Жауап: Шындап келгенде олардың күшпен басып алып, елді тонап, озбырлық және қорқынышпен ұстап отырған территориясы мемлекетке жатпайды. Олар өз озбырлықтарын заңды етіп көрсету үшін өздерін мемлекет ал басшыларын «халифа» деп жариялаған.
Шын мәнінде олар халифат бола алады ма және басшылары халифа ма? Алдымен мына жайтты айта кетейік. Құран Кәрімде мемлекет билігі міндетті түрде халифат деп аталуы керек деген ешқандай да бұйрық жоқ. Қала берді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менен кейін халифалық отыз жыл ғана жалғасады. Ал одан кейін патшалықтарға айналады», – деген (Әбу Дәуіт, Сунна, 8; Тирмизи, Фитән, 48). Демек нағыз халифалыққа лайық кезең сол алтын ғасырдағы отыз жылдық кезеңмен шектеліп тұр.
ИШИМ-нің өзін халифат деп жариялап өзге мұсылмандарды өзіне бағынуға шақыруы исламның ұстанымдарына да әлемдегі қазіргі жағдайға да мүлдем сәйкес келмейді. Ислам шариғаты бойынша халифа мұсылман үмбетінің бәріне ортақ бір өкіл болып табылады. Сондықтан мұсылман үмбеті келісу арқылы немесе жоғары деңгейдегі мұсылман ғалымдары, мұсылман мемлекеттері немесе үлкен мұсылман қауымдастықтары лайық деп тапқан жағдайда ғана халифалық жайлы сөз қозғауға болады. Демек өте жоғары маңызға ие халифаны күллі мұсылман үмбетінің шынайы жан ашырлары ғана лайық көріп таңдайды. Ондай халифа таңдала қалған жағдайда бүкіл істерін Құран мен сүннеттегі Алланың бұйрықтарына сай, елді шура, яғни мұсылман үмбетінің мәселелерін шешуге лайықты тұлғалардан тұратын кеңес арқылы басқаруы тиіс. Ал құрамында ешқандай ғалымы да жоқ, мұсылман үмбеті түгілі сол аймақта «халифат құрамыз» деп күрес жүргізіп жатқан түрлі топтардың өзі мойындамаған ат төбеліндей ғана содырлардың өздерін халифат деп жариялап, ойларына келгенін жасаулары ислам шариғатының нормаларына мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан ислам құқығында ерекше орны бар халифалықты террористік ұйыммен байланыстыру – Исламға жасалған ауыр қиянат.
Халифалық міндетті атқаратын адамның бойында табылуы қажет кейбір мынадай ерекшеліктерді алға тартқан. Ғалымдар бірауыздан келіскен сипаттарға мұсылман, көркем мінез құлыққа ие, ижтихад жасай алатындай дәрежеде білімді, жауапты міндетті алып жүре алатындай тән және жан саулығына ие, әділ болуы қажет. Ал ұлты араб, құрайыш руынан, әхлі бәйттен, бәйкүнә болу деген сипаттарға қатысты пікірлер біркелкі емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ та өз-өзін халифа жариялап алған Бағдадидің осы сипаттардың көпшілігіне мүлдем лайық емес екені анық көрінеді. Тіпті оның осы бүліктерді шығару үшін арнайы дайындықтан өтіп сол аймаққа жіберілген, сырттан басқарылатын «қуыршақ» тұлға екені де бәріне мәлім ғой. Елді Ислам нәрімен сусындату былай тұрсын, халықтың алдына шығып сөйлеуді де білмейтін Бағдадидің АҚШ түрмесінен қалай оңайлықпен шығып, үлкен күшті басқарып отырғаны бізге ой салу керек. Қазіргі таңда Ирак пен Сириядағы өздерінше жиһад деп жариялап жүрген қантөгісті басқарып жүргендердің кім екеніне қарасақ, мұның Ислам үшін жасалып жатпағанын көреміз. Көптеген сарапшы мамандардың пікірінше оны басқарып отырғандар – Исламның мүддесін мүлдем ойламайтын, Исламға тіптен қатысы жоқ адамдар.
Сонымен қатар, Сириядағы әскери жағдай орын алмағанда қазіргі әлемдік БАҚ әдейі «сүннит-шиит соғысы» ретінде көрсетіп жатқан жағдай болмас еді. Неге десеңіз Хафиз Асад және Башар Асадтың кезінде де Сирияда сунниттік ислам қысым көрген жоқ. Қайта ол жер сунниттік ілімнің кең таралып, осы ғасырдың ең көрнекті ғалымдары шыққан ел еді. Бұл – мұсылмандардың арасына салынған от.Кезінде Ауғанстан соғысы барысында Кеңес Одағына қарсы АҚШ тарапынан құрылып, бақыланатын «әл-Каида» ұйымы соңында көптеген елдердің қолдауы және ақпарат кеңістігінде жүргізіліп жатқан PR-дың нәтижесінде қазіргі ИШИМ-ге айналды. Әрине, әлемдегі қара алтынның ең бай қорына ие Таяу Шығыс елдерінде тыныштықтың орнамауы алпауыт елдер үшін өте тиімді. Бұл соғыс – баяғы капиталистік және социалистік екі блоктың қырғи қабақ соғысының әлі бітпей келе жатқан жалғасы. Сондықтан қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан Сириядағы, Мысырдағы немесе Украинадағы, Шешенстан, Грузиядағы т.б. қақтығыстардың бәрінің астарында осы себептер жатыр. Сылтаулар әр түрлі болғанымен, астарындағы мақсат бір.
ИШИМ – мұсылман үмбетінің арасына арнайы салынған үлкен іріткі, Исламға жағылып жатқан қара күйе. ИШИМ аймақтағы тұрақсыздық мүддесіне жарап отырған елдердің ойыншығы, соғыс отын маздатуға жарап тұрған әншейін бір көсеу ғана. Сондықтан «жиһад» деп сағым қуып кетіп жатқан мұсылман жастарының осы айтылғандардың бәрін ақыл елегінен өткізіп, салқынқандылықпен әрекет етіп, ешкімнің ойыншығына айналмайтындай парасатқа ие болуы қажет. Қазіргі таңда әлемге исламның нағыз адамшылыққа, көркемдікке негізделген шынайы бейнесін көрсете білу – ең ұлық жиһадтың нақ өзі.