Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан елімізде жарияланған төтенше жағдайды және жұқпалы індеттің таралу қаупі жоғары екенін назарға алып жұма намазын уақытша тоқтата тұру туралы пәтуа шығарды. Дегенмен әлеуметтік желілерде қазіргі жағдайға қарамастан, Маңғыстау облысының Жаңаөзендік азаматтары мешіт маңына жиналып, намаз оқу үшін ішке кіргізуді талап еткен видеосы таралды.
Бейнетүсірілімде бірнеше азамат бетперде таққан әкімдік қызметкерінен өздерін мешітке кіргізіп, жамағатпен бірге намаз оқып шығуға рұқсат беруді талап етеді.
Оқи отырыңыз: Жұма намазына коронавирус себебінен бармасам бола ма?
Алайда, әкімдік қызметкері азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елде төтенше жағдай жарияланғанын, соған сәйкес адамдардың топтасып құлшылық жасауға болмайтынын түсіндіруге тырысқаны байқалады. Алайда азаматтардың бұл уәжге құлақ асар түрі көрінбеді.
Осы жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып, даттап та, жақтап та жатқандар аз болмады. Сондықтан портал тілшісі дін ғалымдарының пікірін сұрады.
Теолог Балғабек Мырзаев вирустың өршуіне байланысты Араб елдері, Орта Азия мемлекеттері, басқа да мұсылман мемлекеттерде де мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқу уақытша тоқтатылғанын еске салып, мешітке кіргізуді талап ету фитна екенін жеткізді:
Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Мұхаммед әл-Исса пандемия асқан сақтықты қажет ететінін, сондықтан жамағаттың жиналуына жол беруге болмайтынын қаперге салды. Меккеде Каабада жамағатқа құлшылық жасауға рұқсат жоқ.
Тіпті, күнде бес уақыт шақырылатын Азанның мәтініне өзгеріс енгізіліп, «намазды үйлеріңізде оқыңыздар» деген сөйлем қосылып шақырылып жатыр.
Осыған қарамастан кейбір өздерін тақуа мұсылман санайтын азаматтар жұма күні мешітке барып жамағатпен намаз оқимыз деп қиғылық салып жатқанын әлеуметтік желіліерден көріп жатырмыз. Бір аз ғана топтың болмайтын жерде шу шығаруы, өкінішке орай, қоғамның ашуын тудырып, мұсылмандардың атына сөз тиіп жатыр. Бірдің кесірі мыңға тиеді деген сөз осыларға арнап айтылса керек. Не заңға бағынғысы келмейді, не имамды тыңдағысы келмейді. Мұндайлар қоғамға іріткі салып, фитна шығарып отыр.
Мұсылман адам ең алдымен тәртіпке бас июі керек. Бүлік шығару — адам өлтіргеннен де ауыр күнә. Әйтпесе, ислам құқығығында жұма намаздың қандай шарттарда парыз болатыны, қажетті жағдайларда жұма намазына бармауға болатын шарттар белгіленген — деді теолог.
Сондай-ақ Балғабек Әбдіқайымұлы көпшілік орында құлшылық жасауға болмайтын негізгі себептердің бірін атап кетті:
Шариғат рұқсат берген үкімдер тұрған кезде мешіттің алдына жиналып, намаз оқимыз есікті аш деп бүлік шығару тым артық. Дұға мұсылманның қаруы, дегенмен Алла сақтанғанды сақтайды.
Әйтпесе, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіз бір жерде жұқпалы ауру пайда болғанын естіген болсаңыз, ол жақа бармаңыз. Егер жұқпалы ауру сіздің тұрған жеріңізде пайда болса, онда ол жерден кетпеңіз (Бухари, Тыб 30; Муслим, Салам 100)» — деп бұйырмаған болар еді.
Жұма намазы парыз болған адамдарға жұма намазына бармауына рұқсат берілетін дәлелді себептер бар екені белгілі. Сол негізгі дәлелді себептердің бірі, «адам егер ол жұма намазына барған жағдайда оның мүлкіне, өміріне немесе абыройына қауіп төнеді деп алаңдауға тұратын уайымның болуы» деп есептеледі.
Коронавирус ауруының таралуы адам өміріне қауіпті екенін көріп отырмыз. Сондықтан, жұма намазының орнына үйде бесін намазын оқуға дәлелді себеп ретінде қарастырылады.
Ал дінтанушы Асылбек Снадин бұған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ықпалының осалдығын көрсетіп отыр деп есептейтінін жеткізді.
— Дәл мұндай оқиғалардың орын алуы әрине, өкінішті. Азаматтарымыздың қоғамдық жауапкершілікке немқұрайлы қарайтыны және діни эмоциялық көңіл күйлерінің осындай агрессивті болуының өзі де көңілге қаяу салады.
Біріншіден, бұл оқиға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының осалдығын көрсетіп отыр деп ойлаймын. Мәселен ҚР барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай енгізілуіне байланысты ресми мүфтият үндеу жариялап сақтық шаралары туралы айтты, жұма намазына мешіттерде жиналуға тыйым салды.
Алайда көріп отырғанымыздай, ресми діни басқарманың ережелеріне бағынбай, діни көзқарастарын бөліспей, өмір сүретін жамағаттар бар екен. Және олар өздерінің осы әрекеттерімен ҚМДБ қызметін толық дискредитациялап отыр — деді дінтанушы.
ҚМДБ Баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қонарбайдың Azattyq Rýhy порталының тілшісіне берген пікірінде, бұл жағдайдан Мұсылмандар басқармасының хабары барын, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.
«Бұл оқиға бүгін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қалалық мешітінде болған. Жергілікті жамағат жұма намазын оқуды өтінген. Имамдар жамағатқа жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оларға елдегі төтенше жағдайға байланысты ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шығарған пәтуасын жан-жақты түсіндіріп берді.
Мақсат – халық денсаулығын сақтау және жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу. Жамағат ішіндегі ақсақалдар өз қателіктерін түсініп, жастарды бүлік шығармауға шақыруда. Түсіндіру жұмыстары тұрақты жүзеге асуда», – деді ҚМДБ Баспасөз қызметінің жетекшісі.
Көп ұзамай сол жиынға қатысқан азаматтардың бірі видеоүндеу жазып, халықтан кешірім сұрады. Ол бұл әрекеттерінің қате екенін айтады.
Жалпы қазіргі жағдайға байланысты, жұма намазының мешітте оқылмауына ғалым да, дінбасылар да бірден қолдау танытты. Басты міндет — деннің саулығы мен жамағаттың амандығы. Бұл — дінге қарсылық емес, денсаулыққа қатысты амалсыз қолданылған мемлекеттік шара. Ендеше елдегі барлық азамат та бұл талапқа мойынсұнуы тиіс.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 57-ге жетіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында – 31, Алматыда – 23, Қарағандыда – 2, Алматы облысында – 1 жағдай тіркелген. Соңғы тіркелген екі азаматтың біреуі ауыр халде жатыр.