Сұрақ: Ақыл дегеніміз не? Ислам діні ақылға қалай қарайды?
Жауап: Ақыл – адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін, шындық пен ақиқатты жалғаннан ажырататын қасиет. Адам жаратылысы бойынша жақсылыққа да, жамандыққа да бейім тұрады. Ал, оның жақсы амал жасауы ақылын қаншалықты қолдана білуіне байланысты.
Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Сондай-ақ, «Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде Абай:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым – сол үшеуінің жөнін білмек, – деп, жүректің ақылмен бірге болуына назар аударады. Әлемге танымал ғалым Эйнштейн де: «Дінсіз ғылым соқыр, ғылымсыз дін ақсақ» дейді емес пе. Сондықтан ақыл – адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет деп сипаттай аламыз.
«Ислам – ақыл діні» дегенде оны «ақылмен ойлап табылған дін» деп айтатын болсақ, дұрыс емес.
Ислам діні де ақыл мен сенімді алдыңғы қатарға қояды. Осы екеуі бір-бірінен ажырап қалса, адам толық адам бола алмайды. Яғни, адамның тек ақылмен ғана бір нәрсеге қол жеткізіп, нәтижеге кенелуі қиын. Ислам діні ақыл-ойға жүгінуге шақырады және ақыл-оймен түсінуге басымдық береді. Осы тұрғыдан исламда ақылдың орны мен маңызы ерекше екенін көре аламыз.
Сондай-ақ, «Ислам – ақыл діні» дегенде оны «ақылмен ойлап табылған дін» деп айтатын болсақ, дұрыс емес. Бірақ, егер «ақылмен түсіне алатын және мақұлдай алатын дін» деп айтсақ дұрыс болады. Ақылды біржақты көзқараспен және шектеулі біліммен байлап қоятын болсақ, ақылды өшіріп қою дегенді білдіреді. Сондықтан Құранда «олар өздерінің ақылдарын пайдаланбайды» деген сөздер адамдарға жиі арналып айтылады.
Құранда Алланың адамға берген ең үлкен нығметі болған ақыл туралы 50-ге жуық аяттар бар.
Балғабек МЫРЗАЕВ
Өте жақсы жазылған. Біраз танымды ақпарат алдым. Рахмеет
Керемет! Діннің арқасында көкірегі ояу адамдардың баршасы да көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік алады.