Ирак байланыс министрлігі ұлттық қауіпсіздікке байланысты Telegram қосымшасы ресми бұғатталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
«Telegram-ды бұғаттау туралы шешім ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары органдардың директивасына сәйкес және азаматтардың жеке деректерін қорғау мақсатында қабылданды», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Ирак билігі аталған қосымша деректерді өңдеу тұтастығын бұзатынын, бұл заңға қайшы екенін анықтады. Бұған дейін Ирак БАҚ-ы жеке деректердің ірі базасы сақталған, оның ішінде ел тұрғындарының аттары, мекенжайлары мен туыстық қатынастары бар Telegram арналардың танымал екенін хабарлаған.
Сонымен қатар, министрлік тиісті мемлекеттік мекемелер бірнеше рет Telegram қосымшасын басқаратын компанияға хат жолдап, мемлекеттік мекемелердің ресми мәліметтері мен азаматтардың жеке деректерінің жария болып кетуіне әкелетін платформаларды жабуда серіктес болуды ұсынғанын айтады. Бірақ, компания бұл мәселелердің ешқайсысына жауап бермеген және орындамаған.
Мессенджер жексенбі күні түсте бұғатталып, Бағдад тұрғындары жаңа хабарламаларды аша алмаған. Бірақ, VPN арқылы қосылатын қолданушылар қосымшаны бұрынғыша пайдаланып отыр.
NetBlocks қызметі 6 тамыздан бастап Telegram хат алмасу платформасы елдің Ирак Күрдістан автономды ауданынан басқа басым бөлігінде шектелгенін растады.
Telegram Иракта өте танымал. Тұрғындар қосымшаны хат және контент алмасу үшін және жаңалықтар дереккөзі ретінде пайдаланады. Сонымен қатар, мессенджерді қарулы топтармен және ираншыл саяси партиялармен байланысы бар топтар үгіт-насихат үшін пайдаланады, деп атап өтеді The New Arab газеті.
Ирактың бұрынғы премьер-министрі Нури әл-Малики Telegram-ға тыйым салынғанына наразылығын білдіріп, үкімет күш көрсету мен жек көруді насихаттайтын платформаларға назар аударуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Ирактың Shafaq News агенттігі.
Бұған дейін Telegram басқа елдерде де бұғатталды. Мәселен, сәуірде қосымша платформада жұмыс істеп отырған неонацистік топтар туралы ақпарат бермегені үшін Бразилияда шектелді. Екі күннен кейін шешім апелляциялық тәртіппен алынып тасталды.