Баршаға белгілі Ислам діні келмей тұрып араб жазирасында әйелге деген адами құрмет махрұм болған. Ол уақытта әйел заты тек үй шаруасымен айналысып, құл секілді қоғамда арнайы орны болған емес еді. Керек десеңіз, ол уақытта қыз дүниеге келгенде намыстан өзектері өртеніп тірідей жер қойнауына көмген сәттер де аз болмаған. Осындай надандықты адамзаттың санасынан тазалау үшін жер бетіне Жаратушы тарапынан арнайы шариғи заңдылықты қамтыған Құран Кәрім түсіп, ардақты Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар жіберілген болатын. Сол сәтте Құранның мазмұны Ислам дініне қарсы шыққан көптеген қызыл тілді арабтардың таңдайын қақтырып, мұсылмандар қоғамына жаңа шариғи өмірлік қағидалар алып келді.
Осындай қағидалардың бірі – отбасы шаңырағы шайқалмай сақталуы үшін ер мен әйелдің өз құқықтары болатындығы жарияланды. Екі жыныстың арасын айқындай білген Жаратушының заңдылықтар мамзұны, әсіресе, құқықтары тапталып келген әйелге деген құрметке баса назар аударған болатын. Осылайша, араб даласында Исламға негізделген жаңа отбасы үлгісі қалыптаса бастады. Ендеше, Ислам дінінің әйел затына деген құрметтің қаншалықты жоғары деңгейге көтергеніне тоқталып кетелік.
Құрсақтағы құрмет
Әсілінде, Ислам діні әйел затын өмірге келмей тұрып ананың жатырында ерекшелеп, құрмет көрсетіп қойған. Бұған Құранның мына аяты дәлел бола алады: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Ол қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді» (Шура , 49-аят).
Тәпсір ғалымдарының айтуынша, Алла Тағала Құранда қандай да бір екі жаратылысты ескергенде алдымен өзіне жақын, құрметке ие, үстем болған жаратылысты бірінші ескеретін қағидасы бар. Мәселен, «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында Алла Тағала 3 топтағы адамдар туралы айтады. Алдымен, 1-топ иман келтірген мүмін мұсылмандардың жағдайын ескереді. Содан кейін екі жүзділер мен өзіне қарсы келгендер туралы баяндайды.
Бұған қоса «Ахзаб» сүресінде Жаратушы сүйіктісі болған Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды басқа пайғамбарлардан бұрын ескерген: «(Мұхаммед с.а.у.) сол уақытта біз пайғамбарлардан уәде алған едік. Сенен, Нұх, Ибрахим, Мұса және Мәриям ұлы Исалардан берік уәде алған едік». Демек, жоғарыдағы аяттың мазмұнында Алла Тағала алдымен қыздарды ұлдардан дүние есігін ашпай тұрып ескеріп, оларға деген ерекше құрметін көрсеткенін аңғаруға болады.
Қыз кезіндегі құрмет
Жаратушы Алла қыз балаға дүние есігін ашқаннан кейін де ерекше құрмет көрсетіп қойған. Бұған пайғамбар (с.а.у.) тарапынан сенімді хадистер баршылық. Мәселен, ат-Тирмизи жинағынан жеткен хадисте: «Кімде кім үш қызды болса немесе үш қарындасты болса және оларға жақсы қарым-қатынас жасап, тәрбие берсе ол жәннәттық болады»,-делінген.
Ахмет ибн Ханбал жинағынан жеткен хадисте пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Кімде кім үш қызды болып және оларға жақсы тәрбие беріп, рахымына бөлеп, қамқорлығына алатын болса оған жәннәт уәжіп болады. Сонда бір сахаба тұрып: Ей, Алланың елшісі, егер екі не бір қыз болса ше?-деді. Сонда пайғамбар (с.а.у.): Екі немесе бір қыз болса да солай».
Демек, Жаратушы Алла қыз бала сәби кезінен бастап ерекше құрметке ие екендігін пайғамбардың (с.а.у.) ауызынан айтқызып тұр. Бұл өз кезегінде мұсылмандар арасында қыз баланың қоғамдағы орнын одан әрі айқындап, ерекше дәрежесін көтеруге алып келді.
Әйел кезіндегі құрмет
Қыз бала бой жетіп өсіп-өнген отбасынан, аунап ойнаған бауырларынан, қамқор мен мейірім көрген ата-анасынан жырақтап тұрмыс құрғаннан кейін де оған ерекше құрмет көрсетуді Ислам діні ер адамдарға міндеттеген. Құранда ер азаматтарға Алла Тағала: «Олармен (әйелдермен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар» (Ниса – 19 аят), деп бұйырған.
Бұған қоса әйел отбасының ошағын сөндірмес үшін, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне дақ түсірмес үшін оған деген қарым-қатынастың жақсы әрі лайықты дәрежеде болуды Пайғамбардың (с.а.у.) өзі соңғы қоштасу құтпасында былай деп талап еткен: «Ер адамдардың алдында әйелдердің хақысы бар ал, әйелдердің алдында ер адамдардың хақысы бар. Әйелдеріңе жақсы қараңдар!».
Демек, әйел затымен жақсы қарым-қатынас орнату Жаратушы мен Пайғамбардың (с.а.у.) тікелей ер-азаматтарға жүктеген міндеттемесі екен.
Ана кезіндегі құрмет
Ислам діні асыл аналарға деген құрмет дәрежесін көтергені соншалықты ананы риза етпеген перзент жәннәтқа кіре алмайтындығы туралы деректер жетерлік. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен мына бір риуаятта: «Бірде Пайғамбарға (с.а.у.) бір кісі келіп: Ей, Алланың елшісі, адамдардың арасында ең жоғары құрметке лайықты кім?-деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.у.): «Анаң» дейді. Сосын кім? «Анаң». Сосын кім? «Анаң»-деп үш рет қайталайды. Төртінші рет сосын кім деп сұрағанда, «Әкең»-деп жауап берген екен. Бұл хадиске байланысты белгілі ғалым Сан ани (الصنعاني) былай деген: «Егер әке мен ананың хақысы тең болған жағдайда ананың хақысы бірінші орындалады».
Бұған қоса Құранда ананың дәрежесін ерекшелеп былай делінген: «Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді бұйырдық. Өйткені анасы оны зорға көтеріп, әрең босанады» (Ахзаб – 15 аят).
Демек, Ислам діні қай тұрғысынан қарасақ та қыз баланы әу бастан құрсақтан бері ана дәрежесіне дейін қоғамдағы орнын айқындап, оларды ерекше құрмет иесі қатарына қосып қойғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі таңдағы «Әйел ер адамнан бір саты төмен болуы керек» деген секілді сөздер әйелдің дәрежесін төмендеткендік емес, керісінше, оның нәзік жанды табиғатын ескеріп айтылса керек. Себебі, Алланың алдында барлық адам жынысына қарамастан бірдей тең жаратылған. Ер азамат пен әйел затының өздеріне тән тең құқықтары бар. Сол құқық шеңберінен шықпай, әркім өз міндетін жүйелі атқаратын болса ғана екі жұп екеуара жан жарасымына кенелері анық. Бұл – өз кезегінде әркімнің табиғатында Жаратушы тарапынан белгіленіп қойған әу бастағы қағида.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы