Бұған дейін Ингушетияда көтерілген есірткі саудасымен айналысатын адамдарды мешіт жамағатынан шығарып тастау туралы бастаманы республика басшысы Махмуд-Әли Калиматов та қолдады. Есірткіні пайдалану және оны сату – Исламда харам.
Мұндай қоғамдық жазалау түрін қолдану ел астанасы Назраньда өткен дін мамандарының жиналысында ұсынылған болатын. Оған елдегі есірткі пайдалану көрсеткіштерінің өсуі себеп болған.
Статистика мәліметтеріне қарағанда, кішігірім республиканың өзінде 1600-дей адам есірткіге тәуелділікпен есепте тұр. Мұсылман елі болғандықтан, көп адамдар өз туыстарының есірткі пайдаланатынын жұрттан жасырын ұстайды. Сондықтан нашақорлыққа салынған тұрғындардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал.
Есірткі саудасымен айналысатындарды мешіт жамағатынан шығарудың мәні мынада: сол адамдардың, олардың туыстарының, тіпті алыс туыстарының той, жаназа секілді рәсімдеріне мешіт имамдары мүлдем бармайды. Ел басшысы Калиматов осындай харам саудамен айналысатындармен барлық байланысты үзуге шақырды.
Оның айтуынша, ол адамдардың үйлеріндегі тағамдар мен сусындарды да тұтынуға болмайды, өйткені, олар есірткі сатудан түскен арам ақшаға сатып алынған болуы мүмкін.
Республика басшысы өз сөзінде аймақтағы есірткі саудасына нүкте қою үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.