудрости) болған. Бұл ислам академиясының басты мақсаттарының бірі – үнді, грек тілдеріндегі астрономия, математика, медицина, химия, метафизика, философия т.б. шығармаларды араб тіліне аудару еді. Мұнда қандай тілде болсын білім туралы кітап алып келген адамға немесе аудармашыға сол кітаптың салмағымен тең күміс берілген. Сондықтан дұрыс үйретілген ислам қоғамдағы тәлім алу мен білім беруге өзінің оңды үлесін қосары сөзсіз. Тек оны дұрыс үйрете білу керек. Ғаламтордағы псевдо «шейхтер» арқылы немесе теріс ағымдағы «лидерлер» арқылы емес. Біз қаласақ та, қаламасақ та, мына заманда жастар дінге қызығушылық танытары анық. Мұның куәсі болып та отырмыз. Сондықтан, оны өз бетінше жібермей жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, сол жолда білікті дін мамандары мен ғалымдары, имамдарымыз бірлесе отырып атсалысқаны жөн. Ал енді исламның мемлекеттік құрылымға, азаматтық қоғамды құрудағы орнына келер болсақ, онда мысалы ретінде әл-Фараби секілді бабаларымыздың шығармаларын келтіруге болады.
Араб-мұсылман ғалымдары мемлекет туралы
Мемлекет, билік, мемлекеттік қызметші, қоғам мүшелері, азамат сияқты ұғымдар мен құрылымдар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар бүгін пайда болған дүниелер емес. Бұлар ертеден бар. Бұларға қатысты ғалымдар қанша ғасырлар бұрын талдау жасаған, оларға іргелі әрі құнды зерттеулерін арнаған. Яғни, біздің бүгін көтеріп отырған сұрақтарымызға қанша ғасырлар бұрын ғалымдар жауап берген. Бұл мәселелер жаңалық емес. Тек өкінішке қарай, кейінгі кезде әлемдегі қайғылы оқиғалар, исламды өтірік қаралау, исламофобияның таратылуы, дінді терроризм мен экстремизммен теңестіріп қарау, белгілі топтардың дінді өз мүддесіне сәйкес бұрмалауы сияқты жағдайлар бізді осындай сұрақтарға (діннің азаматтық қоғамдағы орны қандай, діннің қоғамға пайдасы немесе зияны бар ма? дін және мемлекет қарым-қатынасы қандай? сияқты т.б. мәселелерге) қайта әкеліп отыр. Бұған қоса біздер ұзақ жылдар бойы ата-баба дәстүрі мен мұсылманшылықтан қол үзіп қалдық. Сөйтіп, дін туралы біліміміз таяз немесе мүлдем жоғалып кетті. Соның салдарынан осындай сұрақтарға қайтадан жауаптар іздеп, идеология қалыптастырумен әлекпіз.
Сонымен мемлекет, билік жүйесі, азаматтық қоғам, мемлекеттік қызметші сияқты мәселелерге зерттеулерін арнаған ғалымдардың бірі, әлемде Екінші ұстаз атанған ғұлама әл-Фараби. Ғалымның көптеген шығармаларының ішінде әйгілі «Әл-Мәдинату әл-фазилә» (Қайырымды қала тұрғындары – Жители добродетельного города) және «Әс-Сиясату әл-Мәдәния» (Азаматтық саясат – Гражданская политика) атты трактаттары бар. Бұл шығармаларында ғалым жоғарыда айтып өткен ұғымдардың әрбіріне кеңінен талдау жасайды. Қоғамдағы азаматтардың әдетте қанша топқа бөлінетіні, отанды қорғайтын қарулы әскердің болу қажеттілігі, мемлекеттің негізгі функциялары секілді мәселелерді түсіндіреді. Тіпті, мұнда мемлекеттік қызметшінің «Ар-намыс кодексі» немесе «Қызметтік этикасы да» қамтылған. Әл-Фарабидің тілімен айтқанда «Бірінші басшыдан» бастап, қоғамдағы қарапайым азаматтың қарым-қатынас жасаудағы әдептілік нормаларын жазып көрсеткен.
Ал енді, «Худжату әл-ислам» (исламның айғағы – довод ислама) атанған ортағасыр мұсылман теологы Әбу Хамид әл-Ғазали мемлекет пен қоғам азаматтарына «Насихату әл-Мулук» (Патшаларға кеңес – Советы правителям) шығармасын арнайды. Кітаптың аты айтып тұрғандай мұнда билік иелеріне, басшыларға қызмет барысында мемлекеттік қызметшіге ұстануы тиіс этика, әдептілік нормалары айтылады. Басшыны тәкәппарлық, зұлымдық сияқты жаман мінездерден сақтану, кісі ақысын жемеу, өзгенің құқығын қорғау керектігі айтылады. Осылайша мұсылман ғалымдары демократиялық азаматтық қоғамды қалыптастыру негіздерін теориялық түрде талдап, практикада қолданудың әдістерін ұсынады.
Ислам мен дәстүр бірлігі
Қоғам мүшесінің құқығын қоғау, өзге дін өкіліне қысымшылық жасамау, әлсізге зұлымдық қылмау, басшының жұмысшыға әділ болуы, көршінің ақысын беру, ата-ананы құрметтеу, құдайы қонаққа көмек көрсету, жетімге қамқорлық, мұқтажға жанашырлық, үлкенге құрмет-кішіге ізет, әйел және отбасы ақысы сияқты т.б. қағидаттардың барлығы – мұсылманшылық ұстанымы. Біз осы құндылықтардың барлығын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба дәстүрімізден көріп келеміз. Сондықтан да, дін мен дәстүрдің үйлесімді болуы аса маңызды. Мұның айқын мысалын біздің полиэтносты қоғамымызда көріп отырмыз. Қазақ халқының тарихи және мәдени қалыптасқан діні ислам. Дархан қазақтың дәстүрімен біте қайнасқан бейбітшілік дін исламның құндылықтары біздің тілімізге, ділімізге, ұлттық мәдениетімізге сіңген.
Мағжан Жұмабаев: «…Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі-шын, дұрыс», – деп айтқандай өскелең ұрпақты көреген, дәстүрі мен дінін, ділі мен тілін құрметтейтін азамат болып қалыптасуы бізге байланысты. Өркениетті жамылып, демократияны желеулетіп, сырттан келген түрлі теріс пиғылды жат ағымдар мен діни ұйымдардың ел ішінде іріткі салуына жол бермеуіміз керек.
Асыл БЕК