Сұрақ: Ислам діні көршілік қатынас жайында не айтады?
Жауап: Көршіні таңдау – адамның өз құқығы. Ислам сізге мұны міндеттемейді, тек кеңес береді. Ал таңдау ықтияры адамның өзінде. Қазақ: «Үй алма, көрші ал», – деп бекер айтпаса керек.
Кім өзіне жаңа орын немесе басқа үйге қоныс аударғысы келсе, ол жердегі көрші болатын адамдардың қандай болатынына бей-жай қарамағаны дұрыс. Өйткені отбасылық өмірдегі көптеген мәселелер көршілік қарым-қатынасқа, олардың жайлылығы мен әдептілігіне қатысты болары ақиқат.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Төрт нәрсе адамға бақыт әкеледі. Олар – салиқалы әйел, кең үй, жақсы көрші және жақсы көлік», – деп айтқан (Ахмад, Байхақи).
Адам өмірінде көршінің маңызы туралы мына риуаят та хабар береді: Ертеде Әбу әл-Асуад әд-Дуәлидің Басра қаласында бір көршісі болыпты. Әбу әл-Асуад күнде одан жәбір көріпті. Бір күні ол үйін сатады. Мұны көрген халық Әбу әл-Асуадқа:
– Ей, Әбу әл-Асуад! Не қылдың, үйіңді саттың ба? – деп сұрайды.
– Жоқ, керісінше көршімді саттым, – деген екен. Содан бастап бұл сөз халық арасында кең тарап кетіпті.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ