Лаунд басынан өткен оқиғасы туралы былай деді:
«Түрмеде біз секілді қамауға алынған жеткіншектердің жалпы саны 150-дей болды. Олардың барлығы ИШИМ-нің Сирияның Алеппо қаласына шабуыл жасағанда, мектептен қайтып келе жатқанда қолға түскен жазықсыз оқушылар.
Түрмеге түсе сала біздерге ИШИМ содырлары Ислам шариғаттары туралы дәрістер өткізе бастады. Оның басым көпшілігі «жихадқа» қатысты тақырып. Ол жерде «жәннатқа кірудің оңай жолы осы жихад» деген насихаттар көп айтылды. Бірнеше дәріс өткеннен кейін емтихан алатын. Онда «жихад дегеніміз не?», «жихадтың үкімі мен түрлері қандай?» сынды сауалдар қойылатын. Сонымен қатар, Құранды қинап жаттатқызатын. Бұған қоса ИШИМ тарапынан ұйымдастырылған атыс-шабысты, адам өлтірген сәттерін, бас кесу, дарға асу сияқты жантүршігерлік бейне роликтерді үздіксіз зорлап көрсететін.
Біз жас балалар болғандықтан күніне 1 сағат доп ойнауға мүмкіндік берілді, ал, түрмедегі үлкен кісілерге күніне 5 минут қана сыртқа шығатын. Тәртіп бұзушыларды азаптау жарты сағатқа дейін созылды. Кейде доп ойнауға алаңға шыққанда ИШИМ бізді қашып кетпесін деген ниетпен белдерімізге жіп байлап қоятын.
Рамазан айы келгенде кейде ауызашарда бір жұтым су ғана беретін, оған риза болмасаң ағашпен сабалап тастайтын. Осындай сұмдықтан көптеген балалар қашуға әрекет жасайтын. Алайда, қашамын деп қолға түскен балдарды аяусыз сабап өлтіргенін көзім көрді, ал кейде тамаққа пышақ басып өлім аузына келгенше азаптайтын.
Маусым айының соңында мен өзімнің сегіз досыммен бірге қашудың жоспарын ойладық. Түн болып, күзеттің барлығы ұйқыға кеткенде терезеден секіріп шығып, жақында орналасқан ғимараттың ішіне жасырынып қалдық. Таң атысымен жергілікті бір отбасыдан қарызға ақша алып, дүңгіршектен үйге телефон шалдық. Үйдегілер дереу айтқан жерімізге көлік жібертіп ИШИМ-ге қарасты бақылау пунктінен аман өтіп, 24 маусым күні үйге аман-есен оралдым».
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы