Хадис ғалымы имам Науаи: «Бұл хадис үлкен маңыздылыққа ие. Хадис Ислам дінінің негізін түгел қамтиды»,-деп баға берген.
Кейбір ғалымдар Исламның мән-мағынасын ашатын негізгі төрт хадис бар. Бұл хадис – сол төртеудің ішінде. Сондықтан, хадисті діннің төрттен бірін қамтиды деуге болады деп тұжырымдаған. Хадисті сахаба Тамим Дари (р.а.) риуаят еткен. Ол –Ислам тарихында ең алғаш боп мешітте шам жаққан кісі. Риуаят Муслим еңбегінде тіркелген.
Оның мәтіні:
«Пайғамбар (с.ғ.с.): Дін – насихат (шынайылық),-дейді. Біз (сахабалар): Кімге (неге) насихат?,-деп сұрадық. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаға, Оның кітабына, елшісіне, мұсылмандар басшысына және жалпы адамдарға (шынайы болу, шынайылық таныту)»,-деген.
Муслим еңбегінен бөлек бұл хадис Әбу Дауд және Насаи хадис жинақтарында да бар.
Насихат – араб тілінен енген сөз. Тілдік мағынасы: қоспасыз, саф дегенді білдіреді. Оның кең тараған мағынасы бізге таңсық емес. Алайда, хадисте оның екінші мағынасы ашылып тұр. Риуаятта Алла Тағала, Оның кітабы және Пайғамбары жолында насихат ету деген мағынамен қатар дінді ұстануда шынайылық маңызды екені айтылған. Алла Тағаламен, Құранмен және Мұхаммед пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) шынайы болу.
Дінді тек сыртқы формасымен қабылдау қателік. Шынайылық көрініс таппай қалады. Құлшылықтардың сыртқы сұлбасын дін деп білу – дінді құбыжық етеді. Әрбір құлшылықтың мақсаты бар. Сонымен қатар, ең бастысы жан тазалығы, ниеттің дұрыс болуы деп діннің тікелей талаптарын бұрмалауға да қатаң тыйым салынады. Сыртқы қимыл-әрекеттерін қатар ұстана отырып, әсілін ұмытпау қажет. Сондықтан, дін ұстай білгенге – құт. Ұстай алмағанға – қасірет. Яғни сыртқы формасына ғана сүйену, яки, болмаса өзім білемге салыну. Демек, дін – шынайылық.
Руслан ҚАМБАР