Ирак премьер-министріне қарулы әуе көлігімен шабуыл жасалды, деп TRT агенттігі хабарлайды.
Ирак премьер-министрі Мұстафа әл-Казымидің резиденциясына қарулы пилотсыз әуе көлігімен шабуыл жасалды. Ирак қауіпсіздік ақпарат көздері Казымидің жарақат алмай құтылғанын хабарлады.
Ирак үкіметіне қарасты қауіпсіздік медиа желісінен жасалған мәлімдемеде Казымидің Бағдаттағы дипломатиялық «жасыл аймақтағы» резиденциясына «қарулы дронмен» шабуыл жасалғаны, премьер-министрдің шабуылдан жарақат алмай аман қалғаны білдірілді.
Мәлімдемеде аймақтағы қауіпсіздік күштерінің сақтық шараларын жалғастырғаны атап көрсетілді.
Ирак премьер-министрі Твиттердегі аккаунтынан жасаған хабарламада «Мен жақсымын, отбасыммен біргемін. Мен баршаны сабыр сақтап, тыныштыққа шақырамын» деді.
Иранға жақын «Фатх» коалициясы мен шиит Хашди-Шабидің жақтастары 10 қазандағы сайлау нәтижелеріне наразылық білдіріп, дипломатиялық «жасыл аймақ» алдындағы отырыс шеруін жалғастыруда. 5 қараша жұма күні демонстранттар мен қауіпсіздік күштері арасында шыққан қақтығыста қауіпсіздік күштері атқан оқ салдарынан 1 демонстрант қаза тапқан еді.
Осыдан кейін шиеленіс күшейген оқиға орнына барған шиіттердің қарулы күші «Асайиб Элилхак» қозғалысы жетекшісі Кайс Хазали Казымиді нысанаға алған мәлімдемелер жасаған болатын.
Хазалиге қоса, «Фатх» коалициясы жетекшісі Хади Амири мен шиит қарулы күштерінің бірі «Әбу Ала әл-Велайи» болса Казыми мен үкіметті қатаң сынға алды. Амири демонстранттың өлтірілуінің жазасыз қалмайтынын мәлімдеген еді.