Сұрақ: Ислам әскери жорық арқылы тарады ма?
Жауап: Исламның оппоненттері дінді тек күшпен, қылыштың жүзімен тараған деген пікірді жиі айтады. Олардың басты мақсаты Исламға обьективті баға беру емес, керісінше қалай болса да Исламға қарсы негативті пікір қалыптастыру.
Ислам тарихында діннің бейбіт жолмен, көркем сөз әрі мәміле арқылы да кеңінен таралғаны туралы айғақтайтын ақпараттар көп. Исламның кең таралуына көптеген факторлар әсер етті: пайғамбардың көркем мінезі, мұсылмандардың тұтқындарға құрметі, басқа дін өкілдеріне көрсеткен жақсы мәмілелері, халифтар пен билеушілердің халықпен болған әділ қарым-қатынасы және т.б.
Мысалы, Алланың елшісі (с.ғ.с.) жер бетіндегі адамдардың ең жомарты болған. Көптеген адамдар оның қайырымдылығын көріп дінді қабылдаған. Бұған дәлел ретінде төмендегі бір риуаятты келтіре аламыз.
Бір мүшрик пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп, қайырымдылық жасауын сұрайды. Пайғамбар оған көп қой береді. Әлгі адам еліне оралып: «Уа, халайық! Мұсылман болыңдар! Расында Мұхаммед (қайырымдылықты) жоқшылықтан қорықпай береді», – деп өзінің мұсылман болғанымен қоймай басқаларды да дінге шақырған (Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ