Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:
«Ислам дінінде терроризм ұғымы жоқ»
– Аға, әңгімеміздің әлқиссасын діни басқарманың өзіңіз басшылық етіп отырған бөліміндегі ахуалдан бастасақ…
– Бисмиллаһир рахман-ир рахим. Әлхамду лилләһи роббил ғаламин. Уәс-салату уа-сәла саидина Мухаммад мустафа салаллаһу ғалейки уас-салам.
Шәриғат деген – өзгермейтін, бұлтармайтын діни заңдылық. Ал пәтуа – адамға, қоғамға, заманға қарай құбылатын, өзгеретін қандай да бір қағида. Біз осыны жамағатқа, халыққа кеңінен түсіндіріп келеміз. Бас мүфти қызметіне Ержан қажы Малғажыұлы келгелі бөлімнің жұмысына біршама өзгеріс енген. Қазіргі таңда басқарманың ғалымдары пәтуа шығарғанымен, ол бірден ел ішінде түсіндірілмейді. Өйткені, басқарманың жанынан Ғұламалар кеңесі құрылды. Онда еліміздегі оқыған, білікті, білімді дін мамандары жиналған. Біз жаңа шыққан пәтуаны сол кеңеске ұсынамыз. Яғни, ендігі пәтуалар Қазақстандағы барша ғалымдардың, ғұламалардың үн қатуымен, келісімімен шығатын болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әр ісінде сахабаларымен ақылдасып отырған ғой. Қазақ халқының «Өзім білемін дегенің – өзіңе салған ойраның, көпке салам дегенің – тастан соққан қорғаның» дейтіні де осы игі істің дұрыстығын айғақтайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымымен биылғы жыл «Дін мен дәстүр» жылы болып жарияланды. Осы бастаманың аясында «Дін мен дәстүр» кітабы жарыққа шықты. Бұл шаруалардың қолға алынуына қазіргі таңда күрделі мәселеге айналған діннің ахуалы еді. Өйткені, біздің қоғамдағы «Хақ дін енді келді қазаққа, біз, біздің ата-бабаларымыз шовинизм дінін ұстанған екен» деген пікірдегі адасушылар көбейді. Олар қазақтың төл дініндегі Әбу Ханифа мәзһабының қанат жаюына тосқауыл болуда.
– Біз кейде пәтуа сөзінің түп-төркінін түсіне алмай жатамыз…
– Пәтуа төрт бөліктен тұрады. Алғашқысы – тасаур, араб тілінен аудармасы – болған нәрсені толық суреттеу, екіншісі – такиф, оны реттеу, түсіну, саралау, содан кейінгісі – хүкім, яғни, үкім шығару. Үкім шыққаннан соң, ол нәрсені сұранысқа қарай икемдеу – пәтуа деп аталады.
– Ендеше бүгінге дейін діни басқармадан шыққан пәтуалардың маңыздыларын атап бере аласыз ба?
– Қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты туған сауалдардың негізінде шыққан пәтуалар осы уақытқа үш томға жинақталып, жұртшылыққа жол тартқан. Пәтуа шариғатсыз болмайды, ал шариғат пәтуасыз қозғалмайды. Қазіргі кезде адам мүшелерін ауыстыру, түсік жасау, отбасы, ер мен әйелдің орны, қаржы, сауда-саттық мәселелерінде, ақида, шариғат, ахылақ тақырыптарында жиі сауалдар туындайды.
– Қаржы дегеннен шығады, қазіргі қоғамда кредитсіз қазақты кезіктіру қиын. Ал, имам-молдалар несие алудың күнә екенін айтады. Шын мәнінде, кредитке адам сондай қажеттіліктен кейін ғана ұрынады ғой. Ол үшін банкке қарыздар жанды кінәлау да, күнәлау да адамдық тұрғыдан артық. Осыған қатысты қандай да бір пәтуа бар ма?
– Несиеге байланысты жалпы сауалдарға жауап беріліп жатыр. Оны енді Ғұламалар кеңесіне ұсынамыз. Алла қаласа, наурыз айында нақты пәтуа шығатын болады. Онда бізді толғандырғаны – өсім. Бұл исламға кереғар, қайшы. Әйтпесе, сауда-саттықта жүз доллорға алған дүниеңді жүз жиырма немесе жүз сексен доллорға сату – күнәға апармайды. Тек шыныңды айтып, үстіне қосқан ақшаңды тұтынушыдан жасырмасаң болғаны.
– Қазіргі Қазақстандағы діни ахуалға көзқарасыңызды білгіміз келеді.
– Тәуба дейік, күрделеніп кеткен мәселелер дер кезінде шешімін тауып, түзеліп келе жатқан жайымыз бар. Білікті ғалымдар, шет елде, елімізде оқыған, дипломы бар дін қызметкерлері бір мақсатқа – асыл дінімізді ілгерілетуге қызмет етуде. Тек ел ішіндегі дүмшелер, шала сауаттылар ғана кедергі жасайтыны бар. Олардың өзі уақыт өте келе сирейді, жоғалады деген сенімдемін.
– Десе де сол дүмшелеріңізді, шала сауаттыларыңызды қолдайтын, қолпаштайтын бір күш бар сықылды…
– Тоқсаныншы жылдары азаттығымызды алып, шекарамыз айқара ашылғанда, таза ауамен бірге шаң-тозаң да еріп кірді. Сол тұста өзінің ділін, дінін, тілін, салт-дәстүрін білмейтін жастарымыз шет елде оқып, сол елдің білімін ғана емес, иделогиясын да сіңіріп келді. Солардан жайылған тамыр тереңдеп кетті, меніңше. Әлгі идеологияны дін деп түсінген олар жат ағымға еріп, өздерінің «дінін» өз елінде жаюға ұмтылуда. Біз осындайлардан сақ болып, кейінгі буынды сақтауымыз керек.
«Мұсылман болу – әсте-әсте» дейді халық. Қазақстан, Құдайға шүкір, жер бетіндегі 57 ислам елінің қатарына кіреді. Өйткені, он екі миллион тұрғынымыз асыл дінімізді ұстанады. Бес парызды орындауымызға барлық мүмкіндік бар. Айт, жұма намаздарын өтеп жүрміз, қажылыққа бара аламыз, зекет бере аламыз. Осы жерде тоқтала кетерлік жайт, жаңағы 57 мемлекетті үшке бөліп қарауға болады. Бір елде демократия болғанымен, патшалық болуы мүмкін, бірақ мемлекеттік діні бар. Ол – ислам діні. Мұндай елдерде ислам шарттарына қатысты еш проблема жоқ. Екінші ел – зайырлы, мәселен, Түркия сияқты. Бірақ халқының көпшілігі мұсылман болғандықтан, билік ислам дінін қамқорығына алған. Оларда да түйінді мәселелер жоқтың қасы. Үшіншісі, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан сынды республикалар. Бұлар да зайырлы елдер. Бірақ бізге ешқандай агрессияға берілудің қажеті жоқ. Ең бастысы, Үкімет дінге бүйрегін бұрады, өркендеу бар. Осылайша, Түркияның жағдайына жетеміз деген ойдамын. Тек даналықпен халықты дінге шақыра білу керек.
Біз мұсылман дінін кеше қабылдаған жоқпыз, исламның төрімізге енгеніне он екі ғасыр болды. Кітап, қалам, дәптер, мұғалім, ұстаз, мектеп, шәкірт, қанағат, рахым, сабыр, шүкір деген жақсы сөздердің бәрі қолданысымызға осы дінімізбен келді. Қазақтың бар дәстүрі дінмен біте қайнасқан.
– Сөз соңында басқарма ғұламаларының алдында тұрған дәл қазіргі мәселелерді атап өтсеңіз…
– Ғұламалар кеңесінің алдына қойылған түйіндердің бірі – хижрат, яғни, көші-қон мәселесі. Мұхаммед (с.ғ.а) Меккеден Мәдинаға көшті. Өйткені, Меккеде Аллаға құлшылық ету былай тұрсын, кәлима айту қиын болды. Оны ұрды, соқты, өлтіруге әрекет етті. Сондықтын пайғамбарымыз (с.ғ.а) көшуге мәжбүр болды. Ал қазір біз – еркін, егемен елміз. Өзге топыраққа сондай мұқтаждықтан болмаса, көшудің керегі жоқ.
Келесі, жиһад мәселесі. Оның да өзіндік шарттары бар. Сол шарттардың тереңіне үңілмесек, күнәһар болып қалуымыз да кәдік. Біреулер «Құранда «Мүшіріктерді өлтіріңдер» деген аят бар екен ғой» деп, астарына үңілмей, экстремистік жағдайлар тудырып жатады. Шындығында, ол қасиетті кітапты толығымен оқыған жоқ, содан кейін қате қадамдарға барып жатады. Әйтпесе, шариғатта, исламда терроризм деген ұғым жоқ.
Ғұламалар кеңесі қарап жатқан мәселелердің қатарында мешіт имамының сипаты, зайырлы оқу жүйесі және мұсылмандық ұстаным, зайырлы қоғам заңдары мен ислам талаптары, діндегі әйел рөлі, сенім мен жікке бөлінушілік сынды тақырыптар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Асхат РАЙҚҰЛ