Әлем жұртшылығын жұқпалы дерт алаңдатып отыр. Осыдан соң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрткүл дүниеге тараған дертті пандемия деп жариялады. Вирусты жұқтырған адамдар санының артуына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Қазіргі таңда әрбір тұлға елдің қауіпсіздігі үшін жасалып отырған сақтық шараларын сақтаудың маңызына мән беруі тиіс.
Исламда іс-әрекетімен де, тілімен де ешкімге зарар бермеу жөнінде айтылады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – деген. Демек ел ішінде орын алған жағдайға түсіністікпен қарау, адамгершілік таныту мүміннің сипаттарынан.
Әркім өзінің және қоршаған ортаның тазалығына мән берсе, қоғамда келеңсіз іс-әрекеттер орын алмас еді. «Тазалық – иманның жартысы» деп пайғамбар бекер өсиет еткен жоқ!
Қазір көше тазалығына құрмет танытатындар кемде-кем. Мерекелік шаралардан кейін көшелерде қаптаған қоқыс жатады. Аялдамада тұрғанның өзінде әлдебір нәрсенің босаған қалдығын қоқыс жәшігіне тастауға ерініп, көшеге лақтыра салатындар да бар. Мұның бәрі қоршаған ортаға деген құрметсіздік. Сол жердің ауасын жұтып, суын ішіп тұрып, әдепсіздік таныту, бұл мәдениет емес. Қазақ халқында «Су ішкен құдығыңа түкірме!» деген мағыналы сөз бар.
Яғни, айналаның тазалығы қоғамдық жұмысқа жегілгендердің ғана еншісінде емес, әрбір азаматтың мойнындағы жауапкершілік болып табылады. Себебі Ислам – тазалық діні. Біздің өмірімізде тазалықтың артықшылығы өте көп.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар»,-деген.
Ал Алла Тағала Құран Кәрімде құлдарына: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді» деп ескертеді («Бақара» сүресі, 222-аят).
Жалпы дінімізде харам етілген нәрселер санаулы ғана. Сол тыйым салынған нәрселерден аулақ болғанда, ішкен-жегініміз адал болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тамақтың берекеті – тамақ ішердің алдында және тамақ ішіп болғаннан кейін қол жуу», – деген. Демек біздің ішер асымыздың өзі тазалыққа байланысты.
Елді сабырға шақыру маңызды
Адамзат баласын асқан мейірімділікпен жаратқан Алла Тағала құлдарының да қоғам ішінде бірлесіп, ынтымақта өмір сүруін құптайды.
Сауапқа толы амалдар жасауын және көпшілдік қасиет танытуын қалайды. Сол себепті де Құран Кәрімде «Хижр» сүресі, 88-аятында: «Мұсылмандарға қанатыңды жай»,– делінген.
Дініміз адамдарға қандай да бір қайғы-пәлекет келгенде олардың дерттеріне ортақ болуларын әмір етеді. Алпауыт елдерді алаңдатқан дерт елге енді. Бізге не қажет? Бір-бірімізге қолдау білдіру, елді сабырға шақыру маңызды болып отыр. Халықтың үрейі басым. Оны еліміздегі сауда орындарына ағылған жұртшылыққа қарап байқауға болады.
Сондықтан да ел ішінде алып-қашпа сөздің өршуіне емес, көңілде сенім орнауына күш жұмсау керек. Медицина мамандары да қырағылық танытып, жұмысына ат-үсті қарамай, халыққа дер кезінде көмек берсе, бұл дерт те артқа шегінеді деген үміттеміз.
Ғасыр мен тарих қойнауында аштық та, соғыс та, індет те орын алды. Дүние дүрбелеңі бізге қазір ғана келмеді. Тіпті пайғамбар дәуірінде тараған індеттен көз жұмғандар болды. Алла елшісі маңайындағы барша адамға ерекше мән беретін болған. Дерттеріне ортақ болып, ауруларын емдеуге күш салатын.
Біреудің бір жері ауырғанда немесе жараланғанда Мұхаммед пайғамбар куәлік ететін (сұқ) саусағын топыраққа тигізіп қайта көтеріп: «Алланың атымен! Бұл арамыздағы біреудің түкірігімен араласқан, жұртымыздың топырағы. Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипасы тиер», – деп дұға ететін болған.
Бүгін жұма… Бүгін дұға…
Бүгін жұма… Бірақ елімізде жұма намазы жамағатпен оқылмайды. Бұл да – ел басына келген сынақ. Індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты ҚМДБ ғұламалары кеңесі пәтуа шығарды:
Біріншіден, мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.
Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.
Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі,қырқы, жылы т.б дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.
Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топппен өткізген дұрыс.
Мұсылман әрдайым көркем сабырға ие. Мұсылман үшін әр нәрсе хайыр бар. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі жұма намазы мен бес уақыт намазды мешітте жамағатпен оқуды уақытша тоқтатуға бір ауыздан ешім шығарды.
Пәтуаны шығарғанда да халықтың амандығы мен денсаулығына пайдалы жағын ескерді. Адамдарға зиян тиюі мүмкін болғандықтан жұма намазды мешітте емес, әркім өз үйінде бесін намазын оқығанды дұрыс деп тапты. Тек елімізде ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Иран, Сауд Арабия, Кувейт, Мысыр, Йордания, Палестина, Марокка, Малайзия елдерінде де осындай шешім қабылданып, жұма намазы уақытша тоқтатылды.
Біз үшін де адамдарға қиындық туындатпау әрі адам өміріне қауіпті індеттің таралуынан сақтану үшін мешітке жиналуды уақытша тоқтату қажеттілік болып отыр.
Бір күні Мұса (а.с.): «Уа, Раббым! Сені қай жерден іздейін?» – деп жалбарынады. Сонда Алла Тағала: «Мені көңілі жабырқаулардың жанынан ізде», – деп жауап береді. Алланың разылығын іздеген адам қайғы-қасіреттің маңынан табылуы тиіс. Қара бастың емес, көптің тілеуіне болысу адамдар арасында жақсылықтың жалғасуына себепші болады.
Сәри Сәқати ғұлама бір күні дәрісте шәкірттеріне: «Мүміндердің дерттерін өзіне дерт етпеген олардан емес»,- деген хадис-шәріпке түсініктеме беріп жатқанда, бір шәкірті кіріп: «Ұстазым, күллі махалла өртеніп кетті. Тек сіздің үй аман қалды», – дейді. Ұстаз: «Құдайға шүкір!» – деп қалады. Сол оқиғадан соң отыз жыл өткеннен кейін бір қадірлі досына: «Мен сол күні «Құдайға шүкір!» деп едім. Өзімді ғана ойлап, өзгелердің қайғысынан бойымды аулақ ұстадым. Сол кездегі ғапылдығыма отыз жылдан бері тәубе етіп жүрмін», – деген екен.
Алла Тағала бізді бейқамдықтан, ғапылдықтан сақтасын. Ауырған жандарға дұғамызбен тілекші болайық. Ел болып бұл індеттен аман шығуымызды Алла нәсіп етсін!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы