Ислам каллиграфиясының, яғни құсни жазудың шебері Анил Кумар Чоухан индуизм дінін ұстанады. Алайда, оның сенімі 30 жылдан бері мешіттердің қабырғаларына қасиетті Құран аяттарын жазумен айналысуына кедергі болған емес.
Үндістандағы Хайдарадаб қаласының 50 жастағы тумасы бала кезінен сурет салуды жақсы көрген. Кейін ол каллиграфиялық жазуға машықтанып, жергілікті дүкендердің маңдайша атауларын жазумен айналыса бастайды.
“Мен кедей индуистер отбасынан шыққан адаммын. 10-сыныптан кейін отбасыма көмектесу үшін мектепті тастап, жұмыс істеуге кірістім. Бала күнімнен суретті жақсы салатын едім, сосын неге осы мүмкіндігімді қаражат табуға жұмсамасқа деген ой келді”, – дейді Чоухан.
Ол арабша құсни жазуды өз бетінше меңгеріп, мешіттерден тапсырыстар ала бастайды. 30 жылдан бері Алла үйлерінің қабырғаларына, ішкі интерьерлеріне Құран аяттары мен Алланың көркем есімдерін жазып келеді.
90-жылдары ол өмірінде тұңғыш рет үлкен тапсырыс алып, Хайдарабадтағы атақты Нұр мешітін құсни жазумен әрлеуге атсалысты. Сол кезде ол мешіттерді көркемдеу – өзіне жүктелген борыш екенін түсінгенін айтады.
“Мен 100 мешіттен ақша алсам, тағы 100 мешітке тегін қызмет көрсетемін. Осы қасиетті орындармен арамызда бір рухани байланыс бар екенін сеземін, сондықтан ақша алмаймын”, – дейді айына орташа есеппен 350 доллар қаражат табатын Чойхан.