Сұрақ: Ислам адам мүшесін трансплантациялауға рұқсат бере ме?
Жауап: Құдай Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқан, адамның өмірі арнайы мәртебеге ие. Құранда: «…нақақ адамды өлтіруші кісі – барлық адам баласын өлтіргенмен тең. Ал егер біреу бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады», – деп хабар берген (Мәида: 32).
Сол үшін Ислам тікелей адамның өміріне қауіп төнген мәселелерде көптеген жеңілдіктердің есігін ашады. Бұған қоса пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Алланың құлдары, ауырғанда емделіңдер! Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Шипасы жоқ дерт тек – өлім мен кәрілік», – деп денсаулыққа мұқият қарауға шақырады (Ахмад).
Ислам адам өмірін сақтап қалу үшін басқа адамның ағзаларын (бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі және т.б.) трансплантаттауға рұқсат береді. Алайда оның сақталуы міндетті бірқатар белгілі шарттары бар. Ол шарттарды ҚМДБ-ның пәтуә бөлімі сайтынан толығырақ көруге болады.
Мысалы, сол шарттардың кейбірі: Ағзаны ауыстыру науқасты емдейтін жалғыз ғана жол екенін растайтын білікті маманның шешімі; науқас адамды өлімнен арашалау тек трансплантаттау арқылы болатынына дәрігерлердің сенім білдіруі; Ағзасын беретін донордың ағзасын қайтыс болғаннан кейін трансплантаттауға рұқсат беруі; Ағза доноры медициналық әрі діни тұрғыдан да өлді деп жариялануы және т.б.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ