Жалпы, діни ілімге ақпарат ретінде қарауға болмайды. Ислам дегеніміз – ізгі ілім, мәңгілік сарқылмайтын қазына, шалқар дария. Қазіргі таңда көптеген жастарымыз базалық білім мен ақпараттың орнын алмастырып алған, соның нәтижесінде қоғамда кейбір түсінбеушіліктер туындауда.Базалық білім дегеніміз – кезеңдік, сатылы білім алу жүйесі. Яғни, бастауыш білім – орта білімнің, орта білім – жоғары білімнің, жоғары білім ғылыми ізденістің базасы болады. Сол секілді, шариғатты тереңірек біліп-тану үшін интернеттен алған ақпарат жеткіліксіз. Дін іліміне терең бойлағысы келген адам міндетті түрде ұстаздың алдында отырып, дәріс тыңдап, оны қағазға жазып, көкейге тоқуы керек. Бұл белгілі бір жүйеге негізделуі тиіс. Құран кәрімнің алғашқы аятының өзі пайғамбарымызға «оқы!» деп түскен. Өз кезегінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Білімді жазу, сызу арқылы байлаңыздар»деген хадисі еске түседі. Сол үшін ғылым мен технология қаншалықты дамыса да, сандық технология басым болса да, адамзат өмірі үшін қаламсаптың маңызы еш уақытта жоғалмайды. Шын дін ілімін тереңдеп оқуды қалаған адам сол ілімді тер төгіп, жазып-сызбай үлкен жетістікке жете алмайды дегім келеді. Сол үшін менің қағидам – «Ұстазымыз – ғаламтор емес, ҚМДБ-ның білікті имамдары болсын!»