Табиғин Уаһб бин Мунаббих риуаяты. Бірде Иса пайғамбар (ғ.с.) ел кезіп жолға аттанбақ болып қамданды. Онымен бірге бір яһуди сапарлас болды. Яһудидің дорбасында екі наны бар екен, ал Иса пайғамбар қоржынында бір ғана нан. Пайғамбар оған:
– Жолда азығымызды бөлісіп жеуге қалай қарайсың? – деп еді, яһуди:
–Жарайды, азығымыз ортақ болсын, – деп тең бөлісіп жеуге келісті.
Алайда, пайғамбардың бір ғана наны барын білгенде, қап деп қынжылып қалды. Күні бойы жол жүріп, бір уақыт құлшылық жасауға аялдады. Иса (ғ.с.) намаз оқып тұрғанда яһуди бір нанын білдіртпей жеп, сапардағы жолдасына берген уәдесін бұзды. Құлшылықтан соң дастарқан жайып тамақтанып алмақ болғанда, Иса пайғамбар:
–Тағы бір нан қайда?,-деп сұрады. Ол болса:
–Бұдан басқа наным жоқ,-деді. Екеуі астарын жеп болып қайта жолға шықты. Күн ұясына батып келе жатқанда үлкен ағаштың түбіне келіп жетті. Осы жерде түнеп шығайық деп екеуі сонда жайғасты. Таң атып, екеуі қайта жолға шығып келе жатып қарсы алдарынан көзі соқыр бір бейшараны кезіктірді. Пайғамбар оған: «Сені емдеп, Құдай көз жанарыңды қайтарса, шүкіршілік етесің бе?» -деп сұрады. Иса (ғ.с.) бейшараның көзін ұстап тұрып дұға жасады. Пайғамбар дұғасының берекетімен соқырдың көзі шайдай ашылды. Мұндай ғажайыпты көріп таң-тамаша боп тұрған яһудиге Иса (ғ.с.):
–Мынау адамға көзін қайтарып берген Құдайдың атымен сұраймын, екінші наныңды не істедің?-деді. Яһуди болса:
–Менде тек бір ғана нан болатын,-деп ешбір мойындағысы келмеді. Иса (ғ.с.) үндемеді. Жолаушылап келе жатып жазық далада жайылып жүрген бір үйір киікті көрді. Пайғамбар дұға жасап, бір киік Құдайдың құдіретімен олардың жанына келді. Пайғамбар киікті бауыздап екеуі етке тойып алды. Мұнан кейін пайғамбар (ғ.с.):
–Құдайдың қалауымен қайта тұр,-деп еді киік тіріліп үйіріне қарай қаша жөнелді. Мұндай ғажайыпты көремін деп ойламаған яһуди:
–Уа, Құдай бұл не ғажайып!-деп таңданысын жасыра алмады. Сонда пайғамбар (ғ.с.):
–Бұл ғажайыпты көрсеткен Құдайдың атымен сұраймын, үшінші нанды не істедің?-деді. Яһуди болса:
–Менің тек бір наным ғана болды-деп айтқанынан қайтпады. Қайта жолға шығып, үлкен дарияның жағасына келіп жетті. Арғы бетке өтетін қайық болмаған соң, Иса пайғамбар (ғ.с.) дұға жасап, яһудидің қолынан ұстап, дарияның бетінен кешіп, арғы бетке өтіп кетті. Құдайдың құдіретінде шек жоқ деп таңдай қағып тұрған яһудиге:
–Бұл құдіретті көрсеткен Алланың атымен сұраймын, үшінші нанды қайда жібердің?-деп тағы сынап сұрады. Бірақ, мұншама құдіреттерді өз көзімен көріп келе жатса да, қателестім, кінә менде деп айтқысы келмей:
–Менің бар болғаны бір ғана наным бар еді,-деп тұрып алды. Екеуі қирап жатқан үлкен ауылдың шетіне келіп жеткенде, сол маңайда үлкен алтын үш тас жатқан екен. Иса (ғ.с.):
–Мынау – менікі, анау – сенікі. Ал, үшіншісі – үшінші нан иесінікі,-деді. Сол кезде, алтынға қызыққан яһуди:
–Үшінші нан менікі еді. Сен намаз оқып тұрғанда, оны жеп қойдым,-деп ағынан жарылды. Иса пайғамбар (ғ.с.):
–Олай болса бұл да сенікі деп, сол жерде қош айтысып өз жолымен кетті. Яһуди алтынға қызығып, бірақ ауыр тасты көтеріп кетудің ешбір амалын таппай әбден әбігер болды. Осылай не істерін білмей тұрғанда үш қарақшы келіп бейшараның алтынына көздері түсіп, иемдену үшін өлтіріп тынды. Үшеуінің бірін жақын маңдағы ауылға азық-түлікке жіберді. Алтынды қарауылдап қалған екеуі сөз байласып, сыбайлас серігі келгенде оны өлтіріп алтынды екіге бөліп алуға келісті. Ал, үшінші серігі болса, екеуіне уланған тамақ беріп, бар алтынды жалғыз өзі иеленбек еді. Тамақ алып келген жолдасын екі серігі өлтіріп, шаруаны бітіріп тамақ жеуге кірісті. Уланған асты жеген екеуі сол жерде сеспей қатты.
Иса пайғамбар (ғ.с.) өз хауарилерімен қайтар жолда екі тас алтынның маңайында өліп жатқан төрт мәйітке тап болды. Пайғамбар (ғ.с.) ол төртеуінің оқиғасын айта келіп:
– Қу дүние осындай. Оған қызыққан әр адамның халі осындай болмақ,-деген екен.
Руслан ҚАМБАР