Реинкарнация дегеніміз – рухтың бір денеден шығып, екінші денеге көшуі. Араб тілінде мұны – танасух деп атайды. Жанның бір денеден екінші денеге көшуі исламда жоқ. Ахли сунна уаль жамаға ғалымдары реинкарнацияның ислам негіздеріне қарама-қарсы екенін бір ауыздан мақұлдаған. Біріншіден, мұсылман ақырет күніне сенеді яғни, адам өлген соң «есеп беру үшін» қайта тірілу: «Сол күні, адам баласы, амалдары көрсетілуі үшін топ-топ болып келеді» (Зілзәлә: 6).
Ол үшін адамның жаны өзінің бұл дүниедегі денесіне қайта кіреді. Сөйтіп, жасаған амалына сәйкес сауабын немесе жазасын алады. Ал реинкарнация бойынша жан бірнеше денеге, пішінге кіруі керек, олар: адам, жануар, жәндік, өсімдік те болуы ықтимал. Сөйтіп өзі тазарғанша дене мен пішіндерге ауысып жүреді. Мысалы, бір өмірде адам болып өмір сүрсе, келесі өмірде жасаған күнәсі үшін мақұлық, тауық, тышқан немесе ит, тас, өсімдік денесіне кіреді. Осылай өзінің рухы күнәлардан тазарған уақытқа дейін денеден денеге немесе пішіннен пішінге көшіп жүреді. Ислам догмасына сәйкес бір жан, бір денеге яғни өзінің тәніне ғана тиесілі. Мизан таразысында әркім тек өзі үшін ғана жауапты: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді.» (Зілзәлә: 7-8)
Екіншіден, Алла Тағала бұл өмірді пендесін сынау үшін жіберген: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан». (Мүлік: 2)
Мұның сыйы мен жазасын ақыретке қалдырған, ол есеп-қисап алынған соң беріледі. Ал реинкарнация бойынша адам рухының мәңгі бақытқа кенелетін ең биік дәрежесі «Нирванаға» жетуі үшін ол денеден денеге ауысып, азапты осы өмірде тартады. Бұған қоса исламда Алланың қалауымен кешірілмейтін күнә жоқ. Ол үшін пенденің реинкарнациядағы сияқты азап тартуы шарт емес. Алла Тағала қалағанын мейіріміне алады, қалағанын азапқа салады: «Сондай Раббыларына қарсы келгендер үшін тозақ азабы бар. Нендей жаман орын» (Мүлік: 6)
Жалпы реинкарнация сенімі ислам негіздерімен толық қарама-қарсы. Сол себепті сөзімізді ұзатпай былай түйіндесек болады, исламда адам өлгеннен кейін жаны көшіп жүрмейді, оның баратын мекені бар, ол – барзақ әлемі. Ал барзақ әлемі адамды қабірге қойылуымен басталады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қабір – ақыреттегі алғашқы мекен», – деп айтқан. Сондықтан да мұсылман баласының ислам негіздерінде мұлдем жоқ реинкарнация сияқты сенімге илануы немесе оны мақұлдауы қисынсыз әрі дінге қайшы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Өте қызық сұрақ екен. Көп нәрсе біліп алдым. Алғысымды білдіремін.
Көптен бері көкейімде жүрген сұрақ еді. Толық әрі тұщымды жауап беріпсіздер. Рахмет.