Жауап: Ішкілік дерті – дін тұрғысынан да, заң тұрғысынан да ақтап алуға келмейтін тұлғалық құлдыраудың ащы көрінісі. «Мас қылатын нәрсені татудың өзі харам» деген хадисті ұстанатын мұсылман қауымы үшін ішкілік – бар күнәнің бастауы. Ол жөнінде дінімізде ғибратты хикаялар көп кездеседі. Дегенмен, сауал әлеуметтік тұрғыдан қойылғандықтан, яғни сауалда тікелей баланың ата-анаға қатынасы сөз болып отырғандықтан мен осы тараптан – адами қатынастар тұрғысынан пікір қоспақпын.
Әр адам – өз заманының, өз қоғамының перзенті. Адамға ең алдымен адам ретінде қарау керек. Ата-ана болудан бұрын ол ең алдымен – адам, жеке тұлға. Оның да өз тағдыры мен өз қам-қайғысы бар. Ішкілікке салынған сәттері – ол адамның тағдырдың үлкен сындарын көтере алмай, күйреген, әлсіздік танытып, өзін-өзі алдамақ болған, сөйтіп, күнәға да, кінәға да кіріптар болған кездері деп қараған жөн. Бірақ, сол кезең мәңгі жалғаса береді деп үміт үзудің керегі жоқ. Алла тағала көңіліне ақыл салған күні ол да салауатты өмірге қайта оралар. Перзенттің ата-анасына қай кезде де түсіністікпен қарағаны жөн. Адам баласы барлық нәрсеге құқығым бар деп ойламауы керек. Адамның иман дүниесімен шектелген құқықтары болады. Ата-анасын жек көруге ешкімнің құқығы жоқ. Ата-анаға әр уақытта кешірім бар.
Екіншіден, өмірдің бәрін сүріп болғандай, ата-ананың қылығы үшін өз ертеңінен күдер үзудің ешбір жөні жоқ. Және барлық мәселені ата-ананың тәрбиесімен байланыстырып, үзілді-кесілді шектеп қоюға да болмайды. ХІV ғасырда жазылған Гилан шахтың «Қабус-намасында»: «Сен балаңа тәрбие бермесең де, ол ай мен күннен тәрбие алып өсе береді» деген өнегелі сөз бар. Яғни баланың тәрбиесіне тіпті жансыз табиғат та әсер етеді. Өскен ортасы, бауырлары, туған-туыстары, көршілері, тіпті, ауыл-аймағы – бәрі-бәрінің ықпалы зор. Сондықтан ата-ананың кемшіліктері салдарынан ғана адам өміріне үлкен нұқсан келді деп алдағы өмірді торлаған тұман ретінде елестетіп қажеті жоқ. Бұл сайып келгенде, өзін-өзі тәрбиелеуден және жауапкершіліктен қашу деген сөз. Мұндайда өмір тәжірибесі аз балаларға айналасындағы аға буын өкілдерінің көмек қолын созғаны жөн.
Осыдан туындайтын үшінші мәселе – тәрбие жайын сөз еткенде, жауапкершіліктің бір ұшы тағы да өзімізге, әрбірімізге тіреледі. Біз кінәлауға немесе ақыл айтуға емес, тәрбиелеуге асығуымыз қажет. Ал тәрбие дегеннің құрғақ ақыл айту арқылы емес, өз жүріс-тұрысың арқылы берілетінін ұмытпауға тиіспіз. «Бала тәрбиесі бесіктен» болған соң, тәрбие мәселесіне әрбіріміздің жауапты екенімізді сезінуіміз қажет. «Біреудің баласы» деген ұғым болмайды. Біреудің баласы – сіздің балаңыздың ертеңгі досы, жары, ұстазы, әріптесі, бір сөзбен айтқанда, оның тағдырын құраушы жандардың бірі. Сондықтан қазір әсіресе орта буынның тәрбие ісіндегі жауапкершілігін күшейту қажет деген пікірдеміз.