Сұрақ: Ислам адам өмірінің бағасын қалай көтерді?
Жауап: Исламнан бұрынғы жәһилият дәуірінде күштілер әлсіздерді, дәулеттілер кедейлерді жәбірлеп, оларға қалаған малын жасайтын болған. Адам өмірінің титтей да құны жоқ еді. Ислам келіп, Алланың алдында барлық адамның тең екенін айтты. Исламда пенденің Алла тағалаға жақындығының өлшемі дәулет немесе күш емес, керісінше тақуалық пен құдайшылдық. Кім Алладан қорқып, тақуадар болса, сол адам басқаларға қарағанда Аллаға анағұрлым жақынрақ. Сол себепті Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Менен соң бір-бірлеріңді өлтіріп, күпірлікке қайта түспеңдер», – деген (Ахмад).
Пайғамбар (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисте адам өлтіру амалының күпірлік екенін айтса, төмендегі хадисте оның өлшемі жоқ ауыр күнә екенін айтады:
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алланың қасында мұсылманды өлтірудің күнәсі – дүниені жойып жібергеннен де ауыр», – деген (Нисай).
Сол сияқты Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Адамды нақақсыз өлтірме! Расында Адам (пайғамбардың ұлы Қабыл бауыры Абылды) жазықсыз өлтіріп, (жер бетінде) адам өлімі күнәсін бастап кеткені жетіп жатыр», – деп айтқан (Бұхари, Мүслим).
Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұнда Адам пайғамбардың Абыл мен Қабылға қатысты болған қиссасын жер бетіндегі нақақсыз адам өлімінің мысалы ретінде келтіріп отыр: Адам ата ұлдары Қабыл мен Абылға Аллаға арнап құрбандық шалуларын бұйырған болатын. Абыл тақуа – қойшы болса, Қабыл диқаншы еді. Абыл малының ең жақсысын таңдап, қрбандыққа шалады. Ал Қабыл құрбандық үшін өнімінің ең нашарын таңдайды. Алла тағала Абылдың құрбандығын қабыл етеді, бұған Қабылдың қызғаныштан өзегі өртеніп, туған бауыры Абылды өлтіреді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы