Бүгін, 1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесіне орай ҚМДБ бастамасымен еліміздегі мешіттерде «Имани жаз 2022» жазғы сауат ашу курстары өз жұмысын бастады.
Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында биылғы жылы ел бойынша 50 000-ға жуық оқушы Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындамақ.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, «Имани жаз 2022» жазғы сауат ашу курсының ашылу салтанатына қатысып: «Бұл бастаманың басты мақсаты – жасөспірімдерді отаншыл болуға, ата-ананы қадірлеуге баулып, тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялату. Иманды адам қашан да қоғамға шарапатын тигізбек» деп атап өтті.
Жазғы сауат ашу курсына қабылданған Нұрболат есімді балақайдың Құран оқуымен ашылған салтанатты шара аясында Наурызбай қажы Тағанұлы бүлдіршінді мерекемен құттықтап, ақ тілегін білдірді. «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсының маңыздылығына тоқталып, жас жеткіншектердің мешіт қабырғасында діни білім ғана емес, әдеп-тәрбие дәрістері, бала санасын дамытуға арналған түрлі ойындар, имандылық, салт-дәстүр сабақтарына қатысып, жан-жақты дами түсетінін жеткізді.
Мерекелік шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Иманәліұлы да арнайы қатысып, жазғы сауат ашу курсының жаңа тәрбиеленушілеріне құттықтау лебізін білдірді. Айта кетейік, биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Имани жаз» курсына 500 оқушы қабылданып отыр.
Шара аясында мешіт бас имамы Ерболат Жүсіпов жазғы сауат ашу курсының оқу бағдарламасымен таныстырып, «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі» және «Тәрбие дәрістері» кітапшаларын табыстады.
Балалар күніне орайластырылған «Имани жаз 2022» жобасы бұдан әрі мешіт ауласында мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы батут құрылып, балдырғандарға тегін балмұздақ таратылды. Бұған қоса, арнайы киімдегі аюлар да бүлдіршіндерді мерекені ұмытпастай өткізуге өз үлестерін қосты.