Сұрақ: Ислам діні ілім-білім үйренуге қалай қарайды?
Жауап: Ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы – білім алу және іздену. Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» – деп баяндайды («Зумар» сүресі, 9-аят).
Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердің дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп бұйырылады («Мужәдәлә» сүресі,11-аят).
Ардақты пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деген.
Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылымның жоғалуы – ғалымдардың өлімімен болады. Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді», – дейді.
Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу, түні бойы ғибадат етуден жоғары», – дейді.
Алла Тағала Құранда адамдарды ойлануға, айналадағы жаратылыстарға қарап, оның кереметтігіне көз жеткізуді бұйырады. Осы арқылы дүние заңдылықтарының даналықпен орналастырылғандығын түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді.
Алла тағала Құран Кәрімде: «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», – деп адамзатты ойлануға шақырады («Бақара» сүресі, 164-аят).
Демек, адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті.
Мұсылман ғалымдары көптеген заманауи шариғи, фиқх мәселелерде халал немесе харам екендігіне қатысты дұрыс шешім шығара алу үшін медицина, химия, астрономия, т.б. ғылым салаларының мәліметтеріне жүгінуіне тура келеді.
Мысал ретінде экономика, сауда саласын алсақ, фақиһ ғалым сауда, экономикадағы барлық қарым-қатынас түрлерін білмесе, соған қатысты мәселе туындаған жағдайда қалайша дұрыс үкімдер шығармақ? Банкте, биржада орындалатын түрлі кіріс-шығыс айналымдары жайлы тек осы саланың мамандарының көзқарасына жүгіну арқылы ғана дұрыс көзқарас айта алады.
Ұлы Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім», –десе, Шәкәрім адам өмірін үш кезеңге бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуатты жастық шағын ғылымға арнауды насихаттайды.
Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің ең маңызды жолы білімнен басталады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Даналарымыздан «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім…», – деген қанатты сөз қалған. Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?!
Сондықтан келешегі кемел, жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу ішін, білімді, көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті жаһандық нарықта бағасы бар, сапасы жағынан өзгелерден ұтымды дүние ұсына алатын халық ретінде қалыптасуға ұмтылғанымыз абзал.
Ең жақсы мирас – білім!
Балғабек МЫРЗАЕВ