Балғабек МЫРЗАЕВ, Теология ғылымының докторы:
– Ислам атын жамылып жер бетінде халифатын орнатамыз деп жаһанды дүрліктірген «Ислам мемлекеті» жəне «ан-Нусра фронты» ұйымдары елімізде террористік деп танылды. Себебі, оның идеологиясы мен мақсаты Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық келісімдер мен еліміздің заңнамаларына қайшы келеді жəне Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, осы ұйымдардың «әл-Каидамен» байланысы бар екені жəне лаңкестік əрекетерге араласқаны да анықталды. ИШИМ жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған заңсыз қарулы топтар арқылы Ирак жəне Шам елдерінде діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. «Халифатшылардың» ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио жəне видеоматериалдар күн санап көбеюде. Ал енді ИШИМ содырларының ғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қанішерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда мұсылман немесе кəпір деп айырмастан жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады. Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқы жоқ: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер…» (Əнғам: 151).
ИШИМ-діктер – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, əйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету жəне оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар». Сонымен қатар ИШИМ Ирактағы шиит, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық əрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап, қан төгуде. Сондықтан, мүшелері қолына Құран ұстамаған ИШИМ содырлардан құралған лаңкестік ұйымнан басқа ештеңе де емес. Олардың шектен шыққан əрекеттерін, ИШИМ-нің басшысы Əбу Бəкір əл-Бағдади мен оның жақтаушыларын айыптаған мұсылман əлемінің жүз жиырмадан астам белгілі ислам ғұламалары мен мүфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланғаны белгілі.
Ашық хатта ғалымдар содырлардың жасап жатқан əрекеттері мен декларацияларына талдау жасап, олардың ислам ұстанымдарына мүлдем сəйкес келмейтінін баяндайды. Олардың тəубеге келіп, қайырымдылық пен мейірімділік дініне қайтуларын жəне террористік əрекеттерін тоқтатуға шақырады. Мысыр пəтуа шығару басқармасы такфир ағымы деп танылған ИШИМ террористік ұйымының өзін-өзі жарып жіберуге арналған қаруды қолдануына қарсы пəтуа шығарды. Пəтуада: «Мұндай қарулар арнайы жасалады. Бүгінде лаңкестер өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қарудың əйелдерге арналған түрін ойлап шығаруда. Мұндай қару террористік қақтығыстарда өзін-өзі жару үшін жасалған. Қазіргі таңда лаңкестер өзін-өзі жарып жіберу əрекеттерінде əйелдерді құрал етіп алды. Лаңкестер ол үшін алдымен бір əйелді таңдап алып, оның санасына психологиялық шабуыл жасайды. Əлгі əйелге өлім туралы əбден насихат айтылады. Қажет болған жағдайда өзін өлтіруге итермелейтін арнайы миға əсер ететін шөптер ішкізеді. Біршама уақыттан кейін əлгі əйел дайын əскер болып шығады» делінген. Осы əлемдегі беделді ислам елдерінің ғалымдарының ислам атын жамылған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымын айыптағанын ескере отырып, Астана қаласы Есіл аудандық сотының «Ислам мемлекеті» (олардың «ИШИМ», «ИГИЛ» деген де атаулары бар) жəне «ан-Нусра фронты» ұйымдарын террористік деп танып, оның Қазақстанның аумағында қызметіне тыйым салуы дер кезінде қабылданданған шешім екені анық.
Жалғас САНДЫБАЕВ, «Е-Ислам» порталының бас редакторы:
– ИШИМ содырларының тарапынан адамға жасаған айуандық əрекеттерін көрген кейбір ислам ғалымдары оларды Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтып кеткен адасушы хауариждер тобына да жат қызады. Өйткені, олардың киім киістері, адамдардан ерекшелінуі, адамды қойша бауыздаулары, нақты дəлелдерді керек етпестен күмəнға сүйеніп адамның тағдырын шешу, олардағы қатыгездік сияқты т.б. сипаттары пайғамбардың хауариждер туралы айтқан сипаттарымен сəйкес. Сондай-ақ, араларында танымал, мұсылман əлемі мойындаған немесе есімі белгілі пəтуə беріп отырған ғалымдары да жоқ… Ал енді хауариж дегеніміз кімдер? «Хауаридж» араб сөзі – қарсы шығу, бөлініп шығу сияқты мағыналарды қамтиды. Мемлекетте бүлік шығарған саяси-діни топ. Олар мұсылман мемлекетінің үшінші халифасы Осман ибн Аффанды сарайында Құран оқып отырған жерінен өлтірген. Кейін олар төртінші халифа, пайғамбардың күйеу баласы Əли ибн Əбу Талибті де өлтіреді. Пайғамбар харижиттер турасында: «Олар – жаратылыстың ең жаманы» деп айтқан (Мүслимнің риуаяты).
Ермек МҰҚАТАЙ, «Əлжан ана» мешітінің бас имамы:
– Дін атын жамылған трансұлттық сипаттағы террорлық ұйымдар адамзаттың бейбіт өмір сүруіне қатер төндіре бастады. Соның бірі өткен ширек ғасырда ислам дінінің атын жамылған «Əл-Кайда» террорлық ұйымы болса, келесі біреуі 2014 жылы Сирия мен Ирак жерінде пайда болған ИШИМ ұйымы екені əмбеге аян. ИШИМ қандай ерекшелігімен қауіпті дегенге келетін болсақ, бұл ұйымның ұстанымында ислам шариғатына теріс «тағут» жəне «тəкфир» түсініктері бар. Олардың пайымдауынша, «тəкпір» деп үлкен күнə жасаған адамды айтамыз.
Ислам шариғатын басшылыққа алмаған кез келген саяси жүйеге «кəпір» үкімін тағады. Яғни, мемлекеттік конституциялық құрылысы Құран мен сүннеттен тұрмаған əрбір жоғары саяси институт «кəпір» болып табылады. Сондай-ақ, ИШИМ-нің бұл пікірін құптамаған өзге мұсылмандар да «кəпір» саналады. Əлбетте, бұл – асыра сілтеп, шектен шыққандық. ИШИМ террорларының түсінігінше, бұл ұйымға кірмеген жəне олардың шейхтарына мойынсұнбаған əрбір мұсылман «тағут» саналады. Ал, ИШИМ-ге мүше болып, кейін олардан шыққан адам «муртад» (дінін тəрк етуші) болып есептеліп, өз пəтуаларында мұндай қадамға барған адамды өлтіруге рұқсат береді.
Əсілі, «тағут» туралы түсінік уахабилік-салафиттік ілімнің теориясын жазған Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негіз» атты еңбегінде кездеседі. Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб өзінің бұл пікіріне Ибн Таймия жəне Ибн əл-Қайимның шетін көзқарастарын арқау еткен. Ол «тағуттың» бірнеше санаттарын келтіре отырып, оның ішіне зайырлы жүйені де жатқызады. Яғни, Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негізі» бойынша Алланың заңымен құрылмаған əрбір саяси жүйе жəне оның қызметкерлері «тағут» саналады. Олар: «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі адал деген үкім шығарған. Осыған байланысты ИШИМ-нің жетегіндегі жанкештілер өздеріне қосылмаған немесе өздерін құптамаған мұсылмандардың бəрін өлтіруді күнə деп есептемейді. ИШИМ туралы сараптамаларға зер салсақ, бұл ұйымның алдын ала əзірленген жоба екенін аңғарамыз. Өйткені, алдын-ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі əскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса, ислам діні аз таралған елдерден əп-сəтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны əйгілесе керек.
Қазан айының 15-күні Астана қаласының Есіл ауданының соты осы ИШИМ-ді террорлық ұйым деп таныған шешім шығарды. Бұдан кейін ИШИМ-ді құптау немесе оған еру ҚР Қылмыстық кодексінің терроризм бабы бойынша сотталатын болады. Əрине, тек жазалаумен ИШИМ-ді ауыздықтай алмаймыз. ИШИМ идеологиясын түбегейлі жеңу үшін исламның содырлыққа емес, ізгілікке негізделген дін екенін толық сезінуіміз қажет. Ол үшін ҚМДБ имамдары мен өзге де теолог азаматтардың Хақ дінді жан-жақты насихаттауына қолдау білдіруіміз шарт.
Ноян ЖОЯМЕРГЕН