Сұрақ: Ислам халифатында бүлікшілер болған ба?
Жауап: Жалпы қай заманда болмасын сарайдың маңында немесе билік басында егес тудыру, қастық қылу, шиеленіс жасау немесе пәле салу сияқты әрекеттер тоқтаған емес. Бүліктің қайсысы болса да зарары үлкен, салдары ұзаққа созылады.
Мысалы, Исламда осындай терең ізін қалдырған бүліктердің бірін ұйымдастырушы – Ибн Саба есімімен белгілі бүлікші. Кейде оны Ибн Харб [соғыс баласы] деп те атаған.
Мұсылман тарихшылары Абдулла ибн Сабаның йемендік еврей болғанын және ол өзінің Исламды қабылдағанын жариялағанымен шынайы түрде мұсылман болмағанын алға тартады. Бұған қоса Ибн Сабаның яһуди тұқымынан шығуы: «Рафидия ағымының асылы яһудилерден бастау алады» деген пікірге негіз болды.
Ибн Саба тұрған бойы бүлікші болған. Мысалы, ол үшінші халиф Усман ибн Аффанның билігі тұсында сарай мағында дүрбелең ұйымдастырып, үлкен бүлік шығарды, кейін ол бүкіл халифатқа тарайды. Соның салдарынан халифа Осман өлтіріліп, мұсылман қауымы жақ-жақ болып топтарға бөлініп кетеді.
Ибн Саба Тауратқа сілтеме жасай отырып: «Әрбір пайғамбардың рухани мұрагері болуы керек» деп Әли ибн Әбу Талибті пайғамбардың жалғыз әрі заңды мұрагері деп жариялайды. Сөйтіп алғашқы халифтердің барлығынан ашық түрде бас тартып, тіпті Әлиді адам бейнесіндегі құдай деңгейіне дейін көтереді.
Мұны естіген хазіретті Әли оны бір топ пікірлес адамдарымен бірге өлтіруді ұйғарады. Алайда Ибн Аббас сол кездегі белгілі бір саяси жағдаяттарға орай оны бұлай жасамауға көндіреді. Сонда Әли бүлікші Ибн Сабаны Мадайға (Ктесифон) жер аударып жібереді.
Әли ибн Әбу Талиб қайтыс болғаннан кейін Ибн Саба оны шын мәнінде өлмегенін, Иса сияқты көкке көтерілгенін және Әлидің орнына басқа адамның өлтірілгенін айтады. Әлидің өзі жер бетінде әділетті орнату үшін жерге қайта түседі деген пікірді тарқатады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ